Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа Су кодексінің жаңалығы неде?

24.04.2025, 10:00 1008

Жуырда Су ресурстары және ирригация министрлігі Парламент мақұлдаған жаңа Су кодексі Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілетінін хабарлады. Бұл жаңалыққа елеңдеген жандардың аз болғаны анық. Күнде өзгеріп-түзетіліп жатқан заңдардың бірі шығар дегендей немқұрайдылық танытатындар да бар. Алайда, бұл жаңа Су кодексі бұрынғыдан өзгерек. Өйткені, ел экономикасы тұрақты дамуы үшін, қарапайым азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін су мәселесі шешімін таппаса, бәрі сөз жүзінде болып қалады. Заң жобасын әзірлеушілер жаңа құжатта климаттың өзгеруіне бейімделуге және суды үнемдеу принциптерін енгізуге баса назар аударғанын айтуға тиіспіз. Алғаш рет жерасты және жерүсті суларын кешенді пайдалану қағидаты енгізілді, бұл еліміздегі су нысандарын біртұтас жүйе ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Енді осы тақырыпқа шағын сараптамалық шолу жасайық.

СЕНАТОРЛАР  ҚАНДАЙ  ТҮЗЕТУ  ЕНГІЗДІ?

Биыл 20 наурызда Сенатта «Қазақстан Рес­публикасының Су кодексі» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы», сондай-ақ, «Қазақстан Рес­публикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне су қорын қорғау және пайда­лану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңдары екі оқылымда қаралды. Аталған Кодекс пен заңдар елдің су ресурстарын тиімді пайдалануға, қор­ғауға  және  тазартуға  бағытталған.

«Су ресурстарын тиімді басқару – еліміз үшін өзекті мәселелердің бірі. Бұл сала мемлекеттің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы­на, азық-түлік және энергетика қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Осыған орай, Мемлекет басшысы су ресурс­тары саласындағы заңнамалық базаны түбегейлі қайта қарау және институционалдық ортаны жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бүгін қаралған Су кодексі және оған ілеспе заңдар осы тапсырмаларды орындау мақсатымен  әзірленді» деді отырыста Палата Төрағасы  Мәулен  Әшімбаев.

Сенаторлар қараған заңдар азаматтарды ауызсумен  үздіксіз қамту үшін халықтың тіршілігін қамтамасыз ету нысандары болып санала­тын иесіз су шаруашылығы құрылыс­жайларын сот оларды коммуналдық меншікке түскен деп танығанға дейін уақытша пайдалануды көздейді. Сонымен қатар су тасқыны, құрғақшылық және олардың теріс әсерінің алдын алумен қоса, ел экономикасының су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі норма  енгізілді.

«Үкімет су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттарды, міндеттер мен тәсілдерді айқындайтын ұзақмерзімді арнайы интеграцияланған бас жоспар қабылдайды. Заңдарда салаға жаңа технологиялар мен цифр­ландыруды енгізуді ынталандыруға арналған ережелер топтамасы да бар. Заңдарды қарау барысында сенаторлар бірқатар ұсыныс айтты. Сол арқылы суды пайдалану талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау, осы саладағы рұқсат беру ережелері және кейбір мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақтыланды. Алдағы уақытта жаңа Кодекс су ресурстарын тиімді пайдалануға, сондай-ақ, жан-жақты ойлас­тырылған су саясатын жүргізуге мүмкіндік береді  деп  сенеміз»  деді  Мәулен  Әшімбаев.

Заңдарды талқылау нәтижесінде сенаторлар «Қазақстан Республикасының Су кодексін» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңды концептуальды тұрғыда мақұлдап, оларға бірқатар түзетулер  енгізді  және  Мәжіліске  қайтарды.

Нақты айтқанда, Сенат депутаттары қолданыстағы  заңнаманы  жаңа Су кодексінің нормаларымен сәйкестендіруге және су ресурс­тарын қорғау мен пайдалану саласындағы қаты­нас­тарды құқықтық реттеуді жетілдіруге қатысты ұсыныстар енгізді. Осыған байла­нысты бір­қатар заң мен кодекске өзгертулер мен  толық­тырулар  енгізіледі.

ЖАҢА  КОДЕКСТЕГІ  5  ҚАҒИДАТ

Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа кодексті бес негізгі қағидат бойынша дайын­даған. Бұл суды қоршаған ортаның ажыра­мас  бөлігі, азаматтардың тіршілік әрекеті мен экономиканың дамуының негізі ретінде тану, су қорын қорғау және оның сарқылуының алдын алу, жерүсті және жерасты суларын кешенді пайдалану, су үнемдеу технология­ларын енгізу және климаттың өзгеруіне бейім­делу, жұртшылықты су қорын қорғау және пайдалану  жөніндегі  міндеттерді  шешуге  тарту.

Жаңа кодексте алғаш рет «су қауіпсіздігі» деген ұғым енгізілді. Ол азаматтар мен ел экономикасын су тапшылығынан, ал су нысан­дарын ластанудан қорғау, сондай-ақ Қазақстан Рес­публикасының трансшекаралық су нысандарын қорғау және пайдалану бағытындағы мүддесін қорғауды қамтиды. Су көздерінің сарқылуының алдын алу үшін өзен-көлдер және теңіздердің экожүйесін қолдау мақсатында судың ең төменгі рұқсат етілген деңгейі айқындалған «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді.

Тағы бір жаңалық, су нысандарын қорғау бойынша талаптар кеңейтілді. Ең алдымен, шағын өзендер мен көлдерді сақтауға назар аударылады. Атап айтқанда, шағын өзендерде су өткізбейтін бөгеттер салуға тыйым салынады. Сулы-батпақты жерлер мен мұздықтарды қорғаудың ерекше режимі қарастырылған. Ал жергілікті атқарушы органдар екі жыл ішінде барлық елді мекендегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін  айқындайды.

Сондай-ақ, жаңа кодекске сәйкес, құзыр­лы органдар су ресурстарын басқарудың бас жоспарын және бассейндік жоспарларын дайын­дайды. Бұл құжаттар су ресурстарының көлемі туралы болжамдарға сүйене отырып негізгі мақсат-міндеттерді, тәсілдерді және іс-шараларды анықтайды. Осы жоспарлардың қорытындысы мен ұсыныстары мемлекеттік жоспарлау  кезінде  ескерілуі  тиіс.

Бұдан бөлек, жаңа Су кодексінің жобасы су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы күрес кезінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін нақты ажыратуды көздейді. Атап айтқанда, Су ресурстары және ирригация министрлігі бассейндік су инспекциялары арқылы тасқын суды өткізу және қабылдау кезінде гидротехникалық құрылыс­тардың жай-күйі мен жұмыс режимін бақылайды. Сонымен қатар, министрлік тасқынды су айдын­дарына  жіберуді  қамтамасыз  етуі тиіс.

Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны мен су тасқынынан туындаған төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жұмысын жүзеге асырады. Жергілікті атқарушы органдар тасқын және еріген қар суының алдын алу және одан қорғауға бағытталған іс-шараларды іске асырады. Елді мекендерді, өнеркәсіптік объектілерді, ауыл шаруашылығы алқаптарын және көлік инфрақұрылымын тасқын және еріген қар суынан қорғау үшін жерүсті  су  нысандарына санация (тазарту және тереңдету) жүргізеді.

Су ресурстары бойынша ақпараттың ашық­тығын қамтамасыз ету үшін жыл сайын Ұлттық ақпараттық есеп жарияланады. Құжатта еліміздегі су ресурстарының жай-күйі, қорғалуы және пайдаланылуы туралы мәлімет болады. Су саласын цифрландыру үшін Ұлттық ақпараттық жүйе жасалады, оның жұмысын өткен жылы құрылған Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, қолданыстағы редакцияда қарастырылмаған, су үнемдеуді ынталандыру тетіктері енгізілді. Мысалы, айналымдағы немесе қайта сумен жабдықтауға кезең-кезеңімен көшу жоспары болған кезде ғана су пайдалануға рұқсат беріледі. Ал оған ауысуға бес жыл уақыт беріледі. Жоспар жаңа Су кодексі қолданысқа енгізілген  күннен бастап екі жыл мерзімде әзірленуі  тиіс.

Жаңа құжаттың тағы бір ерекшелігі – гидро­техникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселесін жеке тарауға шығару. Онда гидротехникалық құрылыстардың тізілімін қалыптастыру және жүргізу, оларды пайдалану, сондай-ақ қауіпсіздік декларацияларын әзірлей отырып, көпфакторлы тексеріс жүргізу мәселелері жүйеленген. Сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздік регламентін әзірлеу қарас­тырылып отыр. Жаңа Су кодексінде су ресур­старын қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылауға көп көңіл бөлінеді.

Сонымен қатар, бассейндік кеңестердің рөлі күшейтілді. Олардың ұсынымдары мен шешімдері бассейндік, аумақтық, салалық және бас жоспарды, даму бағдарламаларын әзірлеу және суды пайдалану лимиттерін айқындау кезінде ескеріледі. Судың «қара нарығымен» тиімді күресу үшін бассейндік су инспекцияларының мемлекеттік бақылау функциялары күшейтілді. Оларға жедел ден қою шараларын қабыл­дау үшін қадағалау функциялары беріледі. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың су қорын қорғау және пайдалану саласында оларға жүктелген функциялардың сақталуына мемлекеттік  бақылау  жүргізіледі.

Бұдан бөлек, Парламент Мәжілісінің депутаттары әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске және жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодекске түзетулер енгізу­ге бастамашылық жасады. Атап айтқанда, суды заңсыз пайдалану үшін жауапкершілікті қатаңдату «гидротехникалық құрылыстарды пайдалану қауіпсіздігін бұзу» атты жаңа бапты енгізу, Арал теңізі аумағында қазбаларды өндіруге тыйым салу және жерасты су ресурстарын тиімді басқару үшін Су ресурстары және ирригация  министрлігіне  бірқатар  функцияны  беру  ұсынылды.

СУДЫ  ҮНЕМДЕУДІҢ  ҰЛТТЫҚ  САЯСАТЫ

«Жаңа Су кодексінің негізгі міндеттері – су үнемдеудің жалпыұлттық саясатын қалып­тастыру және дамыту, ғылымды дамыту және ғылыми тәсілдерді пайдалану, елді мекендерде сумен жабдықтау мен су бұруды реттеу, тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалану, сондай-ақ су ресурстарын қорғау және пайдалану  саласында  тиімділікті  арттыру.

Құжат Қазақстанның су саласының барлық бағытын қамтиды» деп түсіндірді құжаттағы жаңашылдықтарды Су ресурстары және иррига­ция  министрі Нұржан Нұржігітов.

Оның айтуынша, жаңа Су кодексі – бұл су саласының негізгі жүйесі болатын іргелі құжат. «Құжаттық бөлік көпшілікке әрдайым қызық бола бермейтінін түсінеміз, бірақ бұл кодекстің негізі және Қазақстанның су заңнамасын өзектендіруге мүмкіндік беретіндей етіп әзірленді. Кодекс шынымен тиімді болуы үшін басқа құжат­тарға да өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте түзетулер ауыл шаруашылығынан бастап қоршаған ортаны қорғау мен электр энергетикасына дейінгі  барлық мүмкін бағыттарды қамтиды» деді  ол.

АСТАНАДА  СУ  ТАПШЫЛЫҒЫ  ҚАЙТАЛАНБАЙДЫ

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек өткен жылы мұғалімдердің тамыз форумында қаладағы су тапшылығы қаупі туралы мәселеге қатысты пікірін айтты. Қала басшысы елордада қазіргі уақытта тәулігіне 95 мың текше метр артық су бар екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, әкім жаңа су құбырларының құрылысы жүргізіліп жатқанын, бұл судың қолжетімділігін арттыратынын мәлім етті. «Қазіргі уақытта мұндай мәселе жоқ. Бүгінгі таңда бізде тәулігіне 95 мың текше метр ауызсу артық болып тұр. Бұл – тіпті қала мен халық санының қазіргі өсу қарқынын ескерсек, алдағы 4-5 жылдағы профицит» деп түсіндірді ол.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Коллаж: egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: