Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр елінің соны серпіні

16.11.2022, 16:05 131

 HALYQLINE.KZ Қызыл­орда қаласы жыл өткен сайын гүлденіп, заманауи нақышта ғимараттар салынып, жаңа технологияны игеріп, иннова­циялық дамудан қалыспай, сондай-ақ өзінің тарихи құндылығын жоғалтпай келе жат­қан қала десек артық айтқанымыз болмас. Соңғы 7 ай ішінде Қызылорда өңірінде заманауи нысандар салу ісі қарқын алды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сыр еліне қолдауы негізінде облыс орталығында қала көркін еселеп, ажарын аша түсетін бірнеше зәулім ғимараттың іргетасы қаланып, жаңа әлеуметтік нысан салу бастамасы сәтті түрде жүзеге асуда.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта туған жеріне жанашыр демеушілерді ортақ іске біріктіріп, 9 млрд.теңгеге жететін ауқымды жобалардың жүзеге асуына дәнекер болды. Нәтижесінде, өңірде бір мезетте Өнер сарайы, Неке сарайы мен Қан орталығының құрылысы басталды. Келер жылы халықаралық әуежайдың жаңа терминалы, стадион мен заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы және көпсалалы аурухана салынады.Республика күнінде бірнеше нысан қызылордалықтарға тарту етілді. Жалағаш ауданында құны 431 млн. теңгеге 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі пайдалануға берілді. Теңізді өлке Арал ауданында 150 млн теңгеге «Балықшылар монументі» мен аллея ашылды. Меценат қаржысы есебінен Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңгені құрайтын заманауи демалыс паркі ел игілігіне берілді. Ал, Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында жергілікті демеушінің қолдауымен 350 млн теңгеге «Еңбекшілер аллеясы» бой көтерді. Қызылорда қаласындағы Автобус паркі заманауи үлгідегі стандарттарға сай жаңа 82 көлікпен толықты.

Келер жылдың соңына қарай Қызылорда қаласында Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойынан құны 3,7 млрд теңгеге 1000 орындық өнер орталығы ел игілігіне беріледі. Мұнда мәдениет саласының симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытында концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар да өткізіледі.Аймақта шаңырақ көтеруге ниеттенген жастар үшін құны 1,6 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі Неке сарайы келер жылы тұрғындарға есігін айқара ашады.

Сырдың сол жағалауында тағы бір әлеуметтік нысанның іргетасы қаланды. Құны 2,7 млрд. теңгені құрайтын «Қан орталығы» жылына қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткішін 500-ден 10 мыңға дейін жеткізеді.

Белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құрылысы басталған құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығы шаһардың ажарын аша түседі. Өңірдің Түркістан облысымен шекараласатын тұсынан демеуші есебінен құны 200 млн теңгеге облыстың кіреберіс қақпасының құрылысы жүргізілуде.

Мемлекет басшысының биыл жариялаған «Балалар жылына» тарту ретінде Сыр елінде демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгеге 80 балалар спорт-ойын алаңы пайдалануға берілді.Сол жағалауда қасбеттері заманауи талаптарға сай келетін 7-9 қабатты тұрғын үй, физика-математикалық мектеп бой көтерсе, «Қазгермұнай» ұлттық компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде жаңадан «Оқушылар сарайы» еңсе тіктейді.

Шыны зауыты да алғашқы өнімдерін шығара бастады. Кәсіпорын өндірген 6 вагоннан тұратын алғашқы өнім Шымкент, Алматы және Астана қаласына жөнелтілді.Қазіргі кезде Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Ауғанстан мен Үндістан елі қазақстандық шыны өнімдерін сатып алуға дайын. Алайда шетелге барлық өнімнің тек 30 проценті ғана сатылады. Негізгі міндет – ішкі нарықты қамтамасыз ету. Алдағы уақытта зауыттың жанынан 8 ілеспе өндіріс ашылып, шыны талшық, композиттік материалдар, айна және тағы басқа өнім түрлері жасалады.

Облыста түрік компанияларымен бірлескен ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Биыл «Акса энерджи» компаниясымен бірге қала аумағын жылу және электрмен толық қамтамасыз ететін қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының іргетасы қаланды. Құны 215 млрд теңгеден асатын жоба 2025 жылы аяқталады. Тағы бір түрік компаниясымен құны 13,8 млрд теңгеге жылына 24 мың тонна қызанақ пастасын шығаратын зауыт салу туралы келіссөздер жүргізілуде. KOÇ Holding құрамындағы компанияның бұл өндірісі амақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экспортқа қабілетті өнімдердің қатарын толықтырады.

Қаланың негізгі қақпасы әуежай да қайта жаңарады. Болат Өтемұратовтың тікелей қолдауымен құны 12 млрд. теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынады. Қазірдің өзінде өзге де демеушілермен 100 млн.теңгеге бұрынғы терминалдың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл өңірде 4 жаңа білім ошағы ашылып, 8 мектеп жыл соңына дейін табысталады. Арал ауданының Тоқабай елді мекеніндегі апатты мектептің орнына 500 млн теңгеге жаңа білім ордасын салу мәселесі де жеке инвестор қаражатының есебінен шешімін тапты. Ал, «Жайлы мектеп» Ұлттық жоба аясында 21 білім ұясы бой көтермек. Алдағы 3 жылда Қызылорда облысында 27 денсаулық сақтау нысанының құрылысы салынады. Орталық атқарушы органдармен бірге жасалған орнықты жұмыстардың нәтижесінде 36,4 млрд теңгеге Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана мен емхана тұрғындардың игілігіне қызмет етеді.

Спортсүйер қауым алдағы жылдары енді футбол ойындарын жаңа стадионда көруге мүмкіндік алады. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында келер жылы жаңадан жабық стадион салынады.

Келесі жылы облыс орталығында Болат Өтемұратов қорының тікелей қолдауымен «Қызылорда Арена» көпбейінді заманауи спорт кешені бой көтереді. Мұнда олимпиада талаптарына сәйкес 50 метрлік 8 жолды бассейн, футболға арналған жабық алаң, спорттық ойын алаңы, жекпе-жек залы болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: