Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Журналист Маңғыстау облысының әкіміне бірнеше сұрақ қойды

01.11.2023, 10:15 308

Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаевқа!

Құрметті Нұрлан Асқарұлы!

Маңғыстау облысы Ақтау қаласына спорттық мектеп-интернат-колледжі қашан салынады? Маңғыстаулық жаттықтырушылармен спортшылардың күткеніне 31 жыл болды. Тағы қанша жыл күтеміз?

Маңғыстаудың ұл-қыздары Олимпиадалық резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне қашан оқиды?

Облыс пен қала және аудан әкімдері: «Әлем және Азия чемпионы атанған спортшыға бір жапырақ алғыс хатпен шығарып салады». Одан қалса, Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері біраз жылдан бері «Жас Қанат» спорт кешенінің екінші этажында жұмыс істейді. Астыңғы этажында балаларға арналған футбол, таеквондо, күрес, бокс үйірмесі және «Каспий» футбол клубы бар. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев облыстық спорт басқармасына екі этаждық офис қашан салып береді?

Үш апта бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдап, спортшыларды құттықтады. Президент спортшылардың резервін даярлау мәселесіне арнайы тоқталып, Үкімет пен әкімдерге дарынды әрі болашағынан зор үміт күттіретін атлеттерге қолайлы жағдай жасауға тиіс екенін айтты.

Қытайда өткен ХІХ Азия ойындарында қазақстандық 527 атлет 30 спорт түрінен ел намысын қорғап, 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль иеленді. Құрылық біріншілігіне Маңғыстау облысынан 11 спортшы 8 түрінен қатысып, Бибісара Асаубаева ғана қола медаль алды. Ол шахматтан Қазақстан әйелдер құрама сапында Жансая Әбдімәлік, Алуа Нұрманова, Меруерт Камалиденова, Динара Сәдуақасовамен өнер көрсетіп, Өзбекстан құрамасын 3:1 есебімен жеңіп, үшінші орынға ие болды. Бұл жақсы көрсеткіш дей алмаймын.

Ал қазақ күрестен әлем және Азия чемпионы, белбеу күресінен әлем чемпионы Нұрдәулет Жарылғапов, джиу-джитсудан әлем және екі дүркін Азия чемпионы,Тұңғыш Азия ойындарының жеңімпазы Дархан Нортаев пен шахматтан екі дүркін әлем және Азия чемпионы Бибісара Асаубаева ел үмітін ақтамады. Қос-қостап әлем және Азия чемпионы атанған Маңғыстаудың жұлдызды спортшылары Аспан асты елінде неге алтын медаль ала алмады?

Маңғыстау облысының спорт басқармасына жылына 8 миллиард теңге бөлінеді. Тоғыз ай қалған Париж олимпиадасына Маңғыстаудан бірде-бір спортшы әлі күнге дейін лицензия алмаған. Сонда Басқарма басшысы мен Федерация президенттері ай қарап отыр ма? Бір кездері боксшы Әділбек Ниязымбетов екі мәрте Олимпиадаға қатысып, екі рет күміс медаль алған еді. Карьерасын аяқтаған Ниязымбетовке боксқа қайтадан кел дейміз бе? Не істеміз?

Айбек МҰХАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Маңғыстау облысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: