Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оразбаев Аралды Тасқынбаевқа тапсырды

02.07.2020, 12:49 1508

Дүние дидары дүрлігіп жатқанда Арал ауданында ауыс-түйіс басталды. Мұның дұрыс не бұрыс екенін білмейміз, алайда қысылтаяң сәтте жауапкершілік жүгін арқалауға тиіс адам керек-ақ.

Айтпақшы, «жығылғанға жұдырық» дегендей, кеше теңіз төскейінде толассыз нөсер жауып, елді әжептәуір әбігерге салғанға ұқсайды. Тіпті, кей ауылдарда бұршақ жауған көрінеді. Жасыратын несі бар, жаңбыр мол жауғанда аудан орталығындағы көшелерде көлшіктер пайда болып, құдды «Венецияда» жүргендей сезінетін едік. Бұл мәселе бұрынғы Арал қаласының әкімі Бауыржан Махатовтың тұсында шешімін таппаған. Осы ретте айта кетейік, өткен айда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің, Әдеп жөніндегі кеңесінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұсыныс хаты негізінде осы Арал қаласының әкімі Б.Махатовқа қатысты тәртіптік іс қозғалған. Аталған ұсыныс хатта Б.Махатов тарапынан Арал қаласы аумағындағы жер учаскелері қолданыстағы заң талаптарына сәйкес табысталмағаны үшін оның тәртіптік жауапкершілігін «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабының 4-бөлігіне сәйкес қарау сұратылған. Дегенмен, Арал ауданының әкімдігі 2020 жылғы 3 маусымда кеңеске жолдаған хатында Б.Махатовтың өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты, Арал ауданы әкімінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі №93-ө/жқ өкімімен атқарып жүрген қызметінен босатылғандығы көрсетілген. Сөйтіп, бұрынғы Арал қаласының әкімі Б.Махатовқа қатысты тәртіптік істі тоқтатқан еді. Бір қызығы, қала әкімі қызметіне ол тағы да үміткер ретінде қатысты. Мұны аудандық сайлау комиссиясы таратқан хабарламадан көрдік.

Жоғарыда айтқанымыздай, табиғаттың тосын мінезіне Арал қаласы әкімі қызметіне жаңадан тағайындалған Амантай Тасқынбаев табандылық таныта ала ма? Бұны шешетін бір адам болса, ол Амантай Батырқұлұлы деп білеміз. Себебі, су жаңа әкім Арал қаласының кедір-бұдырын жатқа білетіні айдан анық. Осы топырақтың тумасы. Оның үстіне, көз ашқалы құрылыс саласының басы-қасында жүр. Жалпы еңбек өтілі – 33 жыл. Автобиографиясы солай дейді.

Тасқынбаев Амантай Батырқұлұлы 1964 жылы 27 наурызда Арал қаласында дүниеге келген.

Білімі жоғары.

1987 жылы «Қарағанды металлургия комбинатының жанындағы зауыт» жоғары техникалық оқу орнын «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс инженері» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1987 жылы «Қызылордаэнергострой» құрылыс басқармасында шебер қызметінен бастаған.

1989-1992 жылдары ПМК-13 «Қызылордамелиорация» ПТО шебері, прораб қызметтерін атқарған;

1992-1993 жылдары Арал электротехникалық зауытында күрделі құрылыс бөлімінің басшысы;

1993-2006 жылдары «Арал-Сарыбұлақ су құбырын пайдалану басқармасы» кәсіпорнының бас инженері;

2006-2008 жылдары «Арал» құрылысы салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясының «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры филиалы директорының орынбасары;

2009-2010 жылдары Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Қазалы ауданы бойынша маманы;

2010-2012 жылдары «Казкомполис» сақтандыру компаниясы» АҚ менеджері;

2012-2013 жылдары «Базис» құрылыс компаниясының бас инженері;

2013-2014 жылдары Арал аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы;

2014-2016 жылдары «Арал құрылысы» ЖШС бас инженері;

2016 жылдан бастап 2020 жылдың 30 маусымына дейін Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметін атқарған.

Сонымен қатар аудан әкімі Мұхтар Әуесұлының өкімімен бірқатар мамандар қызметке ие болды. «Арал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына Есжанов Шерхан Жұбаханұлы тағайындалды. Ал  аудандық цифрлық технологиялар және мемлекеттік қызметтердің мониторингі бөлімінің басшысы қызметіне Жүсіпов Дәурен Әлиұлы келді. Сондай-ақ, аудандық  жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы қызметіне Назаров Еркін Қуантқанұлы отырды.

Аласапыран уақытында атқа қонған азаматтарға абырой тілейміз!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: