Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ РУХАНИ СЕРПІЛІС ҚАЖЕТ немесе ТҮРКІТІЛДЕС ЕЛДЕРДІҢ «ҰЛЫ ОДАҒЫН» ҚҰРУ ТУРАЛЫ

28.06.2023, 12:00 244

Қазақ – 3-4 мың жылдық тарихы бар, Сақ, Түркі тегінен тарайтын рухы да мықты, ұлан-байтақ жері де бай, дана халық.

Қазіргі жаһандану заманында бір жағынан әлемдік дағдарыс болып жатқан келеңсіздіктер қысса, ал екінші жағынан жаңа технологиялар жетістіктері, интернет, роботтандыру, жасанды интеллект, цифрландыру, т.б. жаңалықтарға ілесе алмаудамыз. Қандай бай болса да қазіргі жағдайда бір мемлекеттің алға шығып кетуі, қатты дамуы мүмкін емес. Оны өмір көрсетуде.

Қазір әлемдік бәсекелестікте болу үшін аймақтарда мемлекеттердің біріккен күші, біріккен интеграциялық келісімдері арқылы мегажобаларды іске асыру маңызды. Мен осыны ойлап, алдымен біздің шыққан тегімізге мән беріп, қысқаша шолу жасап, түркітілдес елдердің, мемлекеттердің мүмкіндігіне қарап, жаңа өркениетте, жаңа идеямен қалай дамуға болатындығымызды көрсеткім келеді.

Біздің көне Түркілердің байырғы мекені Алтай мен Орталық Азия, Оңтүстік Сібір жерлерінде неолит (жаңа тас) және қола дәуірлерінде, ертеде (Иерихан б.з.б. VII мыңжылдықта) жерді игеріп, тұрмыс-тіршіліктің басталғаны белгілі. Жалпы, ежелгі түркілерді тарихта скиф, сақ, хун-ну, ғұн, үйсін, қаңлылармен тектес ұлыс ретінде қарайды. Ал Ашина тайпасынан шыққан Түркі тегінің ұрпақтарына келсек, тарихта ғұндардың көсемі Мөдеден бастап, Томирис, Атилла, Ертонға, Тоныкөк, Бумын, Мұқан, Естеми, Иоллығтегін, Шыңғысхан, Әмір-Темір, Құбылай, Байбарыс, Ұлықбек, Сүлеймен Сұлтан, Ататүрік, т.б. ондаған ірі мемлекет басшыларын, қағандар мен хандарды айтса болады.

Осындайда бірінші сұрақ туады. Түркі халықтары сол уақытта саны да соншалықты көп емес, сөйтсе де қалай жарты әлемді басып алды? «Осыншама күш-қуатты, құдіретті олар қайдан алды екен?» деген сұрақ туады. Түркі қағанаты 3 мың жылдық тарихымен шығысы Тынық мұхи­тынан бастап, Корея, Қытай Сунь империясымен қоса алғанда, Вьетнам, Бирма, Комбоджа, Үндістан, Иран, Пәкістан, Ауғанстан, бүкіл орта Азия, Сібір, Волга, Каспий, Кавказ, Қырым, Жерорта теңізі, Вена, Тунис, Дамаск, Каир, Константинополь, Бағдат, Алжирге дейін жарты әлемді алып жатты. Ал жаулап, басып алған халқын алсақ, өзінен ондаған, жүздеген есе көп, содан «Түркі халқының феномені неде?» деген сұрақ туады. Бұл көп фактордан тұрады. Түркі адамы кім, туып-өскен тегі, ортасы, мінез-құлқы, мәдениетінің қалып­тасуы, т.б. шешуі қиын бір жұмбақ…

Мұндай әлемде болмаған феноменді ашу үшін тарихи деректерге сүйенейік. Түркі халқы азғантай Ашина әулетінен, Монғол Алтай жерінен шыққан күрескер, өжет тайпа болған. Ашина сөзі – «благородный волк» деген сөз. Қытайлар оларды  ту-кю, түркі деп атаған. Негізінде түркі сөзі «күшті», «мықты» деген сөз екен.

Түркілерде күтпеген жерден жау­ға тап беріп, тықсырып барып кенеттен қайта жоқ болып, қайта айналып жойқын күшпен соғатын соғыс тәсілдері күшті болды. Олар әп-сәтте қойға шапқан аш қасқырдай өз жауының ойран-топырын шығаратын. Егер (уақытысында Атиллаға салық төлеп отырған Рим) Рим империясы 9 ғасыр бойы соғыс жағдайында болса, 13 ғасыр бойы бес қаруын асынып, ат үстінде ойнақ салған түркі жауынгеріне, Түркі империясына қарсы тұрарлық күш әлемде болмады. Қытайдың өзі, оның императоры Цинь Ши Хуанди (221-210) түркі тегі ғұндардан қорғану үшін Ұлы Қытай қорғанын жылдар бойы тұрғызған.

Б.з.д. VI-V ғасырларда Түркі қаға­натының әлемдегі ең үлкен армиялардың бірі болған ІІ Кир мен Дарий патшалардың әскеріне қарсы тұруы, б.з.д. VI-V ғасырларда Еуропаны жаулап алуы, ал ХІІІ ғасырда жарты әлемді алуы, бір Құбылайдың өзі ұрпақтарымен Пекинде отырып Қытай­ды 100 жыл басқаруы және т.б. әлемді  мойындату дер едім.

Екінші сұрақ туады. «Неге түркі әлемі Рим империялары сияқты осындай империялық мемлекет бола тұра, кейін шашырап кетті? Қазіргі түркітілдес елдердің қайта өрлеуге мүмкіндігі бар ма және өзінің жаңа өркениеттік спиралімен дамуға қандай әлеуеті бар?» деген сұрақ мені толғандырады.

Бұған біржақты қарауға болмайды, себебі, тарихтан білеміз, әлемде небір империя болды. Кезінде әлемдік 6 империяның бірі болған Түрік империясында да осы тарихи логикалық үрдіс орын алды. Түркі халықтарының адамзаттың өркениеттік дамуында алатын, қосқан үлесі де мол екенін өмір дәлелдеуде. Оның басын Түркі ғалымы К.Маршан Түрік өркениетінің бар екенін алғашқылардың бірі болып дәлелдеген.

Түркі  империясы

Қазір жалпы түркітілдес халық­тың саны 200 миллионнан асады. Әрине, бұлар бұрын Еуразия құрлығының әр жерінде шашырамай, бір жерге жиналғанда, қазіргі түркі елдері АҚШ пен Қытайдай аса ірі, дамыған мемлекет болар ма еді? Болар іс болды, мұндай мүмкіндікті біздің тегіміз пайдалана алмады. Оларды бір-біріне айдап салды. Мүмкін олар бір-бірімен соғыспай, бірігіп басқа елдерді алғанда басқаша болар ма еді?! Қазір бәрі өткен соң жорамалдап айта беруге болады, бірақ, менің ойымша Түрік импе­риясында көп жылға бағытталған стратегиялық жоспардың сол кезде болмағаны  айқын.

Қазір ежелгі Түрік қағанаты 6 мемлекет және үлкен-үлкен автономиялар (Татарстан, Башқұртстан, Сақа, Тува, Хакас, Чуваш, алтайлықтар, ұйғырлар, т.б.) болып отыр. ХХІ ғасырдағы ендігі мақсат – осы түбі бір Түркі халқының басын бір-бірінен алшақта жүрсе де жаңа үрдіспен қалай қосамыз, қалайша интеграциялаймыз? Осымен байланысты қандай идеялар, жобалар бар? Міне, осыларды ойлап, іске  асыру  қажет  деймін.

Шамамен, осы ғасырдың орта шеніне дейін дүниежүзінде Түркі әлемі өз орнын ойып алуы тиіс. Егер біз мұны жасай алмасақ, онда дамыған капиталистік елдер бізді бөліп-бөліп өркениеттік жолдан сырт­қа шығарады. Тек осылай амби­циялық мақсат қойып, оған қол жеткізсек, Түркі әлемі дүниежүзінде ең биік дәрежеге, бағаға ие болуы мүмкін. Бұл мәселеде мемлекет басшылары мен ғалымдардың, зиялы қауымның  орны  өзгеше.

Қазіргі Түркі әлемінің экономикалық әлеуетін алсақ, жылда өтетін дүниежүзілік Давос экономикалық форумының ғаламдық бәсекелес­тік көрсеткіштері бойынша біздің жағдайымыздың әлі нашар екенін көруге болады. 2019 жылдың жаһандық бәсекелестік индексі бойынша алдағы 50 елдің ішіне бірде-бір түркітілдес мемлекет жоқ: Қазақстан – 55, Әзербайжан – 58, Түркия – 61, Қырғызстан 96-орында болса, Өзбекстан мен Түркіменстанның Давос экономикалық форумына көрсеткіштері енбеген. Ал тереңірек қарасақ, түркітілдес елдері денсаулық, білім, ғылым мен технология, қаржы жүйесі, әсіресе бизнес, инновациялық дамудан көп артта келеміз (80-113-орындардамыз). Бізге осы көрсеткіштерге, әсіресе, жаңа білім, ғылым мен технологияға аса мән беру  қажет.

Біздің түркітілдес мемлекеттері­міз әлі де болса көптеген тарихи, рухани, әдеби, тіл, археология, этно­графия жәдігерлерін сақтап келеді. Оған қосымша, археологиялық ізденістерден жаңа көптеген тарихи ескерткіштер, қазба байлықтар табылуда. Түптеп келгенде, бұл – біздің генетикалық тегіміз. Уақыты­сында ататегіміз бүкіл Азия мен Еуропа құрлығын дүр сілкіндіріп, үлкен империялық жойқын күшке айналдырған болса, біз, яғни Түркі әлемі, XXI ғасырда тарихымызды жандандыру арқылы әлемдік тарихтың төрінде екінші рет толыққанды отыруымызға  әбден  болады.

Ол үшін жоғарыда айтылғандарды ескеріп, барлық күшті бір түркі әлемінің кіндігіне жинау керек. Бұған, әсіресе, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері білек сыбанып тұрып атсалысу керек.

Дамыған мемлекеттермен бәсекелестікке түсіп, алда болатын Түркі әлемінің бір ғана жолы бар, ол – түбі тереңде жатқан рухани, тарихи-мәдени құндылықтарымызды жаңғыртуға үлкен  инвестиция  салып, оларды бірге көтеру.

Негізгі миссиямыз түркі дүние­сіне байланысты қазіргі әлемдік жағдайымызды саралап, жазба деректерді пайдаланып, оларды електен өткізіп, әсіресе алдағы болатын ізгілікті қоғамның дамуына өз үлесімді, көзқарасымды қосу, кейбір жобаларымды пайдасы тиер деген үмітпен ұсынып отырмын. Мүмкін, тағдыр біздің замандастарымызға ХХІ ғасырда түркі әлемінің дамуына серпіліс беру арқылы дамыған мемлекеттермен бәсекелес болу үшін осы қадамды жасауға мүмкіндік берген  шығар.

Түркі әлемін ХХІ ғасырда қайта жаңғырту үшін мынандай жобалар, іс-шаралар  ұсынамын:

1. Түркітілдес алты мемлекет (Түркия, Өзбекстан, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркіменстан), тағы да басқа түркітілдес халықтар бірігіп, «Түркі өркениетін жаңғырту туралы стратегиялық 2050 жылға дейінгі империялық концепция және бағдарламалар» қабылдау қажет. Шыққан көне тегімізді білуіміз үшін бұл  мегажобаның атын «Алға Түркілер – Ашина 2050» деп атаса жақсы болар  еді.

2. Басымдық ретінде арнайы «Түркі әлемінің рухани дамуына серпіліс беру» туралы (тарих, білім, ғылым, денсаулық, мәдениет, дін, тіл, т.б.) нақты қаржымен қамтамасыз етілген интеграциялық біріккен бағдарламалар қажет. Нәтижесінде, Түркі әлемінің 3 мың жылдық тарихын қайта жазып шығу және мәдени-тарихи мұра атласын жасау керек. Ғұннан бастап бүгінгі тарихымызға дейін тез арада «Түркі империясы» деген 3 мың жылдық тарихты қамтып, 30 сериялық тарихи деректі танымдық фильм жасау керек. Бұл фильм бүкіл түркі халықтарын  жаңа  рухта  тәрбиелеуде жаңа  идеология  болар  еді.

3. Әлемдік деңгейде «Түркістанда ғұн дәуірінен қазірге дейінгі тарихи, мәдени, географиялық панорама-музей» жасау. Мұның екі түрі болса: бірі – жабық мекемеде, ал екіншісі – Ұлы Жібек жолы бойында «көне түркі өрке­ниетінің ашық музей – мәдени қалашығы»  салынса  деймін.

4. Түркі  мемлекеттерінің  жылдық экономикалық өсімі 5-6%-ға өсе­тіндей  бағдарламалар жасау керек. Жаңа технология, жасанды интел­лект, робот­тандыру, интернет ресурс­тарын тиімді пайдалану жобалары жасалу қажет. Әр мемлекетте Ұлы Жібек жолын жандандыруға үлкен серпіліс беретін мегажобалары, рухани-логистикалық  хабтар  болу  керек.

5. Ауылды жаңарту, ауыл шаруа­шылығын дамытуға басымдық беру. Түркі әлемі өзінің үлкен жер байлығы­мен, азық-түлік өндіру мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Түркі әлемі келешекте азық-түлік державасына айналуы мүмкін. Ол үшін әр елде «Түркілердің ХХІ ғасырда ауыл кластері» бағдарламасын жасап, іске  асыру  қажет.

6. Түркі әлемінің даму жолын саралау және алдағыны жоспарлау ғылыми орталығын құру керек (Алма­ты, Ыстанбұл, Ташкент, т.б.). Әртүрлі ғылыми лаборатория ашу. Мысалы, «Түркі әлемінің генетикалық лабора­ториясын ашу», т.б. жаңа өркениеттің сұранысына байланысты ғылыми орталықтар ашу. Түркі мемлекеттерінің ғалымдары бірігіп «үш мың жылдық Түркі тарихын» қайта қарап, тағы бір електен өткізіп, жазып шығып, оны бүкіл әлемге тарату керек.

7. Жоғарыда айтылғандардың бәріне бір нүкте қоятын, алтын сандықтың шегесін қағатын ол 6 мемлекеттің және тағы басқа автономия­лы республикалар басшыларының осы мәселеге арналған «саммиті» болуы керек. Оған қоса бүкіл түркі әлемі халықтарының құрылтайын өткізу қажет. Сонда бәріне ортақ «Ұлы түркі өркениетінің  декларациясы» қабылданып, оны іске асыратын барлық шешімдер және іс-шаралар болуы  тиіс.

8. Жаһандану құбылысын ешкім тоқтата алмайды. Тек бір ғана жол – ол  халықтардың бірігуі. Түпкі мақсат  Еуроодақ (ЕС) сияқты бүкіл түркі халқын, мемлекеттерін біріктіріп, Түркі тегі (ТТ) деген «Ұлы Одақ» құру. Осы Түркі тегі одағы келешекте «ЕС, НАТО, САО» сияқты түркі әлемін қорғайтын күшті өз әскері, қарулы күштері бар ұйым болу керек. Сонда ғана дамыған алпауыт мемлекеттер бізбен санасатын болады.

Түркі тегі дегеніміз «Ұлы Одақ» құру арқылы Еуразиядағы түркітілдес елдерінің, халықтарының бірлігін сақтау, олардың көнеден келе жатқан тарихы, мәдениеті, діни, этникалық құндылықтарын жандандыру, әрі экономикасын үдемелі дамыту жүйе­сін  жасау  болып  табылады.

Оразалы  СӘБДЕН,

Қазақстан Ғалымдар одағының президенті,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

ҚР Президенті жанындағы ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық Кеңестің мүшесі,

э.ғ.д., профессор, академик

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: