Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде комиссия отырысы өтті

01.08.2022, 9:45 107

HALYQLINE.KZ Өткен аптада аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыс әкімі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдарының басшылары, салалық басқарма, департамент басшылары, ал қала және аудан әкімдері селекторлық режимде қатысты.

Комиссия отырысының күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Құқық қорғау саласының әкілдері аталған мәселелер бойынша баяндамашыларға өз сауалдарын қойып, оны шешу жолдарын талқылады.

Алдымен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев құрылыс саласындағы болған заң бұзушылықтарды жою шараларын ұйымдастыру жөнінде баяндады. Өңір басшысы құрылысы ұзаққа созылған нысандарды қысқа мерзімде аяқтауды, бақылау жұмыстарын күшейтуді, өз міндеттемелерін орындамаған мердігер компанияларға заң аясында қатаң шара қабылдауды тапсырып, құрылыс саласына жауапты қызметкерлердің арасында жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын да күшейту керектігін айтты.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе жер телімдерін беру, нысаналы пайдалану бағыттарындағы заң бұзушылықтардың алдын алу шаралары бойынша облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев сөйледі. Аталған мәселеде облыс әкімі жауапты сала басшыларына жер қатынастары саласында сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін пәрменді шаралар қабылдауды, игерілмеген жер учаскелерге түгендеу жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттің жер қорына қайтару шараларын атқаруды тапсырды.

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін жол инфрақұрылымын дамыту мәселесі де отырыста кеңінен талқыланды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жол құрылысы саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мен салдарын жою жұмыстарын үйлестіру бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Пахуадин Шамұратов сөз алды. Атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды тыңдаған өңір басшысы жауапты басқарма басшысына бірқатар міндеттерді жүктеді. Атап айтқанда, жол құрылысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау шараларын күшейтіп, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарының сапасына аса мән беру қажеттігін қаперге салды. Мұнан бөлек, жоспарланған кестеге сәйкес және құрылысы жүріп жатқан нысандардың бекітілген жобаға, құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Комиссия отырысында қаралған тағы бір мәселе – жергілікті атқарушы орган қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау, жобалық басқаруды ұйымдастыруға арналды. Бұл жөнінде облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов толыққанды тоқталды.

Өңірдің жемқорлық тәуекелдер картасына сәйкес жол саласы, инфрақұрылым, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік сатып алулар мен өзге де бизнес процестерге қатысты талдаулар жүргізіліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туғызатын факторлар анықталған. Бақытжан Ниязов алдағы уақытта жергілікті билікпен осы қатерлердің алдын алу бойынша тиісті жұмыстардың жүзеге асырылатынын жеткізді. Комиссия отырысы қорытындысымен өңір басшысы қала, аудан әкімдері мен салалық басқарма басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтіп, жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: