Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиелі ауданының әкімі ауылдық округтерді аралады

05.08.2022, 9:45 775

HALYQLINE.KZ Кеше аудан әкімі Нұржан Ахатов аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаровпен бірге Сұлутөбе ауылдық округіне арнайы барып, мәдениет үйінде ауыл ақсақалдарымен, қауымдастық мүшелерімен, мекеме басшыларымен, тұрғындармен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылады. Аудан әкімі ауылдағы басты мәселелердің бірі ретінде газ кіргізу, Жаназар батыр ауылына жаңадан клуб үйін салу, ұялы байланыс желісінің жұмыс сапасын жақсарту жұмыстары бойынша атқарылып жатқан шараларды атап өтті.

Сондай-ақ, ауыл тұрғыны, ауданымыздың Құрметті азаматы Е.Дүйсенов жалпы жасалып жатқан жұмыстардың аз еместігін, аяқ су мен ауыз судың кедергісіз келіп тұрғандығын, жолдардың асфальтталып жатқандығын айтып, ауылдағы бос тұрған бұрынғы ескі мектептің ғимаратын спорт мектебіне немесе сол сияқты қажетті нысандардың біріне айналдыру туралы ұсынысын жеткізді.

Кездесу соңында ақсақалдар жаңадан тағайындалған аудан әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, батасын беріп, елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауда жан аямай қызмет етуге шақырды.Айта кетейік, қазіргі таңда Сұлутөбе ауылдық округінде 64 шаруа қожалық, 27 кәсіпкерлік нысан бар, 1 аурухана, 3 ФАП, 1 амбулатория, 3 мектеп, 1 мемлекеттік және 2 жеке меншік балабақша, 1 мәдениет үйі, 1 клуб, 3 кітапхана тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Одан кейін аудан әкімі Майлытоғай ауылдық округіне барды. Ауылдық клуб үйінде ауыл ақсақалдарымен, қауымдастық мүшелерімен, мекеме басшыларымен, тұрғындармен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылады.

Аудан әкімі ауылдағы басты мәселелердің бірі ретінде газдандыру мәселесін атап өтіп, алдымыздағы жылға «Мұстафа Шоқай» АГРС, яғни автоматтандырылған газ реттеуіш станциясын салу жоспарланғандығын және нәтижесінде Сұлутөбе, Майлытоғай, Тартоғай, Бала би мен Бәйгеқұм ауылдарына да газ тартыла бастайтындығын жеткізді. Сондай-ақ, ауылдағы жарық жүйесін реттейтін жаңа транформаторға қаржы қаралғандығын атап өтті.

Ауылдағы көпті көрген, елге еңбегі сіңген ақсақалдар сөз сөйлеп, аудан басшысына ақ батасын беріп, қызметіне сәттілік тіледі. Айта кетейік, қазіргі таңда Майлытоғай ауылдық округінде 13 шаруа қожалық, 12 кәсіпкерлік нысан бар, 1 медпункт, 1 мектеп, 1 клуб, 1 жеке меншік балабақша мен 1 кітапхана тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Аудан әкімінің жұмыс сапары Тартоғай ауылдық округіне жалғасты. Ауылдық мәдениет үйіне ауыл ақсақалдары, қауымдастық мүшелері, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары жиналып, ауылдағы маңызды мәселелер жайын сөз етті.

Ауыл тұрғындары тарапынан айтылған барлық ұсыныс-пікірлер талқыланып, аудан әкімі нақты шешімдер қабылданатындығын жеткізді. Тартоғай ауылдық округіндегі 15 көшенің он екісі афальтталған, қалған 3 көшені асфальттауға және көше жарығын орнатуға бөджеттік өтінім тапсырылған. Қазіргі таңда ауылда 15 шаруа қожалық, 3 кәсіпкерлік нысан бар, 1 ФАБ, 1 мектеп, 1 мәдениет үйі, 1 мемлекеттік балабақша мен 1 кітапхана тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Ауыл ақсақалдары аудан басшысының алдағы жоспарларына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: