Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиелі ауданының жаңадан сайланған әкімі таныстырылды

06.11.2023, 16:15 965

HALYQLINE.KZ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында Шиелі ауданының жаңадан сайланған әкімі таныстырылды.

Еске салсақ, күні кеше елімізде бірінші рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтті. Біздің өңірде Сырдария және Шиелі аудандарының әкімдері сайланды.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жаңа саяси реформалардың маңызына тоқталып, кешегі аудан әкімі сайлауына белсенді қатысқан тұрғындарға алғыс айтты.

«Бұған дейінгі Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өткен республикалық референдумға, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына аймақ жұртшылығы біркісідей қатысқан болатын. Аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси жүйені жаңғырту бойынша қабылдаған шешімінің заңды жалғасы. Күні кеше елімізде алғаш рет өткен осы науқанда Шиелі ауданының тұрғындары бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетті. Туған жердің ертеңі, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін таңдау жасады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов Шиелі ауданы әкімі сайлауының қорытындысын хабарлады. Ауданда сайлаушылардың 75,2% учаскелерге келіп, олардың 86,2%-ы Нұржан Ахатовты қолдаған. Комиссия төрағасы Нұржан Сәбитұлына аудан әкімінің куәлігін табыстады.

Облыс әкімі жаңадан сайланған аудан басшысына алдағы уақытта экономика салаларына, әсіресе, инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша нақты жұмыстар атқаруды тапсырды. Оған қоса, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы ерекше потенциалын пайдалану керек.

Актив отырысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил және тыл ардагері Сейілбек Аманжолов Нұржан Сәбитұлын құттықтап, жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: