Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖЕРІМІЗ ҚАЗЫНАҒА ТОЛЫ бірақ кедейлікті жеңе алмай келеміз

08.12.2022, 12:20 164

Соңғы жылдары еліміздің экономикалық өрісі түзу сызық бойынша өрлеп келеді деген­ді жиі айтып келдік. Алайда, әлеуметтік, экономикалық қиындықтар барын, жұмыс­сыздық пен қымбатшылық жайлағанын, әзірге мұнай мен газ қорының арқасында ғана күн көріп отырғанын да жасыра алмаймыз. Бүгінгі күні жерасты байлығын сыртқа шығару есебінен түскен пайда мен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық өмір сүру сапасы бір-біріне сай келмейді. Оны кешегі «қаңтар оқиғасы» да ашық көрсетіп берді. Содан  бері еліміз әділетті қоғамға қарай қадам басып жатыр ғой, дегенмен ахуал анау айтқандай мәз емес. Қысқа қайырғанда, жеріміз қазынаға толы, бірақ кедейлікті жеңе  алмай  келеміз.

«Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр.   Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1 300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек».

Бұл – жыл басында президент Қасым-Жо­март Тоқаевтың айтқан сөзі. Яғни, «қасі­ретті қаңтардан» кейінгі ашық айтылған  ащы ақиқат. Содан бері талай оқиға болды, әлгі  Қазақстанның бар байлығын теспей  сорып отырғандардың тыққан-пыққандарын елге қайтарып та жатыр. Саяси, экономикалық мәселелер де алғы шепке шықты. Сонда да жағдай әлі тұрақталмай тұр, қара­пайым халықтың әлеуметтік-тұрмыстық хал-ахуалын  айтамыз.

«Біз әлі де кедейлікті жеңе алмай келе­міз. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстан азаматтарының 15 пайызы кедей санатында. Оған қоса, ресми статистика халықтың 5,1 пайызы күнкөріс деңгейінен төмен табыспен өмір сүретінін көрсетеді». Бұл – Әлеуметтік кодекс жобасы туралы Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты, Әлеу­меттік-мәдени даму комитетінің төрағасы Жәмила Нұрманбетованың келтірген мәліметі. Оның сөзінше, Қазақстанда кедей­лікті өлшеудің көпөлшемді моделін енгізіп, атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру қажет. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасын ұсынып, өз жағдайын «қиын» деп санайтын отбасылар үлесі шамамен 15% құрайтынын көрсеткен. «Мұндай қарама-қайшы деректер мемлекет қолдауын қажет ететіндердің нақты санын анықтауға мүмкіндік бермейді. Кедейлік шегіндегі азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларының бірі – атаулы әлеуметтік көмек. Өкінішке қарай, Әлеуметтік кодекс жобасында көрсетілген ұсыныс аса өзгере қоймаған. Соңғы жылдары көптеген елдер кедейлік деңгейін анықтауда кедейлікті өлшеудің көпөлшемді модельдерін қолдануға тырысуда, яғни, азаматтардың денсаулық сақтау, білім беру қыз­меттеріне қолжетімділігі, жеке тұрғын үйі және тұрақты табысы қаралады. Сондықтан министрлікке кедейлікті өлшеудің көпөлшемді моделін ескеріп, атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіруді жалғастыру қажет деп  санаймыз», – деді Ж. Нұрманбетова.

Ол ең бастысы – әрбір мұқтаж отбасы тиісті мемлекеттік органдардың назарында болуы керек екенін айтады. «Ол үшін әр отбасымен жеке жұмыс істеу қажет. Бұл – цифрлық карта деректері бойынша 1,2 млн отбасы», – деді  Мәжіліс  депутаты.

Бұл, сөз жоқ, жерасты байлығы мол, тіпті бір ғана мұнай экспорты жағынан әлемдегі алдыңғы жиырма елдің қатарына енген елдің көрсеткіші, яғни мұнай патшалығындағы кедейшілік кейпі. Біздегі кедейліктің деңгейі мұнайдың түсіміне кері пропорция­лы болуына көпшіліктің өресі жетпейді, әділінде, жеткізбейтіндер  бар…

Н.АҚПАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: