Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Си Цзиньпин Қазақстан аумағының тұтастығын «қорғауға» уәде берді

15.09.2022, 9:00 276

HALYQLINE.KZ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен 14 қыркүйекте елге мемлекеттік сапармен келген Қытай басшысы Си Цзиньпин көрші екі елдің көлік-логистика және агроөнеркәсіп салаларындағы әріптестігін талқылады, деп хабарлады ресми баспасөз.

Қазақстан президенті «мәңгілік» әріптестік «діттеген биікке көтерілді» деп мәлімдеді. «Мәңгілік әріптестік» терминін Тоқаев алғаш рет 2019 жылғы қыркүйекте Пекинге сапарлап барған уақытта қолданған.

Ақорданың хабарлауынша, Си Цзиньпин Қытай үкіметінің Қазақстанмен қарым-қатынасқа «көп көңіл бөлетінін» мәлімдеген. Си Цзиньпиннің айтуынша, «халықаралық конъюнктура қанша құбылса да», Пекин «алдағы уақытта да» Қазақстан «тәуелсіздігін, егемендігі мен аумағының тұтастығын» сенімді түрде қолдай береді, Қазақстанның «ішкі ісіне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы шығады». Қытай басшысы мұндай қауіп қандай күштерден келуі мүмкін екенін түсіндіріп жатпады.

Қазақстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшылары Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнауына 30 жыл толуына орай жазылған бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Бұл – Қытай басшысының 2020 жылғы коронавирус індеті басталғалы бері шетелге алғаш рет шығуы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Шанхай ынтымақтастық ұйымының 15-16 қыркүйекте Самарқанд қаласында өтетін саммитіне қатысады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: