Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағашта жаңалық көп

29.12.2021, 9:45 65 0

HALYQLINE.KZ Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Жалағаш ауданына барып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жаңа тұрғын үйдің пәтер кілтін табыстады.

Салтанатты шарада облыс әкімі барша тұрғындарды мерейлі мерекемен құттықтап, құтты қоныс болуын тіледі.

– Баршаңызды алдымен қадірлі де қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы және Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын!

Сыр елі қарқынды даму үстінде. Жыл сайын өңірімізде түрлі жаңа нысандар бой көтеріп, көркейіп-көріктене түсуде. Уақыт өткен сайын аудан халқының саны артып келе жатқаны сөзсіз. Бір шаңырақтан өрбіген ұрпақ бірнеше отбасы болып, жаңа отау көбеюде. Сондықтан, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі мәселе ретінде менің назарымда болады.

Құрметті жаңа қоныс иелері! Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! Іші шаттыққа толып, балалардың күміс күлкісіне бөленсін! – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Жаңа тұрғын үй кілтін табыстау рәсімінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев көрсетілген қолдауға тұрғындар атынан алғыс білдіріп, мерекеге орай құттықтауын жеткізді.

Салтанатты шарадан соң аймақ басшысы 6 баланың анасы Әлия Қадырманованың шаңырағында болып, көпбалалы жанұяға газ плитасын сыйлады.

Айта кету керек, биыл облыс бойынша тұрғын үй құрылысына мемлекет қаржысы есебінен 9,8 млрд теңге бөлініп, 61,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 45 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.

Жалағаш ауданында биыл 1800 шаршы метр 30 тұрғын үй берілуде.

Мұнымен қоса аймақ басшысы биыл жаңадан бой көтерген Рәміздер аллеясына барып, жұмысын саралады. Бас мердігер – «Айбар-Ш» ЖШС. Ту тұғырының ұзындығы – 25 метр, Тудың ұзындығы 3,6 метр құрайды. Жалпы аллея 50 сотық жерде орналасқан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: