Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жан-жақты саяси жаңғыру процесі жүріп жатыр

21.03.2023, 12:20 191

Көптен  күткен  саяси  науқан  да  аяқталды.  Әзірге  сайлаудың  алдын  ала  нәтижесі  ғана  жарияланды. «Еуразиялық интеграция» институты жүргізген сауалнама қорытындысы «Сайлау-2023» онлайн марафоны кезінде белгілі болды. Бұл – алғашқы exit poll нәтижесі. Одан соң СОЦИС-А кешенді әлеуметтік зерттеулер институты екінші қорытындысымен бөлісті. Көп ұзамай Орталық коммуникациялар қызметінің эфирінде «Демократия институты» зерттеу қауымдастығы үшінші exit poll нәтижесін жария етті. Мұндағы сандардың  бәрі – жобалас. Жалпы алғанда, «сайлау қорытындысы да осыған сай келеді» деп болжануда. Еске салайық, биылғы сайлауда «Бәріне қарсымын» графасы қосылған болатын.

Айтпақшы, сайлау күні әр облыс, әр аудан дауыс беруге бірінші келген, туған күні болған, бірінші рет дауыс берген және ең жасы үлкен сайлаушыға сый-сияпат табыстап жатты. Оның ішінде бірдей дауыс берген үшемдер, жас жұбайлар, ерекше жандар, отбасымен сайлауға қатысқандар секілді ерекшелері бой көрсетті. Өзге қалаларда жұрт назарын аударған (кейіпкер кейпіне енген, жалаңаштанған, т.б. – ред.) сайлаушылар да болды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Парламент Мәжілісі  мен  мәслихаттар  депутаттарын  сайлау күні Қазақстанда  609 сәби дүниеге келіпті. 19 наурызда елімізде 312 ұл, 297 қыз, соны­мен қатар бір егіз бала дүние есігін ашқан. Яғни, Сайлау мен Сайлаукүлд­ер  саны  артты  деуге  болады.

Сонымен, «Еуразиялық интеграция» институты әлеуметтік зерттеулер департаментінің жетекші сарапшысы Әйгерім Ергенболат­қызының  мәліметіне  сүйенсек,  еxit  poll  нәтижесі  келесідей:

Amanat партиясы – 53,46 пайыз;

«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,52 пайыз;

Respublica партиясы – 8,9 пайыз;

Қазақстан халық партиясы – 6,25 пайыз;

«Байтақ» жасылдар партиясы – 3,22 пайыз;

Қазақстанның «Ақжол» демократиялық партиясы – 7,87 пайыз;

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,31 пайыз;

«Бәріне қарсымын» – 4,47 пайыз.

Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша, қазақстандықтардың 54,19 па­йызы Мәжіліс және мәслихат сайлауында дауыс  берді. Сайлаушылардың ең көбі – Қызыл­орда облысын­да (65,70 пайыз), ал ең азы Алматыда (22,95  пайыз)  дауыс  берген.

– Күні кеше өткен Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау науқанында Қызылорда облысының халқы бірліктің, тұтастықтың ерен үлгісін көрсетіп, республика бойынша сайлауға қатысу деңгейі бірінші орынға тұрақтады, – деп жазады Қызылорда облысы әкімінің  баспасөз  қызметі.

19 наурыз 19:00-дегі жағдай бойынша шет елдер­де 11  учаскелік сайлау комиссиясы (Сеул, Токио, Пекин, Сингапур, Куала-Лумпур, Ұлан-Батыр, Гонконг, Шанхай, Бангкок, Джакарта және Ханой) жұмысын аяқтады және 5 071-ге жуық Қазақстан азаматы дауыс берді, бұл – 41,8 пайыз.

Ал, СОЦИС-А кешенді әлеуметтік зерттеулер институтының еxit poll қорытындысы бойынша дауыс  беру  нәтижесі  төмендегідей:

Amanat партиясы – 54,42 пайыз;

Ауыл халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 10,21 пайыз;

Respublica партиясы – 8,79 пайыз;

Қазақстан халық партиясы – 6,89 пайыз;

«Байтақ» жасылдар партиясы – 2,17 пайыз;

Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық пар­тиясы – 8,21 пайыз;

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 4,91  пайыз.

Орталық коммуникациялар қызметінің эфирінде «Демократия институты» зерттеу қауым­дастығы жариялаған еxit poll қорытындысы да осыған  ұқсас.

Онда   Amanat  партиясы  –  53,33  пайыз,  «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 11,26  пайыз  деп көрсетілсе, Respulica партиясы – 8,33  пайыз, Қазақстан  халық  пар­тиясы 6,93 па­йыз  жинаған. «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,51 пайыз, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық  партиясы 8,87 пайыз дауыс жинаса, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 5,12 пайыз дауысқа  алдын  ала  нәтиже бойынша ие болып отыр. «Бәріне  қарсымын» графасы – 3,65  пайыз.

АҚШ-тан келген байқаушы, Eurasian Security & Prosperity portfolio аға директоры, доктор Камран Бохари Қазақстандағы сайлауға қатысты пікір білдірді. Ол биыл жаңа партиялардың қосылуы дауыс берушілердің таңдау жасауына әсер еткенін айтты.

– Біріншіден, алғаш рет қатысып жатқан жаңа партияларға мүмкіндік жасалды. Партиялар қандай құндылықты, ұстанымды насихаттап жатқанын қарасаңыз, бірқатар сала қамтылғанын байқауға болады. Жалпы, Қазақстан қазіргі күрделі геосаяси кезеңде өзінің бастамаларын жүзеге асырып жатқанын маңызды деп білеміз. Қазір сайлаудың түпкілікті нәтижелері жарияланған жоқ. Сондықтан нақты қорытындыны алғаннан соң, тиісті талдау мәліметін көпшілікке таратамыз, – деді байқаушы.

ҚР Парламенті Мәжілісі мен маслихаттар сайлауында «Baqyla» қоғамдық қозғалысы сайлау процесін бақылауға араласып, республика бойын­ша 25 қала мен елді мекенді қамти алғанын айтады. Бұл туралы олар арнайы өткізген баспасөз жиынында  айтты.

«5 мыңнан астам бақылаушыны оқыттық. Сайлау күні елдегі барлық сайлау учаскесінің 3 мыңын, яғни 30 пайызын қамти алдық деп айта аламыз» дейді  «Baqyla»-ның  бастамашылары.

Жалпы, Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлауы – еліміздегі саяси реформалардың жалғасы. Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Былтырғы референдумда халқымыз бұл реформаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшті» деп атап  өткен.

Ел өмірі үшін маңызды саяси науқан күні Қаза­лы аудандық оқушылар үйінде орналасқан №56 сайлау учаскесі сайлаушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады. Мұнда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында «Этноауыл» құрылды. Сайлауға келген дауыс берушілерге ұлттық ас өнімдері ұсынылып, өнерпаздар ән-шашуын тарту етті. Мұндай мерекелік думан еліміздегі көптеген сайлау учаскесінде болды деп айта аламыз.

Бүгінде жан-жақты саяси жаңғыру процесі жүйелі түрде жүріп жатыр. Былтыр наурыз айындағы президент Жолдауында оның бағыт-бағдары айқындалды. Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, ауқымды реформалар жүзеге асып келеді дей аламыз.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: