Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев облыс әкімінің кеңесшісі лауазымына тағайындалған Рүстемов Руслан Рүстемұлын жаңа қызметімен құттықтады, деп жазады баспасөз қызметі.
«Руслан Рүстемұлын баршаңыз жақсы білесіздер. Еңбек жолында Сыр өңірінде жауапты мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарып, 2023 жылы Парламент Сенатының депутаты болып сайланды. Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі ретінде еліміздің, аймағымыздың ең өзекті мәселелерін көтеріп, тұрғындардың ұсыныстарын жеткізді. Заңнамалық актілердің қабылдануына, маңызды жобаларға қаржы бөлінуіне белсенді атсалысты.
Бұған дейін түрлі жауапты қызметтерде мол тәжірибе жинақтап, қоғамдық-саяси ахуалды жетік меңгерген білікті кадр өз жұмысын жоғары кәсіби деңгейде атқарады деп сенім білдіреміз. Әріптесімізді, жаңа қызметімен құттықтай отырып, алдағы атқаратын жауапты жұмысына сәттілік тілейміз!», — деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Руслан Рүстемұлы 1968 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Филолог, қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы», «Болашақ» университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда педагогикалық институтының оқытушысы ретінде бастаған.
2008-2015 жылдары Шиелі ауданы, Қызылорда қаласы әкімнің орынбасары, облыстық тілдерді дамыту, ішкі саясат басқармаларының басшысы қызметтерін атқарған.
2015-2023 жылдары облыс әкімінің орынбасары, Сырдария ауданы және екі мәрте Жаңақорған ауданының әкімі, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы болды.
2023 жылы Парламент Сенатының депутаты болып сайланды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!