Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жолдың жағдайы қызметінен босатты

20.04.2021, 9:55 421

HALYQLINE.KZ

«Жол мұраты – жету» дейді қазақ. Жасыратыны жоқ, елімізде жөнді жолы жоқ елді мекендер, тіпті аудан орталықтары әлі де бар. Оны айтасыз, бюджеттің қыруар қаржысына жаңадан салынған жолдың жағдайы да мәз емес, бүгін бар да ертең ойқы-шойқысы шығып жатқанына талай көз куә. Айтылуының да, жазылуының да кемі жоқ. Әйтсе де, сол жаңадан салынып жатқан жолдарға бас-көз болған мердігер-серіктестік жетекшілерінің жауапсыздығы ма, әлде қайдан құлақ шығарам деген қазаншының (тендер бөлуші мекемелердің) еркіндегі дүние ме, әйтеуір осы жолдың жағдайы жақсарғаны некен-саяқ. Бұл мәселе мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының да көңілін көншітпей келеді. Қайбір күні қатты айтты. Ал бүгін сөзден іске көшіп, бірнеше лауазым иесін тақтан тайдырды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында ақпарат қалдырды.

Оның сөзінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша республикалық және жергілікті жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарын ретке келтіру жалғасып жатыр. Осы саладағы жұмыстарды және бақылауды босаңсытып алғаны үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы С.Бармақов, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдерінің орынбасарлары Т.Шәкімов, И.Турков және Н.Қалауовтар қызметінен босатылды.

«Үкімет, әкімдер, құқық қорғау органдары бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуының алдын алу, жол құрылысы саласындағы келеңсіздіктерді жою үшін шаралар қабылдап жатыр» делінген ақпаратта.

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: