Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төртеу түгел болса…

06.08.2020, 10:55 523

Саяси өмірдің көрігін қыздырып, саясила­нған тұлғалардың дегбірін қашыратын Сенат сайлауы да – анау-мынау емес, өзіндік орны бар науқан. Демек, алда ҚР Парламенті Сенаты сайлауы­ның «қазаны» қайнап, тамыздың «температурасын» көтеретін түрі бар. Жалпы, сенаторлықтан дәмелілер көп болғанымен, «құтты орынға» қонатындардың қауқарлы һәм қалталы болып келетіні бесенеден белгілі. Себебі сол, биылғы сенат төрінен өзіне «жайлы орын» сайлағысы келетін әр үміткер 29 млн 750 мыңдай теңгесін жұмсауға дайын болуы керек. Мемлекет басшысы саяси науқанды өткізу туралы Жарлыққа қол қойғаннан кейін-ақ, 25 маусымда онлайн режимде бас қосқан Орталық сайлау комиссиясы кандидаттардың сайлауалды науқанға жұмсайтын ақшасын есептеп шығарды. Үміткерге 8 млн 500 мың теңгені меншікті қаражатынан, 21 млн 250 мың теңгені ел азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырымдылығынан жұмсауына рұқсат етілді. «Құтты орынға» қонатындардың қауқарлы һәм қалталы болады дегеніміз – осы. Оған билікке жақын жүретіндердің аяғына жөргем ілінетінін де қосыңыз.

Сонымен, атқа мінгені бар, таққа мінгені бар, талайлар тақымын қысып отыр. Бұл жолы да Сенат «төріне» таласушылар ауыл-аймақты, көше-көшені, ағайын­-туғанын аралап, дастарқаннан дәм татырып, басқа да әрекеттерге барып,­ «аспандағы айды алып беруге» бейілді құрғақ уәдемен халықты алдай алмайды. Бұрын солай еді ғой. Есесіне кезінде жұртты жылтыр сөзбен жарыл­қағаны  бар, жергілікті биліктің отырғызғаны  бар, бір сөзбен қайырғанда, халық алдында «ақ жарлықап күн туғызып», артына­н биліктің ығына жығылып, бүгін­де облыстық, қалалық, аудандық мәслихат мінберінен сөз сөйлеп жүрген депутаттардың «көңілін аулайды». Яғни, сенаторларды сол жергілікті мәслихат депу­тат­тары дауыс беру арқылы таң­дайды.­

Бүгінде жер-жерде кандидаттарды ұсыну мен тіркеу аяқталып, сайлауалды үгіт жұмыстары жүріп жатыр. Ол 11 тамыз күнгі сағат 00:00-де аяқ­талады. Айтпақшы, осы жолы 2014 жылы сайланған, алдағы қазан айында өкілеттік мерзімі аяқталатын Сенат депутаттарының орнына сайлау өтеді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтің сөзінше, еліміздің 17 өңірінен бір-бірден депутат сайлануы керек. Аталмыш комиссия 12 тамызда өтетін сайлауға Сенат депутаттығына кандидаттардың қорытынды тізбесін бекітті. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының сайлау комиссиялары барлығы 58 кандидатты тіркеген. Орташа есеппен бір орынға 3 үміткер таласады. Өңірлер арасында ең көп кандидат саны Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысында тіркелген, яғни 5 адамнан.

Сонымен, ресми тіркелген  58 үміткердің құрамын талдасақ, маманд­ықтары бойынша 19-ы – инженер, 13-і – экономист, 8-і – педагог, 7-еуі – аграрлық сала қызметкері, 5-еуі – дәрігер, 3-еуі – заңгер, 1-еуі – саясаттанушы, 2-еуі – басқалар. Сондай-ақ, олардың арасында 21 ком­мерциялық құрылымдар қызметкері, 16 мемлекеттік ұйымдардың, кәсіп­орындар мен мекемелердің қыз­меткері, 12 мемлекеттік қызметші, 5 қоғамдық ұйымдардың өкілі, 4 Сенат депутаты бар. Ал, жас мөлшеріне келсек, 30-40 жас – 7 үміткер, 40-50 жас – 17 кандидат, 50-60 жас – 28, 60-тан  асқан  5  үміткер  бар.

«Бізді таңғалдырғаны, сенатор атанудан үмітті 58 адамның арасында бірде-бір мәдениет қайраткері жоқ. Халықтың мұң-мұқтажын білетін, елдің арасында жүрген ақын-жазушылар, қаламгерлер қайда? Елге сөзі өтімді, халықтың қамын ойлайтын өнер адамдары қайда? Мемлекеттік басқару ісіне экономистер мен заңгерлер біртабан жақын екені рас. Бірақ ел ісіне идеологиялық тұрғыдан үн қосатын мәдени сала өкілдері сенат­қа барса, одан жақсылық бол­маса, жамандық көрмес едік. Сенатта ғана емес, мәслихатта да қаламгерлер мен халықшыл қайраткерлердің болғаны керек-ақ…» деп жазды Abai.kz. Бұл пікірге біздің алып-қо­сарымыз  жоқ.

Ал, қызылордалықтарды қызықтыратыны – Сыр өңірінен сайланған Бекмырза Еламановтың сенаторлық мерзімінің аяқталуына орай осы орынға­ талаптанғандардың арасынан кімнің «асығының алшысынан тұратын­ы»? Бір қызығы, бізде де әдепкіде бір орыннан бес үміткер үмітті болған. Бесеуі де «Nur Otan» партиясының мүшелері, бәрі де өзін-өзі ұсынған еді. Өмірде де, саясатта да аяқтан шалу, қаралау мен қудалау бары анық ғой. Тіпті, әлеуметтік желіле­рде  «белін  бекем буғандардың» тарапына даттау мен мақтау қатар жүріп жатыр. Не болғанын қайда­м, жеме-жемге келгенде облыс­тық аумақтық кәсіподақтар бірлес­тігінің төрағасы Серік Сермағамбетов кандидатурасын өз өтінішімен алып тастады. Енді бізден бір орынға төр­теуі «таласады»: Қайроллаев Айдын Бөкенбайұлы (1981 жылы туған, қазақ, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ Қызылорда облысы бо­йынша филиалының директоры, Қызылорда қаласының тұрғыны), Сәрсенбаев Марат Абайұлы (1970 жылы туған, қазақ, «Абай Дәулет» ЖШС бас директоры, Қызылорда қаласыны­ң тұрғыны), Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы (1971 жылы туған, қазақ, Қызыл­орда қаласының тұрғыны) және Шағыртае­в Имамзада Қуанышбайұлы (1969 жылы туған, қазақ, «Таң ЛТД» ЖШС директоры).­

Жасыратыны жоқ, бұл сайлауда да біреу өзіне, біреу «көзіріне» сеніп отыр. Алдағы 6 жыл бойы бұлардың не тындырарын, қазаққа қандай пайда­сы тиерін әлі ешкім білмейді. Бір білеріміз, Сыр елінде де «төртеу түгел болып, төбедегіні келтіретіні» анық болса, бәйгені шаппай алатынның кім екені алты күннен кейін анықталады. Бізге керегі, Сенат креслос­ына кім отырса да, өз қамын емес, ел қамын күйттеп, мұң-мұқтажын жоғарғы биліктің құлағына жеткізе­тін болса екен. Айтпақшы, мемлекет бас-аяғы 17 сенатордың сайлауына 254 миллион теңгеден аса қаржы  жұмсағалы  отыр.

Н.АҚПАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: