Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңадан сайланған Сырдария ауданының әкімі таныстырылды

06.11.2023, 12:35 360

HALYQLINE.KZ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында жаңадан сайланған Сырдария ауданының әкімі таныстырылды.

Еске салсақ, күні кеше Қазақстанда бірінші рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтті. Біздің өңірде Сырдария және Шиелі аудандарының әкімдері сайланды.

Аймақ басшысы Тәуелсіз Қазақстанның тарих жылнамасына жаңа саяси реформалармен қадам басқанын айтып, сайлау науқанында жоғары белсенділік танытқаны үшін аудан тұрғындарына ризашылығын білдірді.

«Ел жаңғыруының бастамасы ретінде Ата Заңымызға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Осы саяси науқандарды Сыр жұртшылығы ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, жоғары деңгейде өткізді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси жүйені жаңғырту бойынша қабылдаған шешімінің жалғасы ретінде күні кеше елімізде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Осы науқанда Сырдария ауданының тұрғындары жоғары белсенділік танытып, мызғымас бірлігін көрсетіп, ауданның жарқын болашағы үшін өз таңдауларын жасады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов Сырдария ауданы әкімі сайлауының қорытындысын хабарлады. Мұнда сайлаушылардың 72,3% дауыс беруге келген. Олардың 84,3%-ы Берік Сәрменбаевты қолдады. Комиссия төрағасы Берік Әбдіғаппарұлына аудан әкімінің куәлігін табыстады.

Облыс әкімі алдағы уақытта жаңадан сайланған аудан басшысына дамудың барлық макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң параметрлерге қол жеткізуді тапсырды.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев пен мәдениет саласының ардагері Алмагүл Бақтиярова Берік Сәрменбаевты құттықтап, жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: