Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа Қазақстанды бірге құрайық

28.09.2022, 15:45 693

HALYQLINE.KZ

ФОРУМ

Ел де, халық та, қоғам да, мемлекет те – тірі организм. Жасанып-жаңғырып, түрленіп-түлеп, өзгеріп-өсіп отыратын тірі ағза деуге келеді. Мемлекет басшысының жаңа өзгерістері көптің көңілін табуда. Иә, есті сөз айтылғанға қуанған дұрыс. «Жаңа Қазақстан: Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» идеясы – құптарлық іс. Бұл облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілген «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» тақырыбындағы облыстық ардагерлер форумында айтылды. Міне, бірге құрайық деген сөз арқылы жаңа өзгеріс келеді дегенге сенуге болады. Оның үстіне форумға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев, ардагерлер ұйымының белсенділері, қоғамдық ұйымдар басшылары, жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев форумды былай бастады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 7-нші сайланған Қазақстан парламентінің үшінші сессиясында «Әділетті меемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты қазақ еліне жолдауын арнап, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берген болатын. Бұл президенттің «күшті президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет» формуласына негізделген «Жаңа Әділетті Қазақстанды» құру жөніндегі саяси шешімдерінің жалғасы десек болады. Жолдауда мемлекет басшысы негізінен әлеуметтік-экономикаларды жүзеге асыру жолдарын қамтитын бес бағдарды атап өтті. Сондықтан жаңа өзгерістер мемлекеттің одан әрі дамуын саяси бәсекелестік негізінде баянды етері сөзсіз. Осы орайда, биыл ардагерлер кеңесінің құрылғанына 35 жыл толды. Ширек ғасыр уақытта облыс ардагерлері қоғамның бірлігі мен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуде белсенді үлес қосып келеді,- деді ол.

Облыстық ардагерлер кеңесі аймағымыздағы жалпыұлттық идея рухында патриоттық және адамгершілік тәрбиелеу, саяси тұрақтылықты сақтау, қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз ету бағыттарындағы жұмыстарына өз үлесін қосуда. Облыстық ардагерлер ұйымының қатарында 77 мыңнан астам мүше, 701 бастауыш ардагерлер ұйымына біріккен. Ардагерлік қозғалыстың беделін көтеру, оларға жан-жақты қолдау көрсетуде ардагерлер белсенділерінің алатын орны ерекше екені белгілі. Бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов бүй деді.

– Біздің дана халқымыз қашанда «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген ұстаныммен келе жатыр. Бұл қартын қазынам деп таныған, үлкенін сыйлап, жастарын қолдай білген қазақ халқының ұлттық кодына айналды. Содан болар, бізде ұрпақтар сабақтастығы деген үрдіс берік орныққан. Өздеріңіздей ел ағалары егемендігіміздің бастауында еліміздің, оның ішінде Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық, рухани және мәдени дамуына зор үлес қосып, халық пен билік арасын жалғаушы алтын көпірге айнала білдіңіздер. Бүгінгі күні облыста 77 мыңнан астам зейнеткерлікке шыққан қария бар. Оларды әлеуметтік қолдау іс-шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Осы орайда, ардагерлер кеңесінің жұмысы аймағымызда жолға қойылғанын айтуымыз керек. Ел игілігі үшін жасалаған барлық бастамаларға қолдау білдіріп, қоғамның бірлігін қамтамасыз етуде белсене атсалысып келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұған қоса, облыс әкімінің орынбасары алдағы уақытта зиялы қауым өкілдері, ардагерлермен ақылдасып, өңір болашағының айқын болуы үшін әрбір маңызды мәселені шешу бойынша нақты жұмыстар атқарылатынын мәлімдеді.

– Қазіргі тарихи өзгеріс кезеңінде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру – барлығымызға ортақ, елдік шаруалар. Сондықтан ардагерлер – халықтың үні, биліктің кеңесшісі, қоғамда туындаған түйткілдердің сарапшысы ретінде мемлекеттік бастамаларға қолдау білдіріп, саяси реформалардың жүзеге асуына атсалысады деп сенемін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Бұдан кейін облыстық ардагерлер форумында философия ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Баймырза Қожамберлиев сөз сөйледі. Ол «Жаңа Қазақстан: саяси, әлеуметтік, рухани факторлары» тақырыбын тереңірек тарқатты. Өзінің кезекті сұхбатында айтқандай, сөздің соңы іспен аяқталуы керектігін бұл жолы да алға тартты.

– «Қаңтар оқиғасы» қоғамның әлеуметтік, қоғамдық, рухани өмірімізге серпіліс әкелді. Кез келген қоғам бірден құрылмайды. Айту оңай. Сол сияқты «Жаңа Қазақстанды» бірден құра алмаймыз. Қазіргі заманда дамыған елдерде нарықтың не екенін біліп, оны терең түсініп, нарыққа адамгершілік сипат беру мәселесі кеңінен қаралып жатыр. Жаңарған, әділетті Қазақстан экономикасында осы сипат орын алуы керек. Әділетті Қазақстанның негізі – заңның үстемдік етуінде, әділетті болуында. Сондықтан біздің болашақ қоғамымызда осы мәселелер болғаны дұрыс деп ойлаймыз. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастайтынын айтты. Сайлаудың әділ, таза өтуі де – алдымызда тұрған үлкен сын. Бастамалардың барлығы азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға бағытталған. Бізде саяси белсенділік болғанда ғана саяси өзгерістер болады, – деді Баймырза Қожамберлиев.

Әрі қарай форумда «Жаңа Қазақстанды қалыптастырудағы ардагерлер ролі» тақырыбында техника ғылымдарының докторы, Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев айтты. Оның айтуынша, облысымыздағы 77 мың ардагердің 26 мыңнан астамы Қызылорда қаласында екен. Биыл облыс орталығы мен оған қарасты ауылдарда бес рет алқа жиыны өткізіліпті. Нәтижесінде мемлекет басшысының үндеуін талқылап, ардагерлермен ой-пікір алмасу барысында біраз мәселе қозғалғанын тілге тиек етті.

– Президент Конституциялық сот құрылып, алдағы қаңтар айынан бастап жұмыс істейтінін айтты. Өте орынды. Конституциялық сот әділ, ашық болуы керек. Бүгінде құқық қорғау органдарында сондай ашықтық бар ма? Сот әділдігін қамтамасыз етуде күрделі мәселе көп. Олардың барлығын қоғам алдына шығарып, ашық түрде ұсыныс-пікір айтылуы керек. Сондай-ақ, жергілікті жердің әкімдері баламалы жолмен сайланатыны айтылды. Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң бұған дейін де болған. Дегенмен, ол заңды біз іске асыра алмадық. Ол заң талабы өз деңгейінде жүзеге асқан жоқ. Алдағы уақытта ардагерлер осы бағытта да жұмыс істеуі, өз ықпалын тигізуі керек, – деді Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

«Бөрікті тұрғанда көрікті сөз бастамайды» дегенді жадында түйіп өскен, көненің көзін көрген апаларымыз ғой. Солардың бірі «ҚазГерМұнай» ЖШС жанындағы «Ардагер мұнайшы» қоғамдық қорының төрайымы Рәзия Қалжанова «Жаңа Қазақстан және отбасылық құндылықтар» атты баяндамасында ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығына тоқталды.

Мемлекет басшысы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет екенін айтты. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керегін, осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс екенін атап өтті. Қазір өңірімізде жеке балабақша көп. Олардың арасында да өз ісіне жауапкершілікпен қарап, бала тәрбиелеуде тынымсыз еңбек етіп жүргендері бары анық. Дегенмен, жекенің аты – жеке. Балабақшаны өз меншігі санайтын кәсіп иелерінің жеке үйіндегі балалар тәрбиесі қалай жүруде? Бүлдіршіндердің тамағы, жай-күйі қалай? Олардың жұмысын тексеріп отыратын қоғамдық ұйымдар, мемлекетік органдар жұмыстарын бұрынғыдан да жандандыруы керек, – деді Рәзия Қалжанова.

Форумға аудан ардагерлері де қатысып, жастар тәрбиесіндегі мәселелер жайында айтты. Атап айтсақ, Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мерековтің айтуынша, аудан жастарының өлке тарихын танып-білуі, ұлттық құндылықтарымызды бойға сіңіруі, ел мен жердің тарихын насихаттауда ардагерлердің еңбегі ерен екенін жеткізді. Қазіргі таңда Қармақшы ауданында 5300 зейнеткер бар болса, оның 53-і бастауыш ұйымына, 4270 ардагер мүшелікке қабылданған. Оның айтуынша, жастармен жиі пікірталас болып, ауданның киелі жерлеріне танымдық сапарлар ұйымдастырып, жастармен рухани сабақтастық қалыптастыруда екен. Ал, Шиелі ауданы Ақмая ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжетай Палмағанбет мемлекет басшысы жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екенін атап өткенін алға тартты. Сондай-ақ, аудан жастарының жағдайын жеткізді.

– Еңбекпен қамтитын түрлі іс-шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 процент болатын шағын несие беріледі. Президенттің бұл бастамалары қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етері сөзсіз. Жастар тәрбиесіне бәріміз де жауаптымыз. Жастармен жұмыс жүргізуде аудандық жастар ресурстық орталығының орны бөлек. Аудан бойынша 14-24 жас аралығында 20 мыңнан астам жас бар. Оның 10 мыңнан астамы – ауыл жастары. Бүгінде Шиелі ауданы жастары арасында жұмыссыздық деңгейін барынша төмендетуге күш салып отыр. Ауданның 9800 жасқа жүргізілген сауалнама нәтижесінде олардың тарапынан төмендегідей ұсыныстар айтылған. Жұмыссыздық, тұрғын үй, жас кәсіпкерлерге қайтарымсыз грант санын көбейту, жас жұмысшылардың жалақысын көтеру және жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы орта қалыптастыру мәселелері, – деді ол.

Форумда баяндамашылардан бөлек, келген қатысушалар арасында да пікір айтылды. Сәбит Дәрібаев есімді ардагер 2006 жылғы ардагерлер кеңесі мен қазіргі кеңестің мақсаты мен міндеті өзгергенін айтып қынжылды. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартудың нақтылы жолдары жөнінде ұсыныстар білдірді. Жалаң сөз айтып, бір-бірімізді мадақтауды доғарып, халықтың хал-ахуалын бірінші орынға қою керектігін айтты. Сонымен қатар, бірқатар қарапайым жұмысшының әлеуметтік құқықтары қорғалмай отырғанын жеткізді.

Жиын соңында республикалық ардагерлер ұйымының 35 жылдық мерейтойы аясында өңірдегі ардагерлер ұйымының мүшелері Құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев, «Ардагер мұнайшы» қоғамдық қорының төрағасы Разия Қалжанова, Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, Шиелі ауданы Ақмая ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымы төрағасы Кенжетай Палмағанбет бар.

Жалпы, форумда «Жаңа Қазақстан» қандай болуы керек және қалағанымыздай болуы үшін не істеу керектігі талқыланды. Десе де, ардагерлер бұл форум арқылы жастарға жөн сілтемекші болғаны түсінікті. Өйткені жастар – елдің ертеңі. Сол себепті жастар «Жаңа Қазақстанды»  құрушы екені түсінікті. Қысқасы, мылқауға да тіл бітетін кез болды. Егер бүкілқазақстандық елдің болашағына алаңдап, бой түзеу үшін жұмыла кіріссе, еліміз өркендеп, өсетіні анық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: