Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жетінші жүздесуде не айтылды?

18.11.2022, 11:50 120

HALYQLINE.KZ

Украина аумағын Ресей 15 қараша күні зымыран соққысының астына алды. Ресми ақпарат бойынша 106 зымыран атылған, оның 91-ін украин әуе қорғаныс жүйелері қағып салған. Ресей зымыранды ату күні мен уақытын нақты белгілеген. Бұл Балиде өтіп жатқан G20 саммиті қарсаңында болды. Әлем лидерлері Ресейді айыптай сөйледі, ал дәстүрлі топтық суретке түсу рәсімі Ресей делегациясының саммитке қатысуына байланысты болмады. Лидерлер Ресей делегациясымен бір суретте болуды қаламады.

Ресей билігі дәл осылай болатынын білді. Батыстық БАҚ әлем лидерлері Ресей делегациясымен суретке түспейтінін алдын ала мақала етіп жазған еді. Дәл осы күні Ресей өз позициясын нақты көрсетіп, әлемге қырын қарайтынын аңғарту үшін Украина жерін зымыран астына алу жоспарын бірнеше апта бойы дайындаған-ды. Бұл саммиттегі Ресейді төмендету әрекеттері мен Херсоннан айырылып қалғанына байланысты жауап болуы тиіс еді. Ресей аудиториясының қыжылын Украина инфрақұрылымдарын атқылау арқылы басу да маңызды болатын. Себебі Херсоннан шегініс жасау арқылы Ресей билігінің рейтингі төмендеді, халықтың әскерге деген сенім капиталы сарқыла бастады.

Украина аумағын зымыранмен атқылап, жарық пен жылу жүйелерін істен шығарған Ресейдің әрекетін Батыс елдері айыптай сөйлеп, Украинаға әуе қорғаныс жүйелерін көбірек беруге шақырды. Бұл Польша аумағына екі зымыран түсіп, бейбіт тұрғындардың қаза табу оқиғасымен де байланысты болатын. Батыс елдері Украинада қуатты әуе қорғаныс жүйелері болса, онда НАТО-ның шығыс бөлігінде болуы ықтимал оқыс оқиғалар саны да азаяды деп санайды. Осыған дейін Молдова аумағына Ресей зымыраны түскен еді, күні кеше Польша аумағына зымыран түсті. Оқыс оқиғалар жиілігі артуда, бұл Ресей мен НАТО-ның тікелей қақтығысын туындатуы мүмкін. Сондықтан Украинаны және НАТО-ның шығыс бөлігін қуатты әуе қорғаныс жүйесімен қамтамасыз ету маңызды.

Украинаға қару беріп, әскери көмек көрсету бойынша құрылған «Рамштайн» форматы жалғасын табуда. 16 қараша күні Рамштайнда жетінші онлайн жүздесу болды. Бұл кездесудің негізгі тақырыбы Украина әуе кеңістігін қорғауды күшейтуге арналды. Алты мемлекет Киевке әуе кеңістігін қорғау бойынша көмек қолын созатынын нақты айтты.

Кездесуді АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин ашты. «Мен Украинаға әскери көмек пакетін жариялап, 287 млн доллар көлеміндегі қару-жарақты Киевке беруге шешім қабылдаған Швецияға алғыс айтқым келеді. Бұл әскери көмекке Ресейдің агрессиялық шабуылынан қорғануды арттыратын әуе қорғаныс жүйелері де кіреді», – деді Остин.

Сонымен қатар кездесу барысында Испания Hawk кешені мен оған арналған зымырандарды беретінін жариялады. Ал Канада Украина әскері қыста әскери қимылдарды жалғастыра алуы үшін 500 млн доллар бөлетінін жариялады.

«Германия артиллерия мен зымыран кешендеріне снарядтар, зымырандар беруді жалғастыратынын айтты. Бұл өте маңызды. Ал Грекия 155 мм калибрлі снарядтарды көп көлемде жеткізуге уәде етті», – деді Пентагон басшысы. Польша да өз кезегінде танкке қарсы қорғаныс жүйелері, әуе қорғаныс кешенін беруге келісті.

Украина қорғаныс министрі Алексей Резников Украина әуесін қорғау маңызды екенін айтып, қорғаныс жүйелерінің санын арттыру керектігін меңзеді. «Украина әуе кеңістігін қорғау – қазіргі таңда біздің басты мақсатымыз, Рамштайн-7 кездесуінің де басты тақырыбы осы. Біз өз серіктестерімізбен бұл мәселені шешуге дайындалып жатырмыз. Қысқы әскери қимылдар мен ұрысқа да дайындық қызу түрде жүруде», – деді Резников.

Асхат  Қасенғали,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: