Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен бір топ БАҚ өкілі кәсіпкерлік бағыты бойынша «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Жаңақорған және Шиелі аудандарының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Ілгеріден іргелес қоныс тепкен қос ауданда қай салада болсын ілгерілеу байқалады.
ЖЫЛЫЖАЙДЫҢ ЖЕМІСІ
Әлқисса, сонымен біз аялдаған алғашқы нысан – Жаңақорған ауданындағы Айымбетовтер әулетінің жылыжайы.
Жас кәсіпкер Наурызбай Айымбетов – «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсібін ұлғайту мақсатында 4 000 000 теңге несие рәсімдеген. Алған қаражатын жылыжай құрылысына жұмсаған. Еңбек қайтты, үміт ақталды. Қазіргі уақытта қияр мен қызанақ өнімдерін өндіру жұмысын жолға қойған. Бұдан бөлек те бақшасында алма, алмұрт, жүзім жемістері жайқалып өсіп тұр. Кәсіп иесі отбасылық бизнесті болашақ ұрпақ жолына үлгі деп санайды.
Жалпы, жаңақорғандық жұртшылық еңбекке етене жақын. Соның арқасында жергілікті тұрғындар көкөніс, бау-бақша өнімдерімен толық қамтып келеді.
Жылыжай егесі көктем келісімен кетпен, күрегін арқалап, жер-анаға дән себуді дағдыға айналдырған. Көшет болып өскен сәттен топырағын құнарландырып, жерге орналастырады. Негізгі жұмыс ауқымы содан соң басталатын көрінеді. Алған өнімдерін аудан көлеміне қолжетімді бағамен саудаға шығаруда. Алдағы уақытта кент маңынан арнайы жер алып, жылыжай көлемін ұлғайту жоспары бар. Маңдай терімен нан тауып, атакәсіпті жалғастыруды мақсат еткен жас жігіт ешкімге алақан жаймай, кәсібінің нәсібін көруде.
«Еңбек ер атандырады» деген халық нақылын өмірлік ұстанымына айналдырған азамат табандылық пен талап адамды ұлы мұратқа жеткізетінін айтады.
– Басында, әрине, шаруаны игере алмаймын ба деген екіұдай пікір болды. Әкем – бағбан адам. Барлығын түсіндіріп, қолдауын көрсетті. Алматыдан ауылға қайта оралып, жылыжай жұмысын қолға алдым. Қазір жұмысы жүйеленді. Отбасылық кәсіп өнімі аудан тұрғындарына ұсынылып келеді. Алғаш ақпан айынан бастап, көшет отырғызамыз. Содан қазан айына дейін терім болады. Барлығының шығымы жақсы. Қияр мен қызанақ – жыл бойы сұраныс болатын өнім, – дейді бағбан бізбен әңгімесінде.
МАКАРОННЫҢ ҮШ ТҮРІ ШЫҒАРЫЛАДЫ
Қазір кәсіптің түр-түрі бар. Оның ішінде халыққа ең өтімдісі азық-түлік тауарлары екені көпке мәлім. Макарон өнімі кез келген отбасының ортақ асына айналған. Жегенде тойымды ас, қоспасы жоқ, таза табиғи өнім. Осы өнім түрін өндіруші жаңақорғандық Еркінбай Шідербаев 20 жылдан бері кәсіппен айналысып келеді. Сауда-саттық саласында тәжірибесі мол азамат. Отбасылық наубайханасы жұмыс істеп тұр. Бір сөзбен айтқанда, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкер. Осы уақыт аралығында бірде-бір адамнан шағым естіген емес. Бүгінде кәсібін кеңейтіп, макарон өнімдерін шығаруды қолға алған.
– Нарықтағы орнын жан-жақты зерттеп көрдім. Халық макарон өнімдерін жиі қолданады. Оны шығаруда тәжірибе де жинадым. Сауда-саттық, әрине, жақсы табыс көзі. Дегенмен, өнім шығарудың болашағы бар, әрі мемлекет те отандық өнім шығарушыларға жақсы қолдау көрсетеді. Сондықтан көп ойланбастан осы кәсіп түрін қолға алып жатқан жайым бар. Жобамды жүзеге асыру үшін макарон өнімдерін шығаратын құрал-жабдық алу керек болды. Керек жабдықты Италиядан таптық. Былтыр қажет қаржыны «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан сұратқанымда өтінішімізді жылдам қарап, сұранысымызды қанағаттандырды. Нәтижесінде, жоспарлаған уақытында жабдықтарды орналастырып, макарон шығаруды бастап кеттік, – дейді кәсіпкер.
Шағын кәсіпорында күн сайын 300-500 келіге дейін макарон өнімдерін өндіреді. Бұл – отандық азық-түлік өндірісін дамытуға үлес қосып отырған жергілікті кәсіпкерліктің жарқын үлгісі. Өндіріс орнында қазіргі таңда макаронның үш түрі – «ракушка», «рошки» және «вермишель» шығарылады.
Өндіріс заманауи аппаратпен жабдықталған, бұл өнім сапасының жоғары болуын қамтамасыз етеді. Кәсіпорында екі адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл бастама – аудан тұрғындарына қосымша табыс көзі ғана емес, шағын және орта бизнесті дамытуға жасалған нақты қадам.
Кәсіпкер жаңа жұмыс орны халық қажетіне сай жұмыс істесе, цех аумағын бұдан да үлкен көлемде өзгерткісі келетінін айтады.
КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ТИІСТІ ДЕҢГЕЙДЕ ҚОЛДАУ БАР
Жаңақорған ауданындағы баспасөз туры аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының арнайы сұхбатымен жалғасты. Марлен Бақытұлы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, алдағы атқарылар жоспарларымен бөлісті.
– Ауданда атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Алда орындалатын жоспар да жетерлік. Елді мекендерде де жаңа жобалар өте көп. Жаңақорған ауданында кәсіпкерлік саласы жүйелі түрде жолға қойылған. Кәсіпкерлік дамыған жерде тіршілік болады. Екіншіден, жергілікті жұрттың жұмыссыздық деңгейін азайтуға айтарлықтай септігін тигізеді. Кентте де бірнеше өндіріс нысанның жұмысы жанданып келеді. Айналмалы жолдар салынып, көлік қатынасы жөнге келуде. Орталықта орналасқан барлық әлеуметтік нысандар әсем жарықтармен безендірілді. Арнайы мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге тиісті деңгейде қолдау көрсетіліп отыр. Өзімізден шығып жатқан құрылыс материалы болсын, ауыл шаруашылығы өнімдері болсын Жаңақорған ауданы үшін тиімділігі жоғары, – деді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаев.
Жә, сонымен Жаңақорған жеріндегі баспасөз туры осымен аяқталып, Шиелі ауданына жолға шықтық. Уақыт тығыздығына орай осы өндіріс орындармен шектелдік, әйтпесе, мұнда көрсетіп жазатын көрнекі кәсіпкерлік нысандар көптеп саналатыны әмбеге аян.
«ГЕЖУБА ЦЕМЕНТ» – ӨҢІРДІҢ ӨНДІРІСТІК ҚУАТЫ
Ал, Шиелі облыс көлемінде өндіріс бойынша ортан жілік секілді орны бар аудан саналады. Халқының негізгі тұрмыс-тіршілігі – ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы.
Баспасөз туры алдымен «Гежуба цемент» өндіріс орнында болды. Еліміз бойынша өзіндік орны қалыптасқан өндіріс мекемесі аймақ экономикасына айтарлықтай үлес қосып келеді. Барған сәттен көзге түскені әр жұмысшының өз міндеттемесін аса ыждағаттылықпен орындап жатқаны көңілге жылы ұшырады.
«Гежуба цемент компаниясы» – Қызылорда облысы, Шиелі ауданында орналасқан ірі цемент өндіруші кәсіпорын. Зауыт 2018 жылы іске қосылған. Жылына 1 миллион тонна цемент өндіру қуатына ие.
– Кәсіпорын тәулігіне 4 мың тоннаға дейін өнім шығарады. Бұл өндірістің тұрақтылығы мен технологиялық әлеуетінің жоғары екенін білдіреді. Өнімнің 80 пайызға жуық шикізаты жергілікті Шиелі ауданынан алынады. Ал қалған 20 пайызы басқа облыстардан жеткізіледі. Бұл өндірістің отандық шикізатқа негізделгендігін көрсетеді. Зауытта 600-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт қызметкерлері заманауи технологиямен жұмыс істейді. Қауіпсіздік және сапа стандарттары толық сақталған. Компания өндірген өнім Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне тасымалданып, құрылыс индустриясына кеңінен пайдаланылуда, – деді зауыт қызметкері Табиғат Әбеков.
Айтуынша, мұндағы мамандар – арнайы тәжірибеден өткен білікті қызметкерлер. Іс барысы толығымен бақылауда ұсталады. Істен шыққан немесе ақау шыққалы тұрған техника дереу жетекші мамандарға ескертіліп, өңдеп, қайта іске қосу тапсырылады.
Біз барған сәтте де әр маман өз ісіне аса тиянақтылықпен қарап, жұмысына деген жауапкершіліктері айқын аңғарылып тұрды. Тағы бір айта кетерлігі, жұмысшылардың басым бөлігі – жергілікті азаматтар. Бұл аудан тұрғындарының жұмыссыздық деңгейін азайтуға септігін тигізуде екенін көрсетеді.
ҚҰС ЕТІ ӨНДІРІЛЕДІ
Содан соң құс етін өндіруге маманданған «Шиелі құс еті» агроөнеркәсіп кешенінде болдық. Кешен табысты жұмыс істеуде. Қазіргі таңда кәсіпорын құрамында үш құс өсіру фермасы жұмыс істейді. Әр ферманың қуаттылығы – 1500 бас құс. Құстар 45 күн ішінде сойысқа жарамды күйге жетеді, бұл өндірістің айналымдылығы мен тиімділігін танытады.
Мамандардың айтуынша, кәсіпорынның басты мақсаты – аудан халқын сапалы әрі отандық құс етімен қамтамасыз ету. Бүгінде өндіріс Шиелі ауданын толықтай құс етімен қамтып отыр. Фермалар заманауи құрал-жабдықтармен толыққанды автоматтандырылған.
– Жем-шөп Жамбыл облысынан арнайы жеткізіледі, ал құстардың денсаулығы мен өсуіне қажетті температуралық және санитарлық талаптар тұрақты бақыланады. Өндірісте 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта кәсіпорын көлемін ұлғайту мақсатымыз бар, – дейді кәсіпкер Гүлзада Құрманбаева.
КӘСІПКЕРЛІККЕ – КЕҢ ӨРІС
Журналистер барған соңғы нысан Шиелі ауданындағы үлкен кәсіпорын орталығы десе де болады. Аудан орталығында «Ауыл аманаты» жобасы аясында ашылған жаңа кәсіпкерлік нысан жергілікті тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсетіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба негізінде бой көтерген кәсіпкерлік нысан аудан тұрғындарының табысын артыруға бағытталған.
Ауданда аталған жоба аясында жалпы құны 968,1 миллион теңгені құрайтын 135 жоба қаржыландырылды. Жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысан тұрғындарға жаңа мүмкіндік беруде. Мұнда халыққа қажетті бірнеше кәсіп түрі орналастырылған.
Мәселен, тамақ өнеркәсібі мен тұрмыстық қажетті дүниелер дерлік қарқынды жұмыс істеуде. Мемлекет қолдауын сезінген аудан кәсіпкерлері өз кеңістіктеріне қарай кәсібін айналдырып отыр. Бұл жобалар аудан халқының белсенділігін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті өндірістің дамуына жол ашуда.
СӨЗ СОҢЫ
Иә, қос аудандағы баспасөз туры осылай қорытындыланды. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауы негізінде әрбір ауданда осындай жұмыстар істелуде. Тек мұндай сәтте жергілікті кәсіпкерлердің білек сыбана кірісуі қажет. Сонда ғана халықтың ахуалы анау айтқандай алысқа қарайды. Кім қай кәсіппен айналысса да, елге болсын деген ақеден көңілмен жасайды. Ал «елде болса, ерінге тиеді» дегенді байырғы бабалар бұрыннан біліп айтқан тәрізді.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!