Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тағы бір елді мекен көгілдір отынға қосылды

06.12.2021, 10:45 642

HALYQLINE.KZ Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында бүгін Шиелідегі Тұран елді мекені көгілдір отынға қосылды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова шегендіктердің қуанышына ортақтасып, салтанатты шараға қатысты.

Аймақ басшысы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Шеген Қодаманов елді мекенінде жүргізілген газ құбыры және кварталішілік газ тарату желісі жұмыстарының тұрғындар үшін маңыздылығына тоқталып, Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралды газ құбырының сәтті жоба болғанын тілге тиек етіп, тұрғындарды көгілдір отынмен қамту жұмыстарының одан әрі жалғасатынын айтты.

– Баршаңызды Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекесімен тұстас келген, ауыл тіршілігіне тың тыныс берер, халықтың тұрмыс сапасының артуына септігі мол серпінді жобаның бірі – Тұран ауылдық округінің көгілдір отынға қосылуымен шын жүректен құттықтаймын.

Жыл сайын халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында аудан тұрғындарының жайлы тұрмыс кешуіне ең қажетті ауыз су, газ тарту, жол салу секілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Біз аудан орталығына жақын елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету арқылы халықтың тұрмыс жағдайын ғана емес, аудандағы өндірістің өрге басуының, кәсіптің одан әрі кең қанат жаюына мүмкіндік аламыз.

Бүгін Тұран ауылдық округінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Құрылыс жұмыстарын жүргізген бас мердігер компания «Строй Газ Компани» мекемесіне және құрылысшыларға барша ауыл тұрғындарының атынан және өз атымнан алғысымды айтамын, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Алау оты жағылған қуанышты мерекеде ауыл ақсақалы Әбітхан Мизамбаев ақ батасын беріп, тұрғындарды мерекемен құттықтады.

Жоба бойынша жоғары қысымды газ құбырының ұзындығы – 3,2 шақырым, төменгі қысымды газ құбырының ұзындығы – 30,24 шақырым. Сәйкесінше, ауылға 2 шкафты газ реттегіш пункті орнатылған.

Қазіргі таңда Шиелі кенті мен Байтерек, Жаңатұрмыс, Бидайкөл, Керделі ауылдық округтері көгілдір отынға қосылса, бүгіннен бастап Шеген Қодаманов ауылының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп, 525 үйге газ кірді.

Еске салайық, жыл басынан бері 3 аудан орталығына яғни Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек кенттеріне, Шиелі ауданындағы Бекежанов және Қодаманов ауылдарына табиғи газ берілсе, жыл соңына дейін Қазалы қаласын газға қосу жоспарлануда. Нәтижесінде биыл 50 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігін көретін болады.

Айта кетейік, бүгінгі күні қала мен аудан орталықтарына газ толық тартылды. Бүгінде облыс тұрғындарының 65 пайызы көгілдір отын пайдалану мүмкіндігіне ие.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: