Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Тұз» көзірдің өзі бір-ақ картаны басады

11.08.2022, 11:55 1732

Саясаттан мүлде хабары жоқ інім екеуіміз карта ойнауды бастадық. Әбден ескіріп, шеті жұқарған қатты қағазды сытырлата аралас­тырып таратты. Қолыма кілең дамы, валеттер жинала қалыпты. Сонымен бірге, «6 қиық», «8 табан», «10 шыбын», «10 крест» менің қолымда тұр. Ал жерде ашылған көзір – «10 қиық». «Алтылық» ойын­ның ережесінде 6-дан төмен цифрға ие карта болмауы тиіс екені түсінікті.  Ал  ойын  басталды.

Інім жерге бірінші болып, өзінің қолындағы «6 кресін» тастағаны сол еді, бірден «10 креспен» баса түстім. Яғни, ойынның басында жерден карта көтерілген жоқ. Битваны жауып, жерден карта көтердім  де, қолыма жаңа ғана келген «9 шыбынды» қойдым. Ізін ала, «6 крестпен» баса салды. Ойын қыза түсіп, жерге кілең цифрға ие карталарды тастаудамыз. Соңында бейне бір үлкен жоспар тұрғандай көрінді. Жерге қанша көзір түссе де, оған бас қатырып отырған біз жоқ. Теміртордың тұтқыны секілді тығырықтан қаша алмаған күнәһарға ұқсап қалған «валет қиық» ендігі болашақтан үмітін үзгендей жерге түсті. Алғашқы пагонға ие көзір жерге түскенде сондай аянышты көрінгенімен қолымдағы «дамы қиықпен» баса салдым. Еш қиналмадым. Қазіргі кейбір адамдар секілді аяныш сезімі мүлде болмады. Бұл ойынның ең қызған шағы біз картадағы барлық цифрды түгел тауыстық. Ендігі қолымызда қалған «патшалармен» жүріс жүру ғана қалды. Менің қолымда көзір «тұз» бар. Оның қойған карталарына кезекпен кезек валет, дамы, кароль, тұз тастап, ұтып кеттім. Менің қолымдағының барлығы көзір болатын. Мұндайды ойында мүлде көрмеппін. Себебі, бұл алдын  ала  дайындалмаған  карта  еді.

Бұл ойында көзір «шендердің» менің қолыма қалай жинақталғанын түсінген жоқпын, өйткені карта көз алдымда таратылған. Тек ойы­нның соңында ғана інім алдын-ала толық жоспарланып, карталар мен жүрістер реттеліп қойғанын түсіндірді. Мұндай нәрселер тек ойында емес, бақыт пен билікте де кездеседі. Егер, інім әділ ойнағанда кім жеңетіні белгісіз болушы еді. Жүріс соңында бір нәрсе түйіндеп үлгердім. Десе де, бұл карта кейпіне енген басшылардың әрекетіне ұқсайды. Бірін-бірі анда да, мында да «лақтырып», көзір барлығынан үлкен болса да қолай­лы сәтті күтіп қолдан түспеді, соны­мен бірге, ойындағы құпияға толы сандар да өз алдына әкім-қаралар­ды  білдіріп  тұрғандай…

Сіз мақаладан дөп басар ештеңе түсінбегеніңізді білемін. Өйткені кез келген жерде құпиялық саясаты жүзеге асатынын білгеніңіз абзал. Шынын айту керек, қай жерде болмасын, бір басшы барлығынан мансабы жоғары болғанымен оны басып кететін бір басшы болатынын белгілі. Сайып келгенде «тұз» барлығынан үлкен болса да, тек бір ғана картаны баса алады. Өйткені ол – жалғыз. Біздің де билікке қарасақ ауыл-аудан әкімдерін ұзақ ұстамай орнын ауыстырып, тұрақталықтың тегін бұзуда. Жыл сайын орындарын ауыс­тырып, жаңару «дәуірін» өткі­зіп жатыр. Картада цифрларды ортаға тастап отырғанда осыны ойға алдым. Одан кейін «валет», «дамы», «король», «тұз» да бір-бірін жеп тастағандай бірінің үстіне бірі түсті. Сонда да «тұзды» ешкім жеңе алмады. Өйткені ол ереже бойын­ша ең үлкен құзіреттілікке ие. Біз­дің мемлекетте қаншама «тұзды» басшылар отқанымен, көзірден асып түсе алмайды. Бұл жердегі карталардың барлығы қауқарсыз, жай ғана ойды қозғауға арналған. Бұрын бұл «алтылық» ойы­нын ойнағанда мәніне ұғынбайтын едім. Сөйтсек, ойға келмейтін оқиғаларды осы жерде көруге болады екен. Бұл ойынның ережесіне үңілсек, өзгертілмейтін қатаң қағида бар. Ал біздің одан аз  ғана  айырмашылығымыз  бар, ол – барлығын өзгерте алатындығымызда… Тереңге үңіліңіз, сал­қындық пен ылғалды сол жақтан ғана  табасыз.

МҰНАРА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: