Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәлібтермен байланыс бізге не үшін керек?

03.08.2023, 15:25 343

HALYQLINE.KZ

Кеше 210 адам болып Ауғанстаннан делегация келді. Олар 2-4 тамыз аралығында Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумына қатысуда. Үкімет оларды шақырып, форум өткізіп жатқаны – өте дұрыс қадам. Көпшілік түсінбей жатыр. «Тәлібтер лаңкестер ғой, олармен қандай форум өткізуге болады?» деген пікір айтуда. Оларға деген көзқарас қандай болса да, «мемлекеттік мүдде» дегенді ешкім ысырып тастамайды. Сонымен тәлібтермен байланыс бізге не үшін керек?

1. Ауғанстанда 38-40 миллионның арасында халық тұрады. Нақты санын БҰҰ да, Ауғанстанның өзі де білмейді. Елде халық санағын жүргізу нақты сандарды көрсетпейді. Ұрыс қимылдарынан көшіп-қонып жүрген халық, кей провинцияда тіпті кіру мүмкін емес. Сондықтан шамамен 38 млн халық деп алайық. Бүгінде сол 38 млн халық аштық алдында. Нан жетіспейді, ұн жоқ. Ауғанстандағы әлеуметтік жағдай ушыға берсе аштық болады, ішкі қақтығыс күшейеді. Салдарынан миллиондаған даған адам босқын атанады. Босқындар үш бағытқа кетеді. Дәстүрлі бағыт – Иран мен Пәкістан (бұл елдердің әрқайсысында қазір 3 млн-ға жуық ауған босқыны бар). Үшінші бағыт – Орталық Азия. Ол Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан. ОА елдеріндегі тыныштық бұзылады. Босқындармен бірге лаңкестік көзқарастағы азаматтар мен ұйымдар да аймаққа кіруі мүмкін. Сондықтан Ауғанстандағы тұрақтылыққа мүдделі тараптың бірі – бізбіз. Қазақстан – Ауғанстанға ұн мен астық сатуда көшбасшы ел. Олар біздің ұнға, астыққа тәуелді, сол үшін де бізбен келіссөз жүргізуге және біздің де шарттарды тыңдауға мүдделі.

2. Картаны ашып қарасаңыз, Ауғанстанның қайда орналасқанын көресіз. Ауғанстан – 220 млн халқы бар Пәкістанға баратын тікелей жол. 220 млн халық дегеніміз – үлкен нарық. Қазақстан Өзбекстан-Ауғанстан-Пәкістан жолымен сауда жасаса болады немесе Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан жолын салса да мүмкіндік бар. Ол үшін ең алдымен тәлібтермен байланыс және жақсы қарым-қатынас болғаны абзал. Яғни Ауғанстан – біз үшін Пәкістанға баратын транзит жолы.

3. Орталық Азиядағы басты мәселе не? Әрине су. Біздегі өзендердің көбісі – трансшекаралық. Ол жайлы талай жазылды. Арал теңізінің 80 пайыз тартылып қалғанын барлығымыз білеміз. Балығы тайдай тулаған Аралдың бұрынғы кейпі жоқ. Ол мүлде жойылып кетпеуі маңызды. Бүгінде тәлібтер Әмударияны бөгейтін алып Күш-Тепа бөгетін салып жатыр. Оның ұзындығы-  285 шақырым, ал ені 100 метр болмақ. Егер бұл бөгет салынса, онда Өзбекстан мен Түркіменстан судан тапшылық шегеді. Мына салынып жатқан бөгет апатты ушықтырып жіберетіні анық. Сондықтан тәлібтермен су мәселесі бойынша да келісу қажет. Ол үшін тағы да «Талибанмен» (ұнасын-ұнамасын) байланыс болуы маңызды.

4. Ауғанстан ішінде түрлі ұлт бар. Басым бөлігі – пуштундар. Билікте солар отыр, тәлібтің 99 пайызы пуштун ұлтынан болар. Этникалық мәселе ушыққан жағдайда. Төрт ірі топ үнемі қақтығыс үстінде. Олар пуштундар, тәжіктер, өзбектер және хазарлар. Өзара атыс-шабыс, өзара этникалық қырқыс болып жатады. Бізге керегі сол жақтағы қазақтар ғой. Ауғанстанда қанша қазақ бары нақты белгісіз. 500-ден бастап 2 мыңға дейін дейді деректер. Кейбір жандар тіпті ондаған мың деп қояды (өз басым оған сене қоймадым). Қанша қазақ болса да, оларға этникалық тұрғыдан тиіспеу үшін де тәлібтермен байланыс керек, қарым-қатынас болуы қажет. Әрине олар Ауғанстан тұрғындары болғандықтан біздің тарап ішкі мәселесіне араласа алмайды, алайда билігімен байланыс болса, біраз дүниені реттеуге болады.

5. Ауғанстандағы дін және лаңкестік мәселесін алып қарайық. Ислам дінінің екі тармағы да бар. 80 пайыз – сүннит, 20 пайыз – шиит. Өзге діндерді есепке алмағанда. Міне, осы екі тармақ арасында қайшылық бар. ДАИШ (ИГИЛ) біресе сүннит, біресе шиит мешіттерін жарып, діни соғыс бастауға арандатуда. Егер Ауғанстанда діни қақтығыс күшейсе, онда бұл ОА-дағы радикалдық көзқарасқа әсер етеді. Ал Ауғанстанды оқшаулай берсе, онда оның қоғамы радикалданып, керісінше радикализацияны сыртқа экспорттайды. Сондықтан да діни тұрақтылық пен Ауғанстан қоғамының жарылып кетпеуі бізге керек.

Экономикалық жағын, қанша астық саттық, қандай келісімдер жасалды дегенді экономистер айта жатар.

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: