Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шешілмейтін мәселе болмайды

03.08.2023, 18:50 429

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте ауданның 2023 жылдың І жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық  дамуын баяндады.

Биылғы жылы ауданның  бюджеті 11,5 млрд теңге болып бекітілсе, нақтыланған бюджеті  13,1 млрд теңгеге өзгерген. Оның 2,3 млрд теңгесі ауданның өз кірісі болса, қалған 10,8 млрд теңгесі  субвенция мен трансферттер және  несиелер  арқылы кірген. 

Ел ішінде «екінші Түркістан» аталып кеткен өңірде шағын және орта кәсіпкерлік саласында  6760  кәсіпкер тіркеліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 1416 кәсіпкерге немесе 27,6 %-ға көбейген. Олардың нақты жұмыс істеп тұрғаны – 6522. Кәсіпкерлікті дамыту ісі бойынша 247 жобаға  қаржы ұйымдарынан  2,2 млрд теңге несие берілген. Аудан кәсіпкерлері  4 млрд теңгенің өнімін өндіріп, оның көлемін 10,8%-ға  дейін өсірген.

Аудан әкімінің айтуынша, 3993 тонна ауыл шаруашылығы өнімі 7 елге экспортталған. 

 – Биыл 17377 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын  ектік. Оның ішінде 6450 гектарға – күріш, 1115 гектарға – бақша өнімдері, 950 гектарға – көкөніс, 315 гектарға – картоп, 6876 гектарға малазықтық дақылдарының дәні себілді. Егістікті әртараптандыру бағытында 81 гектар жаздық бидай, 52 гектар арпа, 15 гектар картоп, 50 гектар көкөніс, 65 гектар бақша өнімдері, 15 гектар картоп артық орналастырылды. Су тапшылығының алдын алу мақсатында Басықара, Майлыбас және Құмжиек ауылына 1 данадан  көтерме  насос сатып алынды. Жыл басынан бері 3326 тонна ет, 8748 тонна сүт, 804 мың жұмыртқа өндірілді. Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай және Нидерланды елдеріне 2421 тонна күріш, 557 тонна балық, 561 тонна қамыс экспортталды, – деді Мұхтар Әуесұлы.

2016-2021  жылдар  аралығында  Арал ауданын басқарған әкім Қазалының жаңғыруына да ілкімді  үлес қосуда. Өткен жылы  Қазалы қаласы, Жалаңтөс батыр,  Қ.Пірімов және Басықара ауылдары «көгілдір отынға» қосылып, аудандағы тұрғын үйлердің газға қосылуы 63,2%-ға жеткен. Биыл Абай ауылын газдандыруды  бастауға  41,153 млн теңге қаржы  бөлініп,  құрылыс-монтаж жұмысы жүріп жатыр. 

Өткен жылы автомобиль жолының  8 жобасы қолға алынып,  75 шақырымдық жол мен 1 темір-бетонды көпір жөндеуден өтсе, биыл 4 автомобиль жолын орташа деңгейде жөндеуге және 1 жолды қайта жаңғыртуға бюджеттен  1,2 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Ал «Қарлаң»  көпірінің  құрылысын  жалғастыруға  бюджеттен 1,6 млрд теңге  бөлінген.

Брифинг барысында ауданда құрылыстың қарқын алып келе жатқандығы айтылды. Осы жылы 20423 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.   

 – Жалпы құны 16,9 млрд теңгенің 23 инвестициялық жобасының құжаттары толық әзірленіп, облыстық басқармалар арқылы тиісті орталық атқарушы органдарға бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Ұлттық қордан 1150,7 млн теңге бөлгізу арқылы Бозкөл,  Кәукей, Абай ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ауданда апатты жағдайда деп танылған 1 мектептің мәселесі шешіліп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық білім ошағының іргетасы қаланды. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында  Қ.Пірімов аулындағы №92 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен 231,4 млн теңге бөлініп, қазір оның құрылысы жүріп жатыр. Ұлттық сараптама орталығының Қызылорда облысы филиалы, Қазалы аудандық бөлімшесі ғимаратына (СЭС лаборатория) күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде, – деді аудан әкімі.

Жыл басынан бері Қазалы спортшылары халықаралық,  республикалық және облыстық жарыстарға қатысып, 18 алтын, 26 күміс, 31 қола медальға қол жеткізген. Алдағы уақытта спорттан бөлек,  мәдениет саласында бірнеше нысан іске қосылады.

 –  Биылғы жылы Ү.Түктібаев аулындағы спорт кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Жанқожа батыр, Майдакөл, Бекарыстан би, Қ.Пірімов, Басықара, Ақсуат, Жанкент елді мекендеріндегі спорт алаңдары күрделі жөндеуден өткізілді. Алдағы уақытта Әйтке би кенті, Қазалы қаласы, Жалаңтөс батыр, Бекарыстан би, Ғ.Мұратбаев ауылдарынан спорт кешендерін салу жоспарланып отыр.  Әйтеке би кентінде 600 орындық мәдениет үйі және Кәукей ауылында 100 орындық клуб құрылысын салу үшін тиісті құжат әзірленді, – деп сөзін аяқтады аудан әкімі.

Жиын соңында  Мұхтар Әуесұлы журналистердің көкейтесті сұрақтарына жауап берді. Соның бірі – Шәкен, Шилі, Сарбұлақ елді мекендері мен Қазалыдағы  байланыс жүйесінің  нашарлығы.  Аудан әкімі бұл бағытта Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласын топтастыратын өңірлік  байланыс инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұловты  жуырда ғана ауданға шақырғанын айтып, байланыстың нашарлығын көрсеткен. Аудан әкімі алдағы уақытта мамандар тарапынан бұл мәселе пысықталып, оң шешімін  табатынын  жеткізді.

Жасұлан   АСҚАРҰЛЫ 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: