Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәуелсіздік бәрінен қымбат

15.12.2023, 20:25 340

Бүгін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты танымдық конференция өтті.

Конференцияның жұмысына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Мереков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Құлдүйсенов және зиялы қауым өкілдері, желтоқсан оқиғасына қатысушылар, жастар өкілдері қатысты.

Конференцияда аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы егемен еліміздің тарихы мен бүгінгі тынысы жайында сөз қозғап, танымдық конференцияның маңызына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, тәуелсіздік бәрінен қымбат! Халқымыз үшін елдік пен егемендіктен асқан құндылық жоқ. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалардың, ауқымды өзгерістің барлығы сол тәуелсіздігімізді нығайтуға, аумақтық тұтастығымызды қамтамасыз етуге, ұлт бірлігін бекемдей түсуге бағытталып отыр. Бабалардың ерлікке толы жолы Жаңа Қазақстанның даму, дәуірлеу жолымен жалғасуда. Сондықтан осы мерекенің құндылығын әрбір қазақстандық терең түсінуі керек, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Ермағанбетұлы «Тәуелсіздік тағылымы» тақырыбында, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов «Тәуелсіздік жылдарындағы Қармақшы ауданының экономикасы – дағдарыстан тұрақты дамуға дейін» тақырыбында, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржұман Пірназарұлы «Тәуелсіздік тұтқасы бізге аманат» тақырыбында баяндама жасап, орамды ой-пікірлерін ортаға салды.

Одан соң, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар Ерлан Берманұлы мен Әділбек Тәтеұлы «Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздік жаршысы» тақырыбында сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.

Конференция соңында желтоқсан оқиғасына қатысушыларға және білім саласында елеулі еңбек етіп жүрген азаматтарға Қармақшы ауданының 95 жылдық мерекелік медалі мен аудан әкімінің алғыс хаты табысталып, сый-құрмет көрсетілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: