Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тапсырмалар тиянақты орындалуы тиіс

28.04.2021, 9:00 491

HALYQLINE.KZ Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қазалы қаласы мен бірқатар ауылдарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Сондай-ақ, көркейту-көгалдандыру және тал егу жұмыстарының орындалуын көрді.

Аудан басшысы Мұрат Ергешбаев бірінші кезекте тарихы тереңнен сыр шертетін Қазалы қаласына бет бұрып, Ш.Уәлиханов көшесінің аяқ су арығына темірбетонды лоток орнату жұмысымен танысты. Лоток орнату жұмыстары аяқталған уақытта қалаға аяқ су жіберу оңайланып, арық маңындағы үйлерге ыза тебу қаупі азаяды.

Құрылыс жұмыстарымен танысқан Мұрат Нәлқожаұлы қала әкімі Рахметулла Ізтілеуге 1 мамырдан кешіктірмей Қазалы қаласына аяқ су беруді тапсырды.

Өткен жылы Қазалы қаласын газдандыру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр. Бұл туралы аудан әкіміне аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев айтып берді.

Аудан басшысы мұнан кейін Қазалы қаласының іргесіндегі Ақтан батыр ауылына барып, елді мекендегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Ауылдық округ әкімі Серік Өмірзақов елді мекенде арнайы орын дайындалып, 200 түп жеміс жидек егілгенін айтып берді. Аядай ғана жерде 40 түп алмұрт, 30 түп шие және 130 дана өрік көшеттері отырғызылған.

Жақында ғана Ақтан батыр ауылында Бауыржан Момышұлы атындағы көше асфальтталды. Енді ауыл тұрғындары Абай Құнанбайұлы атындағы көшені де жөндеп, асфальт төсеу жөнінде ұсыныс айтты.

Өткен жылы аудан бойынша екі елді мекендегі ауыз суды сервистік желіге қосу жұмыстары басталған болатын. Соның бірі – Жанқожа батыр ауылы. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның нәтижесінде мердігер мекеме 80 пайыз жұмысты бітіріп, құрылыс жұмыстарын келесі айдың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ауыл тұрғындары мердігер мекеменің көмегімен ауыз суды үйдің ішіне дейін кіргізіп алу қажеттігін айтты.

– Дәл қазір ауыл тұрғындары құрылысшылардың көмегімен ауыз суды үйдің ішіне дейін кіргізіп алу қажет. Себебі жоспар бойынша құрылыс мекемесі ауыз судың құбырын тұрғын үйдің қызыл сызығына дейін ғана жеткізіп береді. Дайын техниканы пайдаланып қалу қажет. Бұл жөнінде тұрғындарға ауыл әкімі түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Аудан басшысымен кездескен ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салды. Соның бірі ауыл маңындағы жайылымдық жерлерге су жіберу. Сондай-ақ, тамыз айында болатын аяқ су тапшылығы жайында да сөз қозғады.

Аудан әкімі Арықбалық ауылдық округі бойынша көркейту-көгалдандыру жұмыстары сын көтермейтінін айтып, ауыл әкімі Мәулен Қайруллаевқа қарқынды жұмыс істеуді тапсырды.

Қазалы ауданындағы іргелі елді мекеннің бірі – Бекарыстан би ауылында көркейту-көгалдандыру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Бұл ауылға кіре беріс жерден бастап анық көрінеді. Жайқала өскен жасыл желектің барлығы балақталып, түптері әктелген. Биылғы жылы жаңадан 300 түп ағаш көшеттері де отырғызылған.

Ал, ауыл орталығындағы «Диін» бағындағы жайқала өскен жеміс ағаштарының жөні тіптен бөлек. Күтімі мен бабы бөлек болған соң мұндағы жеміс ағаштары гүл ашып, айналаны әсемдей түскен. Мұндағы тынымсыз еңбектің нәтижесі алыстан көзге анық көрініп тұр.

Ауыл тұрғындарымен кездескен аудан басшысы олардың талап-тілектеріне құлақ түрді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Сәдуов асфальтталған көшелерге тиісті жол белгілерін орнату жөнінде ұсыныс айтты. Мұрат Ергешбаев бұл мәселені зерттеу жөнінде тиісті бөлім басшысына тапсырма беріп, заңдылыққа сәйкес жұмыс жасауды тапсырды.

Мұнан соң елді мекендегі жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев «Нұрас и К» ЖШС директоры Нүркен Ботабаевқа жолда пайда болған ақаулықтарды жөндеу жұмыстарын талапқа сай жүргізу қажеттігін айтты.

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев аудандық тұрғын коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтановқа Майдакөл мен Бекарыстан би ауылдарының аралығындағы көпірді қалыпқа келтіріп, жөндеуді тапсырды.

Ақжона ауылдық округінің орталығы – Майдакөл ауылында да қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Атап айтар болсақ, ауылдағы тұрғын үйлерге ауыз су желісі жүргізіліп, жаңадан электр желілері тартылып жатыр.

Ауызсуды сервистік желіге қосу жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Мердігер мекеменің жауапты қызметкерлері келесі айдың аяғына дейін құрылыс жұмыстарын толық аяқтауды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Аудан басшысы ауылдық округ әкімі Нүркен Сералиевке ауыл тұрғындарына құрылыс мекемесінің техникаларын пайдаланып, ауыз желісін үйге дейін кіргізіп алу жөнінде тапсырма берді.

Бүгінгі таңда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің арқылы Майдакөл ауылының ішкі электр желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Елді мекенді сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында 5 көшеге бағаналар орнатылып, СИП-4 маркалы кабельдік электр желісі тартылуда. Сондай-ақ, 3 трансформатор қондырғысы орнатылады. Құрылыс жұмыстары маусым айында аяқталады деп жоспарлануда.

Аудан басшысы ауыл орталығында тұрғындармен кездесіп, қал-жағдайларын сұрады. Ауыл халқы елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді. слндай-ақ, өздерін толғандырып жүрген мәселелерін де ортаға салды. Тұрғындардың айтуынша ауылдағы «Орталық» көшенің жағдайы сын көтермейді. Осыған орай бұл көшені жөндеп, асфальттап беру жөнінде өтініш айтты.

Бұл мәселенің расымен өте өзекті екенін айтқан Мұрат Нәлқожаұлы тиісті мекеме басшысына бұл көшені жөндеу үшін тез арада жоба дайындап, қаржыландыру үшін облыстық басқармаға ұсынуды тапсырды.

Мұнан кейін аудан басшысы Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауылға ат басын бұрып, тұрғындармен кездесті. Кездесуде ауыл тұрғындары батыр атындағы ауылды тіректі елді мекендер қатарына тезірек қосу жөнінде өтініш айтты. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бұл ауылдың тіректі елді мекен еместігіне қарамастан ауылдағы барлық көшелер асфальтталатынын жеткізді. Ауыл көшелері біртіндеп жарықтандырылып жатқанын да тілге тиек етті.

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Ү.Түктібаев ауылында көркейту-көгалдандыру жұмыстарын күшейтіп, жас көшеттер егу жұмыстарын жандандыру қажеттігін ауыл әкімі Олжас Ахметовке қатаң тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: