2025 жылдың жазында, соңғы аптада Таяу Шығыста соғыстың дабылы қайта соғылды. Бұл жолы қақтығыс аспанда өршіп тұр. Израиль мен Иран арасындағы ұзақ жылға созылған жасырын қақтығыс алғаш рет ашық соғысқа ұласып, әскери технология мен геосаясаттың сынағына айналып отыр. Израильдің «Халық арыстан секілді» атты ауқымды әуе операциясы, оған жауап ретінде Иранның баллистикалық зымырандармен жасаған қарымта шабуылы тек екі елдің текетіресі ретінде емес, бүкіл аймаққа, жаһанға тікелей әсер ететін турбулентті соққы болып тұр.
ОҚИҒАЛАР ХРОНОЛОГИЯСЫ. «ХАЛЫҚ АРЫСТАН СЕКІЛДІ» ОПЕРАЦИЯСЫ
2025 жылдың маусым айында Израиль мен Иран арасындағы жағдай кезекті рет ушығып, «Халық арыстан секілді» деп аталған ауқымды әскери операция басталды. Израиль тарапы бұл операцияны Иранның ядролық инфрақұрылымын, зымыран жүйелерін және әуе қорғаныс құрылымдарын залалсыздандыру мақсатында жоспарлаған.
Операцияның таңғы сағат 03:00 шамасында басталғаны хабарланды. Израильдің жүздеген әскери ұшағы Ирандағы 100-ден аса стратегиялық нысанға соққы берді. Олардың қатарында ядролық зертханалар, зымыран қондырғылары мен байланыс инфрақұрылымы болған.
Операцияның сәтті жүруінің бір себебі, шабуыл алдында Израильдің сыртқы барлау қызметі, яғни Моссадтың Иран аумағына тереңдей еніп, бірнеше ай бойы жасырын әрекет етуі болды. NY Post газетінің дерегінше, Моссад агенттері Иранның әуе қорғаныс жүйелеріне қызмет көрсететін кейбір орталыққа жасырын түрде кіріп, сол жүйелерге зақым келтірген. Осылайша, шабуыл кезінде Иранның радарлары мен зымырандары толық іске қосыла алмай қалған.
Шабуыл кезінде Моссад қолданған дрондар мен қашықтан басқарылатын құрылғылар Иранның әуе шабуылына қарсы қорғанысын істен шығаруға көмектесті. Ал Израиль авиациясы бұл жағдайды тиімді пайдаланып, әуе үстемдігін толығымен өз қолына алды. Қатты қорғалған зымыран алаңдары мен ядролық зертханалар дәл көзделіп, бірінен соң бірі жойылды.
Израиль шабуылдары бірнеше сағатқа жалғасып, таң ата салысымен соққы алған нысандардың кейбірі түбегейлі жойылғаны белгілі болды. Иран бұл шабуылға жауап қайтаратынын мәлімдеді, алайда алғашқы соққының ауқымдылығы мен шапшаңдығы Тегеран билігін есеңгіретіп тастады.
«Халық арыстан секілді» операциясының жай әскери қимыл емес екендігін айтады сарапшылар. Айтуларынша, бұл – Израильдің Иранға қатысты стратегиясының жаңа фазасы. Ашық соғыс форматына өтпей, дәл жоспарланған, барлау мен технология үйлескен бұл шабуыл болашақтағы аймақтық соғыстардың сипаты қандай болатынын көрсетті.
ИРАННЫҢ ЖАУАБЫ
Израиль армиясы Иранның ядролық және әскери нысандарға жасаған жабық қарулы шабуылының жауап ретінде, массалық зымыран соққысын «олардың мақсатымен» қайтарып тастады. Бұл шабуыл Тель‑Авив пен Иерусалимнің үстінде жарылыстар мен түтіндер пайда болуына себеп болып, шамамен 40 адам жарақат алды.
Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (IRGC) жұма күні кешке бірнеше толқынмен «ондаған нысанға, әскери базалар мен әуе алаңдарына» соққы жасағанын мәлімдеді. Мемлекеттік телеарналардың хабарлауынша, Израильге бірнеше рет зымырандар жіберілген.
Осы оқиғалардан бұрын Израиль армиясы «Ираннан соққы жасалды» деп хабарлады да, бүкіл елде әуеден қауіпсіздік дабылы жарияланды. Біраз уақыттан соң әскери ведомство тұрғындарға бомба паналарынан шығуға мүмкіндік берілгенімен, абай болу керегін ескертті.
Тель‑Авив пен Иерусалимде қатты жарылыстар естіліп, әуе қорғаныс жүйелері белсенді қолданылып жатқаны хабарланды. Haaretz газетінің тілшісі, Тель‑Авив тұрғыны Гидеон Леви BBC‑ге сұхбатында «кейбір ракеталар әлі ұсталып үлгермеді» деген. Ол анық‑айқын жарылыстар естілгенін, кей нысанға бірнеше зымыранның қатар түсіп, зақым келтіргенін айтты. «Өлім-жітім жоқ, бірақ жараланғандар бар, зақым айтарлықтай» дейді ол.
Сонымен қатар, Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Хаменеи Израиль атысын бастады деп айыптады. Ол бұл жағдайға «қатты жауап берілетінін» айтты. «Сионистік режим өз қылмысының салдарын бастан өткермей қалады. Біз жауабымызды толық және айқындау жүргіземіз» деді Хаменеи.
Израильдің қорғаныс министрі Ицхак Кац болса, «Иран азаматтық аймақтарды атқылауға көшіп, қызыл сызықты бұзды» деп мәлімдеді. «Біз азаматтарымызды қорғай береміз және Иран билігінің ойламаған әрекеті үшін қымбатқа тиюін қамтамасыз етеміз» деді ол.
IRGC зымырандары «әскери нысандарға бағытталғанын» айтқан еді. Дегенмен, BBC‑нің Таяу Шығыс жөніндегі сарапшысы Себастьян Ашердың айтуынша, бұл жолғы қақтығыс алдыңғыларға қарағанда әлдеқайда қатаң өтті, шамамен бір мезгілде жүздеген дрон тоқтатылды.
Израиль әуеден шабуыл мүмкіндігін алдын ала есептеп, Иран режимі «нақты қолайлы әсерге» кездесуі мүмкін екені туралы ескерткен болатын. Қазір соның дәлелі көрініс тауып жатыр.
Премьер-министр Нетаньяху да бұл науқан бірнеше күнге созылуы мүмкін екенін ескерткен еді. Ал Иран болса, ядролық қаруға қол жеткізу мүмкіндігі толық жойылғанша Израильге тыныштық бермеуін жеткізді.
ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ УШЫҒУЫ. ӘЛЕМ БАСШЫЛАРЫ ҮН ҚАТТЫ
Израильдің Иранға жасаған шабуылынан кейін әлемнің басты мемлекеттері жағдайға жедел үн қатты. Ресей президенті Владимир Путин Тегеран мен Тель-Авивпен телефон арқылы сөйлесіп, Израиль әрекеттерін халықаралық құқықты бұзу деп бағалап, Мәскеудің бейбітшілік орнатуға делдал болуға дайын екенін айтты. Ол Иран халқына көңіл айтты.
АҚШ президенті Дональд Трамп, керісінше, Израильдің операциясын қолдап, «күшті әрі тиімді шабуыл» деп сипаттады. Оның пікірінше, бұл Тегеранның ядролық бағдарламасына тосқауыл қойып, әлемдік қауіпсіздікке үлес қосуы тиіс. Израиль басшысы Биньямин Нетаньяху да Вашингтонның ашық қолдауына сүйенетінін мәлімдеді.
Батыс елдері де үнсіз қалған жоқ. Ұлыбритания, Германия және Франция басшылары Таяу Шығысқа қатысты ортақ ұстанымдарын үйлестіру үшін шұғыл келіссөздер өткізді. Франция президенті Эммануэль Макрон Иран шабуыл жасайтын болса, Израильге қолдау білдіретінін айтты. Британия тарапы бұл әрекетті «өзін-өзі қорғау» деп атады.
Рим Папасы Лев XIV де қос тарапты сабыр сақтауға шақырып, бейбіт жолмен шешуге үндеді.
Жағдайдың ушығуы мұнай нарығына да әсер етті. Баррел бағасы күрт өсіп, Brent маркалы мұнай 75 долларға дейін көтерілді. Сарапшылар бұл АҚШ-тың тікелей араласуымен байланысты екенін айтады.
ЖАҺАНДЫ АЛДА ҚАНДАЙ СЦЕНАРИЙЛЕР КҮТУІ МҮМКІН?
Қазіргі таңда Израиль мен Иран арасындағы қақтығыстар тек екі елдің шекарасымен шектелуде. Алайда БҰҰ мен өзге мемлекеттердің сабырға шақырған үндеулеріне қарамастан, бұл үндеулер ескерусіз қалса, жағдай ушығып, кең ауқымды соғысқа ұласуы мүмкін. Мұндай жағдайда бірқатар ауыр сценарийлер іске асуы ықтимал.
Алдымен, АҚШ жанама түрде қақтығысқа тартылуы мүмкін. Ресми түрде АҚШ бұл жанжалға тікелей қатысы жоқ екенін мәлімдегенімен, Иран тарапы Вашингтонның Израиль шабуылдарына қолдау білдіргенін немесе үнсіз келісім бергенін болжауы мүмкін. Осыны негіз еткен Тегеран Таяу Шығыстағы америкалық нысандарға, Ирактағы арнайы жасақ лагерьлеріне, Парсы шығанағындағы әскери базаларға немесе өңірдегі дипломатиялық өкілдіктерге соққы беруі ықтимал. ХАМАС пен «Хезболла» ұйымдары әлсірегенімен, Иранмен байланысы бар Ирактағы қарулы жасақтар белсенділігін жоғалтпаған. АҚШ мұндай шабуылдардың алдын ала мүмкін екенін болжап, аймақтан бірқатар қызметкерін кері қайтарды. Қоғам алдында сөйлеген сөздерінде Вашингтон Иранға қандай да бір шабуылдың салдары ауыр болатынын ескертіп үлгерді.
Егер, мысалы, Тель-Авивте немесе басқа жерде америкалық азамат мерт болса ше? Мұндай жағдайда АҚШ президенті Дональд Трамп араласуға мәжбүр болуы мүмкін. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху – көп жылдан бері АҚШ-ты Иранмен соғысқа тартуға тырысты деген айыптаулардың көлеңкесінде жүрген тұлға. Әскери сарапшылардың пікірінше, Иранның ең тереңде орналасқан ядролық нысандары, әсіресе, Фордо уран байыту зауыты тек АҚШ-тың арнаулы бомбалаушы ұшақтары мен жерасты бекіністерін бұзатын оқ-дәрілердің көмегімен ғана жойылуы мүмкін.
Трамп сайлауалды уәделерінде АҚШ-ты тағы бір «мәңгілік соғысқа» араластырмайтынын айтқан. Алайда республикашылдардың көбі Израиль үкіметін қолдайды, ал Тель-Авив қазіргі сәтті Тегерандағы режимді ауыстыруға қолайлы деп есептейді. Егер АҚШ ашық түрде соғысқа араласса, бұл текетірестің күрт ушығуына, әрі ұзақмерзімді, тіпті апатты салдарға әкелері сөзсіз.
Екінші ауыр сценарий – Парсы шығанағындағы мемлекеттердің қақтығысқа тартылуы. Иран Израильдің әскери және стратегиялық нысандарына соққы жасай алмаса, зымырандарын әлдеқайда осал және Иранның бұрыннан қарсыласы деп есептелетін Парсы шығанағындағы елдерге бағыттауы мүмкін. Бұл өңірде энергия мен инфрақұрылым нысаны көп. Мысалы, 2019 жылы Сауд Арабиясындағы мұнай объектілеріне шабуыл үшін Иран айыпталған, ал 2022 жылы Иранға одақтас хуситтер БАӘ аумағындағы нысандарға соққы жасаған еді.
Кейінгі жылдары Иранның аймақ елдерімен қарым-қатынасы біршама жақсарғанымен, бұл мемлекеттердің көпшілігі өз аумағында америкалық әскери базалар ұстайды және кейбірі Израильге қарсы Иран зымырандарын тойтаруға жасырын түрде көмектескен. Егер Иран бұл елдердің біріне шабуыл жасаса, олар АҚШ-тан әуе қорғанысын сұрауы мүмкін. Ал Израильдің шабуылы нәтижесіз аяқталса ше? Иранның ядролық нысандары тым тереңде орналасып, бомбалар әсер ете алмаса ше? 60 пайызға байытылған 400 келі уран (ядролық қару үшін қажетті 90 пайыздық деңгейге жетсе, 10-ға дейін ядролық оқтұмсық жасауға жететін мөлшер) аман қалса ше?
Бұл уран құпия шахталарда сақталған болуы мүмкін. Израиль шабуылдары барысында бірнеше ядролық физик қаза тапты, бірақ Иран жинаған білім мен техникалық машықты ешқандай бомба жоя алмайды. Мұндай жағдайда Иран билігі соққылардан өзін қорғаудың жалғыз жолы ядролық қаруға тезірек қол жеткізу деп шешуі ықтимал. Ал егер ел ішіндегі жаңа әскери көшбасшылар қатаң әрі ымырасыз болса ше?
Бұндай жағдайда Израиль жаңа соққыларға барары анық. Бұл бүкіл аймақты шексіз зорлық цикліне тартып, тұрақсыздықты одан әрі үдете түсер еді. Израиль бұл стратегияны «шөпті қайта-қайта қырқу» деп атайды, яғни, қарсыластың қайта қалпына келуін үнемі тежеп отыру. Бірақ бұл тәсіл соғысты тоқтатпайды, керісінше, оны ұдайы жалғастырып отыратын шексіз шеңберге айналдыратыны анық.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!