Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖАҢА ҚҰРЫЛЫМНЫҢ 7 ҚАДАМЫ Қазақстан халқына, сайлаушыларға үндеу

02.03.2023, 11:40 394

Құрметті халқым, кемелденген жасқа келгенде ғалым-экономист, инженер, саясаткер ретінде әлемнің, біздің қайда бара жатқанымызды болжай отырып, осы тағдырлы, өтпелі кезеңде Қазақстанның өз сара жолын жасау­ға көзқарасымды, яғни еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық, технологиялық жаңа құрылымын жасаудың 7 қадамын ұсынып отырмын. Біз сананы оятып, батысқа жалтақтамай, бетімізді шығыстың мораль философиясына бұрып, тіпті жаңа өмірге, жаңа өркениетке қадам басуымыз керек. Менің төмендегі ұсыныс­тарымды  қолдайтын, үндес, ертең іске асыратын  кандидаттарға дауыс беру­леріңізді сұраймын. Жастарға  жолымды  бердім.

1. Халықтың күнкөріс деңгейін, өмірінің сапасын көтеру. Егер индикаторлар салыстырмалы түрде негізсіз түсіп кетсе, онда Үкімет автоматты түрде отставкаға кету керек. Жаңа кадр саясатын жасау. Сыбайлас жемқорлық жайлаған бұрынғы биліктегі кадр жүйесін түбірімен жаңарту керек.

2. Қазақстан халқының бақуаттылығына арналған жаңа «Жалпыхалықтық идеология» қажет. Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы – социалистік, әр адамның әлеуметтік жағдайына арналған, экономикасы – нарықтық, саясаты демократиялық-халықтық басқару болуы қажет. Ол үшін біздегі әлі жалғасып келе жатқан бұрынғы жүйенің автократиялық, олигархиялық, бюрократиялық басқару стилінен үзілді-кесілді кету керек. Бізде 30 жыл бойы биліктің өздеріне керек идеологиясы болды, ал жалпыхалықтық идеология болмады.

3. Қаншалықты қиын жағдайда тұрсақ та, болашақты бүгін болжау үшін біз ұзақ мерзімге арналған стратегиялық әлеуметтік-экономикалық, технологиялық даму Концепциясын және мемлекеттік бағдарламаны жасап, оны халықпен ақылдасып (керек болса референдум арқылы), қабылдауымыз қажет.

4. Қоғамның рухани-тарихи жаңғыруы қажет. Негізгі назар мәдени, тарихи, денсаулық, моральдық-адамгершілік, әділеттілік, т.б. ұлттық құндылықтарға, әсіресе жаңа білімге, ғылымға аударылуы керек. Тек білімді қоғам кез келген қиындықтан шыға алады. Демократияны да тек білімді ел, азаматтық қоғам құра алады.

5. Қазақстанның болашағы «Ауылды жаңғыртудан» басталады. Алдағы уақытта мұнай мен газдың орнына «бренд» болатын – астық пен ет өндірісі. Қазақстан азық-түлік державасына айналу керек. Азық-түлік мүмкіндігіміз әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Ең бастысы, жер мен тіліміз, ұлттық рух өлмеуі керек. Өзіміз өндірмесек, өзіміз  де  өспейміз.

6. Алдымызда VІ технологиялық құрылымның (уклад) ғасыры (нано-, биотехнология, гендік инженерия, цифрлы, космостық технология) екенін ескерсек, бізді келешекте жасанды интеллект басқарып кетпеуі үшін «Қазақстанның технологиялық кешенді даму бағдарламасы» қажет. Бұл біздің шикізат экономикасынан кетіп, экономикамызды әртараптандырып, дамуына үлкен серпіліс  береді.

7. Басты мақсат, біз алдағы уақыттарда дамыған инновациялық экономикасы, демкоратиялық, гуманизациялық қоғамы бар өркениетті ел болуымыз керек. Өзгермелі заманда келешек тек Президенттің де қолында емес, ол халықтың сапасына байланысты.

Осы түбегейлі реформаларды жасауға өте көп қаражат, инвестиция құю керек бола­ды. Өз мүмкіндігімізді бағалау үшін мемлекетімізге 3 аудит жасау қажет. Бірінші – адам капиталына, әлеуетімізге аудит, екінші – бүкіл өндіріске, жалпы негізгі қорларға, ресурстарға, инфрақұрылымдарға аудит, үшінші – қаржы-банк жүйесіне аудит. Біз осы үш аудит арқылы Қазақстанның барлық жерасты, жерүсті байлығын бағалап алғаннан соң, неге шамамыз жететіндігін біліп, көрпемізге  қарай  көсілеміз.

Барлық заңсыз иеленген меншіктерді, іштегі, сырттағы миллиардтаған қаржыны тәркілеу керек. Шетелге капитал шығаруды, экономиканы  оффшорлауды  тоқтату  керек.

Шындығын айтсам, біз қазір жол айры­ғында тұрмыз. Не біз ноосфералық өркениетке қарай дами отырып, биосфералық сана-сезімді түбегейлі өзгертеміз, жаңа сара жол табамыз, не бізге жер бетінен жойылып кету қаупі төнеді. Бірақ біз әлемнің 6 империясының бірі – Түркі тегінен шыққан тегі мықты  ел  екенімізді ескерсек, болашағымыз  жарқын  болуы  керек.

Осы іс-шараларды халық атынан қада­ғалайтын Парламенттен басқа, елімізде «Жеті жарғыдан» бастап қанымызға сіңген «Билер кеңесі» құрылуы керек. Оның тең төрағасы, бірі – Президент, екіншісі Қазақстанға қадірлі тұлға, азамат болсын, заңмен  шегеленсін.

Құрметпен,

Оразалы  СӘБДЕН,

ҚР  Парламентінің  4  мәрте  депутаты,

ҚР  Мемлекеттік  сыйлығының  иегері,  академик

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: