Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түркі әлемінің бірлігі

28.11.2024, 10:40 523

Берлин топырағында мәңгілік пана тапқан Мұстафа Шоқай бір аунап түскен шығар-ау?! Неге деген сұрақ туындауы заңды! Түбі бір түркіні бір байрақтың астына жию, бірлігін бекем ету түркістандық демократтың басты арманы емес пе еді? Балапан басымен, тұрымтай тұсымен алаң қоғамда, сонау ХІХ ғасырдың басында көк түріктің бірлігін, мемлекеттілігін көксеген М.Шоқай арманының ақ таңы атып келеді! Келеді емес, келді. Ақ таңы атты!

Бірер ай бұрын түркі мемлекеттері арасында оқ бойы озық Түркия тарихтың жаңа парағын ашты. Жаңа парақ дей алмаспыз, ер түріктің өр мінезі туламасын деген пиғылда жазылған атауды өшіріп, осы уаққа дейін Орталық Азия аталып келген аймақты Түркияның балғын­дары Түркістан деп танитын болды! Былай айтқанда, ажырай бастаған бабалар соқпағына қайта түсті десек болғандай. Мұны Түркияның Ұлттық білім министрі мәлім етіп, келер оқу жылынан бастап әрбір Түркия оқушысы Қазақ­стан, Өзбекстан, Қырғыз елі, Тәжікстан, Түрікменстан және Солтүстік Ауғанстан орналасқан  аймақты Орталық Азия емес, Түркістан  деп  танымақ.

Мұстафа Шоқайдың арманы да осы емес пе?

Қазақтың ғана емес, күллі түркі дүниесінің бірлігін  аңсаған М.Шоқайдың  үзеңгілесі  Әлихан  Бөкейхановтың да, Алаш арыстарының  да  мұраты  осы  еді!

Жаңа дәуір, жаңа кезең, жаңа тенденция. Алаш арыстары һәм түркі әлемінің бірлігін аңсаған тұлғалар күткен азаттық қазаққа кеш болса да жетті. Боздақтар армандады, ұрпағы сол арманның таңымен бірге атты. Қазір Қазақ­стан егемен. ХХІ ғасырға қадам басқан еліміздің көксегені де, көздегені де – бейбітшілік, тұрақтылық һәм уақыт талабына сай жаңғыру. Қай заманда да қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қоғамды бүлдіруге, іріткі салу­ға ниеттілер болады. Мұндай ниеттілер кейде тұтас өркениетті, мәдениетті құртып, жойып, ізім-қайым етуге бейім. Оларға адами һәм қоғамдық құндылықтың құны көк тиын. Олардың мақсаты – хаос. Қоғамды құрдымға, тыныштықты тығырыққа, өркендеу һәм өрлеуді ылдиға итермелейді. Мемлекеттік тұрақтылық пен бірлікке бұлт үйіреді. Оны әлемдік геосаяси  жағдайдан  аңғару  қиын  емес.

Дүниенің әйнегіне көз жүгіртелік. Таяу Шығыс, Африка һәм Еуропа. Әлсін-әлсін буыр­қанған арпалыс. Сапырылысып, үдере көшкен халық. Үдере көшіп, тыныштық ұя салған Жерұйықты іздемесе де, бейбітшілік бар жерге ауған жұрт. Мұндай факторларға бірден-бір себеп – халықаралық, конвенцияаралық заңнама һәм келісімдердің аяқасты болуы. Сайып келгенде кей геосаяси жағдайдың астарында бұғып жатқан империалистік амбициялардың болуы айқын байқалуда. Тарихи әділдік іздеу, халықаралық келісім бола тұра территориялық дау-дамай туындату һәм демократиялық желеу негізінде «отарлау» сынды көрініс қалыпты құбылысқа айналғандай. Кей саяси сарапшы бұл жер дүниесінің конфедерацияларға бірігуіне итермелейтінін ашық айтып жүр. Өйткені, әлемдік  геосаяси  жағдайдың  ұстыны  сондай.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

ҚР Парламенті Сенатының  депутаты:

– Саммитте Түркі мемлекеттері ұйымының туының жаңартылған нұсқасы қабылданды.

Оның ерекшелігі – сегіз бұрышты жұлдыз қосылғанында. Қазақ хандығында, Әмір Темір заманында, Салжұқ мемлекетінде, Қарахан кезеңінде және көк түріктер тұсында кеңінен қолданылған сегіз бұрыш төрткүл дүниеге төрелік еткен түріктің тұтастығын һәм рухани шексіздігін білдіреді.

Алғаш Туды қабылдағанда оған тікелей қатысымыз болған еді, мағынасы толыса түскен жаңа нұсқаны да қуана қабылдадық.

·             

Қазір жаһандану һәм бірігу дәуірі. «Жау жоқ деме, жар астында» дегенді айтқан баба жұрттың асыл ұлы хакім Абай тіршілік үшін бірлік керегін, бірлік болғанда ақылға бірлік қажеттігін дөп айтыпты. Халықаралық саяси аренада мүдделестер бірігуде. Кірікпесе де бірлесе ғаламдық тынышсыздықта қарману­да. Ұжымдық қауіпсіздік қалыптастыруда. Көк бөріні пір тұтқан ер түріктің құмалақтай шашылған ұрпағы әлемнің әр бұрышында шашылып, өз алдына дербес-дербес мемлекет болған. Бірінің ғаламдық геосаяси үні өктем. Бірі барынша бейтараптылықпен күн кешуде.

Мемлекет ретінде де өсіп-өркендеуінде әралуандық бар. Бірақ даласы бөлек болғанмен, тамыры, тұрмысы басқа болғанмен, тарихы бір түркі елдері қашанда бір-біріне бауырмалдық танытып келеді. Тарихқа көз жүгір­телік, Қазақстан тәуелсіздігін алғанда алғаш мойын­даған Түркия еді. Сол Түркия қашан­да еліміздегі саяси үдерістерге оң көз­қарас танытып келеді. Тіпті, алысқа ат шаптырмайық, биыл көктемде ұлан-ғайыр атырабымызды су басқанда да түбі бір түркі елдері ат-тонын артып, қол ұшын созды. Қазақстан да бауырлас елдердің басына іс түскенде қарап қалып жатқан жоқ. Түркиядағы зілзалада алғашқылардың бірі болып көмегін берді.

Жанталасу тұрмысына тән жаһандану дәуі­рінде тамыры мен тарихы бір елдердің біріге түсуі – уақыт талабы. Түркітілдес мемлекеттердің бірлесуі әлдеқашан басталған. Әуелде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі аталды. 2009 жылы Қазақстан, Әзірбайжан, қазіргі Қырғыз Республикасы және Түркия кеңесті құруға қол қойды. 2021 жылы Түркиядағы саммитте Түркі мемлекеттер ұйымы деген атқа ие болды. Ұйымның өз туы бар-тын. Биыл 6 қарашада Бішкекте өткен саммитте ұйымның туы өзгерді. Оған себеп – Қырғыз Республикасы мемлекеттің туын өзгерткен еді. Соған  сай  ұйымның  байрағына  өзгеріс жасал­ды.

Тудың бұрынғыдан айырмашылығы – жаңа дизайн. Қазіргі кейпі түркі әлемінің мәдени-­тарихи ерекшелігіне көбірек назар аударады. Тудың жаңа нұсқасының түстері мен өрнектері түркі халықтарына тән, ұйымға қатысушы­лардың ортақ мәдениеті мен терең тарихи тамырл­арын  атап  көрсетеді.

Көк пен ақ сияқты түстер тазалықпен, табиғат­пен,  дәстүрмен,  дала кеңістігімен астасып, күш-қуатты, үйлесімділік пен мәңгі­лікті  білдіреді.

Жаңа таңба – сегізбұрыш – басшылық пен даналықтың  белгісі.

Күн – ашықтық пен өміршеңдікті бейнелейді. Нұр – түрік әлемінің жолын нұрлан­дыратын және оны жарқын және гүлденген болашаққа апаратын ортақ құндылықтар мен ортақ  көзқарасты  білдіреді.

Бүкіл түркі әлемінің әйгілі символы – жарты ай мен жұлдыз  түрік мемлекеттілігін, өркен­деуін,  болашаққа  ұмтылысын  білдіреді.

Жалпы, түркі елдерінің бірігуі алаңдат­пауы керек, қайта үлкен үдерістің алғашқы қадамы деп  түйсінген абзал. Әсіресе, ұжымдық қауіп­сіздік мәселесі бірінші қуаныш болғаны абзал. Қазір Түркия әскери қауқары жағынан үздіктер қатарында. Әзірбайжанның жетім баладай болған Таулы Қарабағын қайтаруда Түркия қалқан  бола  білді. Оның үстіне заманауи әскери жабдықтары әлемдегі бейбітшілік миссияларында дүниенің таңданысын тудыр­ды. Бір ғана «Байрақтары» көк түріктің жауынгерлік әлеуетін шын байқатты. Осындай прогресі  бар елдің қандай қилы кезең болса да Қазақстанға  қалқан  бола  алатыны  шын  қуантуы  тиіс.

Қазір әлем бірігуде. «Бірліксіз тірлік болмас»  деген  баба  жұрттың тәмсіліне арқа сүйей­тін күн жетті. Ал Түркі мемлекеттері ұйы­мы – бауырлас елдердің бірлікпен қарекет етуіне, ұжымдаса әлемдік геосаяси жағдайда тұтас­тығын сақтауға үлкен мүмкіндік. Себе­бі, көк түріктің ұрпағы бұл ұйымды сол үшін құрған  еді.

·             

·            Дастанбек  САДЫҚ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: