Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тілешев тағайындалды ма әлде…

28.08.2020, 12:25 2674

HALYQLINE.KZ

Бүгін Сыр өңіріне Гүлшара Әбдіқалықованың тағайындалғанына тура 5 ай болды. Көп уақыт емес әрине, өзі де дүниені бір тарының қауызына сыйғызып жіберген жұқпалы індеттің, яғни пандемияның тұсында келгеннен соң да, тақымын еркін жазып, кең көсіле алмай жатқанын жақсы түсінеміз. Бірақ қал-қадірінше қарекет қылып, қызылордалықтарға қызмет етіп келеді. Бес айлық халық қызметшісі кезінде оның айналасында қызық та, шыжық та болып жатыр. Мақтау да, даттау да, «сыртқы бір күштердің» табалауы да қатар өріліп жатыр. Қазақстан тарихында «ең тұңғыш әйел облыс әкімі» статусы бар Әбдіқалықова барынша өз командасын да жасақтап үлгерді. Әсіресе, басты сенімді адамдары саналатын орынбасарларының екеуін сырттан алдырса, екеуін ескі көзден қалдырып, бұрынғы әкімінің тұсында сол қызметті атқарған тағы бірін қайтадан қалап таңдады, әлде алдыртты. (Сенімді адамдар дегеннен шығады ғой, экс-әкім Қ.Ысқақовтың екі орынбасарымен бірге басына түскен жағдайдан бүгінде бүкіл ел хабардар. Ақ-қарасын сот анықтайды).

Біздің айтпағымыз басқа, осы команда дегеннен шығады, бізді қызықтырған бір сауал: әкім орынбасарларының ішінде осы Нұрлан Тілешев деген тағайындалды ма әлде… Өйткені әкімнен бастап басқа орынбасарлары да, кейбір басқарма басшыларының тағайындалғаны туралы ресми басылымдарда да, интернетте де жазылып, жарияланды. Ал Нұрлан Шаймерденұлына келгенде, ондай ақпаратты емге таппайсың. Бұл ретте «google әже» де сараңдық танытады. Түрлі нұсқамен іздесең де, бір деректі алға тартпайды. Тағайындау туралы облыстың жетекші ресми басылымы мен телеарна мұрағатынан да таба алмадық. Бірақ Қызылорда облысы әкімдігінің сайтында өмірбаяны мен суреті тасқа басқандай таңбаланыпты. Онда:

«Тілешев Нұрлан Шаймерденұлы

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары

Жалпы ақпарат, білім

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Мансап

Тілешев Нұрлан Шаймерденұлы 1965 жылы туған. Еңбек жолын 1992 жылы «Баскорт ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары ретінде бастаған.

Әр жылдары Премьер-Министр Кеңсесі, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған.

2019 жылдан бастап осы кезге дейін Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен 2020 жылдың 14 сәуірінен бастап Тілешев Нұрлан Шаймерденұлы облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Облыс әкімінің орынбасары ретінде Тілешев Нұрлан Шаймерденұлы экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы, индустриялық-инновациялық даму, цифрлық технологиялар және кәсіпкерлік салаларына жетекшілік ететін болады.

Марапаттар

«Құрмет» ордені» деп жазылыпты.

Енді осы орынбасарды облыстың қоғамдық-саяси өмірінде қандай шаруаларға етене араласып жатыр екен деп, жан-жақты ақпарат сұратсақ, тағы да нақты мәліметтер біле алмадық. Кейбір әріптестерден сыр тартсақ, тіпті Тілешев деген әкім орынбасары барын білмейтін болып шықты. Облыс әкімінен бастап басқа да орынбасарлары тиісті сала өкілдерімен кездесіп, аудан аралап, брифинг беріп, өзге де шаралар мен шаруаларда бой көрсетіп жүргенін там-тұм болса да біліп, көріп отырмыз. Ал Нұрлан Шаймерденұлына келгенде, жаңалықтардың өзі жұтаң. Содан кейін Тілешев тағайындалды ма, әлде… ? деген сауал көлденеңдей береді екен…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: