Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаевтың тенденциясы

11.06.2020, 10:35 526

Осыдан тура бір жыл бұрын Елорда төріндегі Тәуелсіздік сарайында­ тәуелсіз елдің екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты  ұлықтау рәсімі өтіп, қызметіне ресми түрде кірісті. Халыққа шын ниетімен, адал қызмет етуге ант берді. Әрине, Ата Заңымыздың 42-бабына  сәйкес.

 – Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдарын­  қатаң  сақтауға, азаматтардың  құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы  Президентінің  өзіме  жүктелген  мәртебелі  міндетін  адал атқаруға салтанатты түрде  ант  етемін, – деп  айтып, ақ сарайда Әнұран ойнатып, зеңбірек атып, ту  көтергелі  жыл  айналып  келді.

РЕСМИ   РӘСІМ  һәм   САЯСИ  БЕДЕЛ

Қызметіне кірісер-кіріспестен озық идеялы, тақырыптық мазмұны кең он бағыт белгілеп берді. Халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар, соттық-құқықтық реформа, әлеуметтік саясат, сыртқы саясат, баспана­ мәселесі, өңірлерді дамыту, жастарды қолдау бағытында арнайы тапсырмалардың орын­далуын күн тәртібіне  қойды. Президент  сайлау­ына қатысқандардың 6,5 миллио­ны  «таңдап»  алған президенттің ресми рәсімі Қазақстанда алтыншы  мәрте өтті. Келесі саяси­ инаугурация қашан  болатынын да тап басып айту қиын. Сондықтан ел президентін ұлықтау­дан кейінгі бір жыл ішінде қандай іс тындырылды, нендей өзгеріс жасалды? Шолып­  көрейік.

Айтпақшы, бұл рәсім жасалмас бұрын Тоқаев­ елді отыз жылға жуық басқарып келген­ Назарбаевтың саяси беделі мен сіңірген еңбегін бағалай отырып, Астана қаласын «Нұр-Сұлтан қаласы» деп атауды ұсынып, ізінше жарлыққа қол қойды. Мұнысын біреу қолдады, біреулер құп көрмеді. Десек те, еліміздің бас қаласын ҚР Тұңғыш президен­тінің ныспысымен байланыстырып, атап келе жатқанымызға да жылдан асты. Ал қызметіне кіріскен  соң өз басқаруына өткен ел халқының  жалақысының төмендігін ескере отырып, қазақстандықтардың жалақысын орташа есеппен 30 пайызға өсіруге міндет жүктеді. Әдетте мұндай қаржылық процестер жартыжылдық қорытындыдан соң есептелетінін ескерсе­к, бұл жолғысы тыңнан түрен тартқандай шілдеден маусымға кері шегерілді. Жедел қимылдауы себебін әркім әрқилы түсінуге талпын­ғанымен, көпшіліктің ойы ортақ жерден түйісті. Онысы – ұлықтау рәсіміне дейін халықтың  әл-ауқатын  көтеруге  ұмтылысы.

МҰҒАЛІМДЕР   МҰҢЫ   ШЕШІЛДІ

Игі жақсы бастама одан әрі жалғасып, жаңа президентке алғыс жаудырғандар қатарына педагогтер де қосылды.

– Педагогтердің тамыз конференциясына қатыстым. Мақсаты­мыз­ – адам капиталының сапасын арттыру. Білім саласындағ­ы реформ­аларды жан-жақты ойластырып қабылдау қажет. Бірінші кезекте мұғалімдердің мәртебесін көтеру, олардың жалақысын  4 жыл ішінде 2 есеге көтеру міндетін жүктедім, – деді президент ретін­де алғаш рет тамыз конференциясына қатысқан Қ.Тоқаев.

Ізінше, 2019 жылдың қыркүйек айында педагог мәртебесін айқынд­айтын, педагогтің құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін және   шектеулерін,  міндеттері мен жауапкершілігін белгілейтін «ҚР  Педагог  мәртебесі туралы» ҚР Заңы қолданысқа енгізілді.

«ЖАРЫЛҚАУШЫ   ЖАРЛЫҚ»

Нағыз істің қызған шағы енді басталды. Бас-басындағы берешегі «әр итке бір сүйек қарыз» дегенге сай келетін халық президент пәрменімен жүзеге асатын борыш жүктемесін азайту процесін­е жаппай «жүгірді». «Жарылқаушы жарлыққа» қол қойғаны рас, бірақ берешегі бардың барлығына емес. Тізімге тек көпбалалы отбасылар, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар­, мүгедек балалары бар отбасылар мен тұрмыс деңгейі сын көтермейтін өзге де санаттағы азаматтар ілікті. Жергілікті жер­лердегі азаматтарға арналған үкімет пен банктердің алды ұзын-сонар­ кезектен көз ашпады. Алайда мұны үкімет белгілі тізім бойынша­ іске асыратыны белгілі болды. Сөйтіп бюджеттің «бүйірінен» тесіп алынған 106 миллиард теңгеге 500 мыңнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі несиесі өтелді. Одан кейін тағы да тізімге ілікпеген 57 мың азаматтың түрлі бағыттағы несиесі жабылы­п, кепілсіз тұтынушылық несиеге малынып отырған бір миллионнан астам халықтың несиелік айыппұлы мен өсімпұлы тоқтатылды. Бұл қамқорлық тапқаны түскі асынан артылмай жүрген талай отбасыға жаңа дем сыйлады.

ЕКІНШІ   ПРЕЗИДЕНТТІҢ  «ТҰҢҒЫШЫ»

Келісім мен татулық кілті, жасампаздық пен өрлеудің кепілі, тұтастық пен тұрақтылық тұғыры бар мемлекеттің келешек бағ­дарын айқындайтын саяси құжат «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталды. Бұл – ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз тенденциясының тиімді тармақтарын топтастырған маңызды құжат әрі халыққа арнаған тұңғыш бағдарламасы. Тәуелсіздік алғаннан бергі тарихи уақыттың өзі – тұтас дәуір. Осы аралықта да тамыры терең, қазығы мықты, өміршеңдігімен құнды реформалар мен стратегиялар қабылданды. Олардың барлығы да ел егемендігінің нығаюына септігін тигізіп, маңызды қадамдарға ұмтылуына бағыт беріп, жол ашты. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жаһандық ұйымдар мен өркениет көшіне ілесу үшін әлемдік өзгерістерден шет қалған емеспіз.

Әлеуметтік және экономикалық саясатқа жауапты құрылым­дардың қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес алдын ала нақты жұмыс жүргізуін қадағалауды тапсырған президент алдағы уақытта Жолдауда айқын көрсетілген міндеттерді жүзеге асырып, мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыс істеуге уәде беріп, берген уәдесінің барлығын орындайтынын айтып, елдің көңілін бір серпілтіп тастады. Бұқараға сенім мен серпіліс жасауға нақты қадамдарды айқындап берген мемлекет басшысы Жолдаудағы сөзін «Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз айқын, жолымыз ашық» деп аяқтағалы Жолдау жүгі өзінің маңызд­ылығын жойған жоқ.

АРЫС   АПАТЫ

Президенттік пәрмен, Жарлық, Жолдау, міндет, реформа, іссапар… Мемлекет басшысы осы міндеттер жүгін жеңілдетіп жүрген тұсында елдің оңтүстігінде алапат апат болды. Арыс апаты. Сол күнгі көңіл күй, ынта-жігер барлығы сол жаққа қарай ауғаны рас. Өйткені Түркістан облысы, Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағын­дағы оқ-дәрі қоймасы жарылып, тұтас бір ауылдың ұйып отырған шырқын қара қою түтін бұзды. Қызметіне кіріскелі алғаш рет қордаланған мәселелерден бөлек, төтенше жағдайдың  ортасына шұғыл жетті. Жойқын жарылыстан зардап шеккен 45 мыңға жуық тұрғынның мұң-шағымын тікелей өзі тыңдаған президентке халық риза болғаны рас. Десек те, мұның астарынан да саяси мазмұнд­ағы «шығарма» іздеп, әлекке түскендер аз болмады. Бұл – ел ішінде іссапарлардың ең маңыздысы, ең шұғылы әрі шиеленіске толы алғашқы президенттік сапары. Одан кейін шекара сыртынд­ағы мемлекеттік сапары Қытай, Өзбекстан, Ресей секілді елдерде  жалғасты.

ЕДЕЛ-ЖЕДЕЛ…

Ел тұрақтылығы мен аймақтар дамуының бағдарламасы негізінде қабылданған іс-шаралар өз кезегімен жалғасты. 2020 жылдың қайырлы басталуын тілеген жұрт ниетіне жетті. Алайда қыс мезгілі қақ ортасына ауар тұста Жамбыл облысына қарасты Масанч­и ауылында тұрмыстық жанжал болды. Елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың күрделілігін көбісі осы жанжалға қарап бағамдады­. Бұл оқиға да «өтті, кетті» деген баға алған жоқ. Істің ақ-қарасы анықталғанға дейін бұл өңірдің әкімінен бастап, жауапты­  сала басшылары да орнын босатты.

Халықаралық саяси-экономикалық, әлеуметтік, демократиялық, мәдени жағдайларды ескере отырып әзірлеген жұмыс жос­пары да рет-ретімен жалғасып келе жатқанда жаһандық экономиканың жолына коронавирустық пандемия кесе-көлденең тұра қалды. Десе де,  әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы шаралар қабыл­данып, бағыт-бағдар өз осінен ауған жоқ. Шұғыл түрде мемлекеттік комиссия ұйымдастырып, белгіленген бағыттан аумай, жұмысты жандандыра түсті.

 – Дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы пакеті 4,4 трлн теңгені немесе 10 млрд долларды құрайды. Бұл қаражатты дұрыс жұмсау арқылы дағдарысты жеңетініміз сөзсіз. Дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, әлбетте, бұл – қауіп, екіншісі – мүмкіндік. Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі нәрсе. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болу, – деген еді Ақордада Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында ел президе­нті.

Өзге елдермен қатар төнген қауіптің алдын алу, басты капиталды­ сақтау мақсатында Қазақстанда да төтенше жағдай режимі жариялан­ды. Жапа-тармағай індетпен арпалысып жатқан­ тұста оңтүстіктен тағы да «ши» шықты. Өткен жылдың жазында Арыс апаты әбігерге салса, биылғы көктемде Өзбекстанның Сардоба су қоймасы арнасының бұзылуы әбіржітіп жіберді. «Жығылған үстіне жұдырық» деген осы болса керек. Сардобаның салдары басылмай жатып, Түркістан облысының бірнеше ауылын толассыз жауын-шашын әсерінен арнасынан асқан өзен суы шайып өтті. Осы және өзге де белгілі себептер Қазақстанның жаңа президентінің біраз мүмкіндігіне кедергі келтірді десек те қателеспейміз.

Саяси  тұрақтылықтан  бастап, әлеуметтік ықпалдылыққа дейінгі арадағы  механизмдердің майда-шүйде тетіктері көлеңкеде­  қалып қойды. Алайда дәл осы кезеңдегі жағдайды көре отырып, мемлекет­ басшысының жұмысына толықтай баға беруг­е де бол­майды. Өз құзыреті шеңберінде атқарып жатқан жұмысы мен стратегия­лық жоспарлар жалғасуда. Бастысы, «Біз – бабалар дәстүрін қастерлейтін,  жаһанның  озық  жетістіктерін­е  ұмтылатын  халықпыз. Бұл – біздің күш-қуатымыз­дың діңгегі. Біз алдымыздағы барлық қиындықты бірге еңсереміз. Біз қуатты әрі гүл­денген Қазақстанның  өркендеуі­  үшін  бірге еңбек етеміз. Антқа адал болу, сертке берік  болу – менің халық алдындағы парызым. Қазақстанның жарқы­н  болашағы  мен халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін, – деп ел алдынд­а  уәдесін  берді. «Ер мойнында қыл  арқан  шірімес».

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: