Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұран төріндегі Тасбөгет

28.10.2023, 17:00 323


Кеше шаһар басшысы Асылбек Шаменов аймақтың 85 жылдығы және Қала күнімен қатар келген Тасбөгет кентінің 75 жылдық мерейтойына арналған «Тасбөгетім – тамыр тегім, құт мекен» атты мерекелік іс-шараға қатысты.

Құрметті қонақтар мен кент тұрғындары алдымен құтты мекеннің өткенінен сыр шертетін театрландырылған қойылымға куә болды.

Тарихы да, тағдыры да Сырдария өзенімен және Қызылорда қаласымен ертеден еншілес бұл мекен 1948 жылдан бері қарай стратегиялық маңызы жоғары плотина құрылысымен бүкіл Одаққа белгілі болды.

Мыңдаған құрылысшының маңдай терімен салынып, аймақтың ауылшаруашылық саласына серпін берген бөгетті жағалай ел қонып, елдімекен Тасбөгет атанды.

Кеңес төрағасы Тасмағамбет Батыршаев бастаған азаматтардың жанкешті еңбегі тарих бетінде қаттаулы. Жылына 2 миллионнан астам қыш дайындап, құрылыс жұмыстарын кідіртпеген Әбілда Сапарбаевтың жұмысшы тобының да өлшеусіз үлесі әлі күнге аңыз болып айтылады.

Қалыптасу кезеңінен бастап қаншама тағдыршешті оқиғалардың куәсі, екі мәрте Сырдария ауданының орталығы болған құтты қоныс 1997 жылғы 17 маусымда Президент Жарлығымен Қызылорда қаласына қосылды. Тағылымды тарихты баяндайтын қойылымнан соң шараның алғы сөзін сөйлеген қала әкімі Асылбек Шаменов кент тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.

«Тұран төріндегі Тасбөгеттің бүгінгі келбеті ерекше. 32 мыңға жуық халқы бар іргелі орталық соңғы жылдары адам танымастай өзгерді.

Көлемі ұлғайып, құрамына «Сабалақ» бау-бақшалық серіктестігі мен «Иіркөл» елді мекені енген өрісті мекенге айналды. Әлеуметтің әл-ауқаты артып, кенттің экономикалық көрсеткіші еселенді. Биыл бюджет пен демеуші көздер және инвестиция есебінен 9 млрд теңгеге кент тынысына жаңаша леп беретін жарқын жобалар жүзеге асты» деген шаһар басшысы Асылбек Шаменов кенттегі өзге де жетістіктерге кеңінен тоқталды.

Бүгінде кент орталығынан инвесторлар 4 млрд теңгеге 338 пәтерлі көпқабатты 4 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. Бұл үйлер жақын күндері пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, құны 542 млн теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да аяқталуға жақын. Аймақ басшысының тікелей қолдауымен бой көтерген нысан тасбөгеттік жасөспірімдерге ерекше тарту болмақ.

Жыл белесінде кенттегі 41 көше жөндеуден өтті. Жолдардың бойына жарық шамдар орнатылды. Тұрғындардың талап-тілегіне орай кентте атқарылып жатқан игілікті шаруадан «Еңбек» және «Өркендеу» саяжайлары да қалыс қалған емес.

«Сабалақ» саяжайына газ желісін тартуға демеушілердің көмегімен 100 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Кенттің шығыс бетінде қоныстанған тұрғындардың кәріз судан шығатын жағымсыз иістен арылуы үшін нақты шаралар қолға алынды. Яғни, кәріз су тазарту станциясын толығымен жаңғыртуға құны 37,5 млн. теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға ұсынылды.

Ал, аймағымыз үшін аса маңызды жобалардың бірі – кент аумағында орналасқан бас тоғанды қайта жаңғыртудан өткізу еді. Бұл мақсатқа бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлініп отыр.

Кенттегі ауыз толтырып айтарлықтай ілкімді істерді тілге тиек еткен қала әкімі Асылбек Шаменов аймақтың бас шаһарындағы игілікті жұмыстарды және ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары жөнінде баян етті.

«Расында да облыс орталығы Қызылорда қаласындағы құрылыс қарқыны, жаңа жобалар ағыны жыл өткен сайын үдеп келеді. Оның барлығы Президентіміз бен Үкіметтің тұрақты қолдауының, аймақ басшысының байыпты бастамаларымен, елге болсын деген атымтай-жомарт азаматтардың жанашырлығымен жүзеге асуда. Осы орайда қаламыздың даму көрсеткіштерінде тасбөгеттіктердің де зор үлесі бар екенін айтқым келеді» деген шаһар басшысы Асылбек Шаменов тасбөгеттің ауызбіршілігінің айнасы болған ақсақалдарға, ел азаматтарына шынайы ризашылығын білдірді.

Содан соң қабат келген мерейтойлар аясында мерейлі 75 жасқа толған, өңір дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген бірқатар тасбөгеттіктерді арнайы алғыс хатпен марапаттап, 75 жылдықтың символикалық белгісі ретінде 75 мың теңге қаржылай сыйақы табыс етті.

Мерекелік шара кент тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлаған елімізге белгілі эстрада жұлдыздары мен жергілікті таланттардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: