Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үкілі үшеу

29.12.2022, 10:20 181

Он бес күн қалды. Содан кейін біз сенатордың креслосына кімдердің отыратынын білетін боламыз. Жалпы, жұрт президенттік сайлаудан кейінгі сүбелі орны бар саяси науқанға Сенат сайлауын теліп жүр. Демек, сенатордың салмағы ауыр секілді көрінеді де тұрады. Содан шығар, сол орынға ұмтылушылар көптеп  кездеседі. Бұл жолы да солай болды.

Өткен сенбіде Орталық сайлау комиссиясы отырыс өткізді. Онда ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат­тарды тіркеу қорытындылары қаралды. Жалпы, сенаторлардың 20 мандатына ұсынылған 130 үміткердің 66-сы тіркелген. Сонда 1 мандатқа 3 үміткерден келіп тұр. Белгілі болғандай, әлгі 66 үміткердің 63-і (95,5%) – өзін-өзі ұсынған, тек үшеуін (4,5%) мәслихат ұсынды. Тіркелген үміткерлердің 46-сы – ер және 20-сы – әйел. Кәсіп тобына жіктесек, 4 кандидат – Сенаттың қазіргі депутаты, 15-і – мемлекеттік ұйымдардың, кәсіп­орындар мен мекемелердің қызметкері, 29-ы – мемлекеттік қызметші, 13-і – коммерциялық құрылымдардың қызметкері, 5-еуі – қоғамдық ұйымдардың өкілі. Ал, мамандығына келсек, 3 дәрігер, 7 инженер, 8  заңгер,  1 саясаттанушы, 1 журналист, 14 оқытушы, 9  экономист, 10 ауыл шаруашылығы қызметкері, 13  басқа  мамандық  иесі  бар. Үміткерлердің  орташа  жасы – 51,8  жас.

Қызылордада да әу баста 8 кандидат депутаттыққа  ұсынылған еді, оның 3-еуі тіркеліп, 1 үміткер, яғни Жеңісбек Бердешов Конституция  мен Cайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келмеді, Наурызбай Байқадамов тіркеу  үшін  көзделген  құжаттардың   барлық  тізбесін  ұсын­баса, Нұрғали Қордабай таңдаушылар дауыстарының қажетті санына  ие болмады. Ал, бәсеке бел ортасынан асқанда сенаторлық таққа  таласуға  белді  бекем  буған  екі  кандидат – Мұрат Тлеумбетов  және  Жасұлан Жарасбаев өз өтініштерімен «ойын­нан» тыс қалды. Сөйтіп, Сыр елінен өзін-өзін ұсынған үкілі үшеу – Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов, «Қызылорда сушар» өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов және Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов саяси бәсеке көрігін  қыздырғалы  тұр. Бір  қызығы, үшеуі  де – «Amanat» партиясының  мүшесі.

Облыстық сайлау комиссиясының кандидаттар тіркел­геннен кейін Мемлекеттік кірістер департаментіне активтері мен міндеттемелері туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеруге жолдаған сұрау салуларына 3 кандидаттың мәліметтерінде ауытқушылықтың болмауы туралы жауап келді. Тіркелген канди­даттардың сапалық құрамына келсек, 3-еуі – ер адам, кәсіп түрі – 1 әкім, 1 мемлекеттік кәсіпорынның қызметкері, әрі мәслихат депутаты, 1 мемлекеттік қызметші. Мамандығына жіктесек, 1 инженер, 1 туризм саласының маманы, 1 оқытушы, тіпті  бір  кандидаттың  бірнеше  мамандығы  бар. Ал  олардың орташа  жасы – 54 жас.

Дүйсенбіден бері үміткерлер таңдаушылардың, яғни тиісті аудан, қаладан сайланған облыстық, аудандық, қалалық мәслихат­тардың депутаттарымен кездесулер өткізіп жүр. Кездесу барысында кандидаттар таңдаушыларды өз сайлауал­ды бағдарламаларымен таныстырып, сұрақтарына жауап бере­ді. Әріптестері,  яғни жергілікті мәслихат депутаттары кімді таңдайды, алдағы алты жылда сенатордың креслосында кім отырады, оны 14 қаңтарда білетін боламыз. Үшеудің  «үкілісінің» оқ  бойы озып шығатынына  төрелікті  уақыт-патшаның  құзырына  қалдырайық.

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: