Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаевқа тең келер кандидат табыла ма?

06.10.2022, 12:00 355

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте кезектен тыс президент сайлауы күзде  өтетінін  жариялаған еді. Көп ұзамай, 21 қыркүйекте сайлаудың 20 қарашаға жоспарланғаны  белгілі  болды. Кандидаттарды  ұсыну  23 қыркүйекте басталған-ды. Жалпы, Тәуелсіздік алғалы 31 жылда Қазақстан азаматтары алты рет өз президентін сайлады, оның бесеуі кезектен тыс сайлау арқылы өтті. Халықаралық бақылаушылар Қазақстандағы барлық сайлаудың әділ өткеніне күмәнмен қарап келеді. Ел азаматтары да мұны жиі-жиі айтып, жазудан қалыс қалған емес. Енді алдағы сайлауда жеңіске жеткен кандидат елді жеті жыл басқарады және ол ең жоғары лауазымды қызметті бір-ақ мерзім атқарады, қайта сайлана алмайды. Десе де, біздегі мұндай шектеулер кез келген уақытта өзгеріп, «үлкен кісілердің» ығына қарай жығыла салатыны тағы бар. Өйткені, 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен бірінші жалпыхалықтық сайлаудан бері Конституцияға мың мәрте өзгерту мен толықтыру енгізілгенін жақсы білеміз.

Хош. Сонымен, президенттікке алғашқы кандидат «Ауыл» халық­тық-демократиялық патриоттық партиясынан ұсынылды. Партияның кезектен тыс ХХ съезінде президент сайлауына үміткер ретінде Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төр­ағасы Жигули Дайрабаевтың есімі аталды. Дайрабаевтың кезінде «Нұр Отанның» құрамында болғаны, «Адал» партиясының атынан Мәжіліс сайлауына түскені белгілі. 67 жастағы азамат жайлы әлеу­меттік желілерде көптеген пікір жазылып жатыр. Оның басым бөлігі  негативке  толы  деуге  болады.

Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының ХІХ кезектен тыс съезі де өтті. Жиында ЖСДП елордалық филиа­лының басшысы Нұрлан Әуесбаев партия атынан алда өтетін сайлау­ға президенттікке ұсынылды. Партия съезіне қатысқан 49-делегаттың 48-і Әуесбаевтың кандидатурасын қолдаған. Бұған дейін ЖСДП-лықтар 2019 жылғы президент сайлауына байкот жариял­аған  еді.

Сондай-ақ, «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің экономикалық  зерттеулер институтының басшысы Мейрам Қажыкен «Аманат» Қазақстан Кәсіподақтар Достастығы» ӨКМ Қазақстан Республикасының президенті лауазымына кандидат ретінде ұсыныл­ды. Ол  бұл ақпаратты растап, Орталық сайлау комиссиясына  барып,  құжаттарды  тіркеуге  кірісетінін  айтты.

«Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек». Биылғы сайлау бюллете­ніне «бәріне қарсымын» графасы енгізіледі. Оны ел президен­ті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы қаңтардағы парламент мәжілісі сайлауынан кейін ұсынған еді. Ол «баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға  тиіс. Сондықтан барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне  қарсымын» деген жазу енгізген жөн»  деген  болатын.

Жалпы, ҚР Конституциясының 41-бап 2-бөлігіне сәйкес, Қазақ­станда туған, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілде еркін сөйлей алатын, соңғы 15 жылда Қазақстан аумағында тұрған, жоғары білімі бар, мемлекеттік қызметте кемінде бес жыл істеген адам президент болып сайлана алады. Десе де, «мұның кейбірі адамның құқығын таптау» деп санайтындар бар. «Заңға бағынамыз, оған қайшы ештеңе  жасай  алмаймыз» дейтіндер де табылады.

Польшада  тұратын  белсенді, тегі қазақ Балли Мажец президент сайлауына үміткер ретінде тіркелуге бірнеше рет талпыныс жасаған. Бұл жөнінде 2 қазанда Қазақстан орталық сайлау комиссиясы  хабарлады.

«Қазақстанның  орталық  сайлау комиссиясына Польша азаматы Балли Мажец президенттікке кандидат ретінде сайлауға түсу ниетін білдіріп, бірнеше рет жүгінді» деп жазылған ОСК хабар­ламасында.

ОСК оған Қазақстан заңнамасын түсіндіргенін хабарлап, оның президенттікке үміткер ретінде тіркеле алмайтынын меңзейді.

Сондай-ақ, тәуелсіз журналист, қоғам белсендісі Ербол Мәндібек әлеуметтік желідегі парақшасында президент сайлауына үміткер болатынын мәлімдеп, видео жариялаған еді. Артынша ОСК-ға барып, өзінің заң талаптарына сай келмейтінін білген.

Айтпақшы,  ЖСДП  атынан  сайлауға түсуге елге  танымал  Жаса­рал Қуанышалин, Уәлихан Қайсар, Оразалы Сәбден, заңгер Мұстахим Төлеев те өтініш білдіріпті-мыс. Бірақ, жиналысқа қатысқ­ан 49 делегаттың бірде-біреуі олардың кандидатурасын қолдама­ған.

Президент  сайлауына кандидат ұсынуға әлі уақыт бар. Десе де, ел  ішінде  «биылғы сайлауда  Тоқаевқа  тең  келер  үміткер  жоқ»  деген пікір ашықтан-ашық айтылуда. Қаржы вице-министрі Татья­на Савельеваның пікірінше, президенттік сайлауға 20 млрд теңге жұмсалады. Сол себепті, бұл сайлауды ақша құртып өткізудің маңызы қаншалықты еді? Саясаткерлер «бұл – Тоқаевтың алғашқы сайлауы» дейді. Яғни, бұған дейін экс-президенттің «жол сілтеуі» бойынша жүргенін еске салады. Осы сайлауда Тоқаев әділ жолмен жеңіске жетіп, өз билігін күшейте түсуі әбден мүмкін. Оны ешкім жоққа  шығара  алмайды.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: