Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шәменовтың шамасы нені өзгертуге жетеді?

30.03.2023, 10:40 307

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, әкімдер халыққа сәл де болсын жақын болды. Өйткені тоқсан сайын бұқарамен жүздесіп тұрған әкімнің жұмысына рең берері сөзсіз. Әрбір кездесуге барарда ұяты бар әкім «тұрғындарға қандай жұмыстар істедік, алдағы уақытта нені атқармақшымыз?» деп таразыға салып, алдын ала қам-қарекет жасайды ғой. Қайткенмен де, медальдің екі жағы бар секілді, әкімдердің де екі жүзі болуы заңдылық. Кей уақытта «билікке өкпелі болудың қажеті жоқ» деген пікір айтылады. Оның себебін былай түсіндіреді. «Бір отбасын асырай алмай отырған ер-азамат көп. Ал, президент һәм әкімге бүтін бір ел, облыс, қаланың қаншама тұрғынының жағдайын жасау оңай емес» деп аналық инстинктері оянатындар аз емес. Рас. Дегенмен, басшылық қызметке оны ешкім күштеп апарған жоқ. Өзінің таңдауы. Олай болса, қиындығын біле тұра таңдаған жолынан ешкімнен аяушылық күтпей, жұмыс істегені жөн-ақ. «Әлін білмеген әлек» деп қазақ бекер айтпайды. Қысқасы, қала әкімі Асылбек Шәменов осы аптада бірнеше ауылдық округке барып, тұрғындармен жүздесті. Осы уақытқа дейін істелген жұмыстарға тоқталып, халықтың ұсыныс-өтінішін тыңдады. Шаһар басшысының шамасы кімге, нені өзгертуге жетеді екен? Әлқисса…

ЖАУАПСЫЗ   МАМАНДАРДЫҢ  КЕСІРІ   ӘКІМГЕ   ТИЕДІ

Қызылорда қаласының қазіргі әкімі 2023 жылдың I тоқсанындағы халықпен кездесуін Белкөл кентінен бастады. Бүгінгі күні бұл кенттің әлеу­меттік-экономикалық жағынан өсу қарқыны жоғарылап келеді. Десе де, экология­лық тұрғыдан көпті алаңдататын ауылдық округ екені белгілі. Бұған кейін тоқталамыз. Естеріңізде болса, шаһар басшысы өткен жылы белкөлдіктермен кездескенде халықтың үлкен өтінішін мойнына алды. Олар елді мекенді бөліп тұрған теміржолдың үстінен жаяу жүргіншілер көпірін салу қажеттігін айтты. Асылбек Шәменов «мо­йын жуан ғой, бәрін көтереді» демей, шұғыл іске кірісіпті. Облыстық бюджеттен бөлінген 225,2 мил­лион теңгеге жұмыстар жүргізіліп, көпір жақында пайдалануға берілді. Алайда көпір халықтың игілігіне жасалса да, белкөлдік­тер қадірін білмепті. Жаңа көпірдің жағдайы тұр­ғындардың кесірінен нашарлап келеді. Қазірдің өзінде көпірдің әйнектері шағылып бүлінген. Кездесу барысында әкім де, халық та «ұқыпты болайық, жанашырлықпен қарайық» деп келі­сімге келді. Осы  жылы да кентте жаңа жобалар жүзеге аспақ. Облыс бюджетінен 89,5 миллион теңге бөлініп, Жерұйық, Путейцева тұйықтары, Әбдіқадыров №2, 4, 6, 9 көшелеріне қиыршық тас төселсе, Сарыарқа, Жерұйық көшелеріне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұған қоса, қала­лық бюджеттен 39,1 миллион теңге бөлінді. Бұл қомақты қаражатқа кенттің орталығы мен Бірлік көшесінің мектепке дейінгі аралығына жаяу жүргіншілер жолы салынады. Шаһар басшысымен кездесуге келген тұрғындар арасында Бірқазан елді мекенінің азаматтары болды. Олар «жауыр болса да айтайық, жолдың халі нашар» деп қынжылды. Осы тұста Асылбек Шәменов бірқазандықтарға  да қаржы қарал­ғанын  жеткізді.

– Бірқазан елді мекеніндегі көшелердің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға облыстық бюджеттен 34,8 миллион теңге қаралып отыр. Бұдан бөлек, облыстық бюджетке кент пен Бірқазан ауылының жолы мен жарығына, мәдениет үйінің құрылысына 727,7 миллион теңгенің жобалары ұсынылды. Алдағы уақытта мәслихат сессиясында сұралған қаржы қолдау тапса, аталған жұмыс­тар  жүзеге  асырылатын  болады, – деді  ол.

Белкөлдіктердің басым бөлігі жер мәселесін қаузады. Әлі күнге дейін жер телімін ала алмай келе жатырмыз деп шу шығарғандар болды. Сондай-ақ, ауызсу, аяқсу мәселелері де айтылды. Кей тұрғынның денсаулық жағдайы да айтылып, көмек беруін өтінгендер де болды. Мәселен, зейнетке шыққан Владимир Актерин есімді тұрғынға 4 рет ота жасалып, бір аяғын кесуге тура келіпті. Осындай ауыр халдегі жанды 2-топтағы мүгедектер қатарына қосқан. Сол себепті қоғам белсенділері оған 1-топтағы мүгедекті берсе екен деген өтініштерін қала әкіміне айтты. Мұнымен мәселе тоқтамады. Көшелерде жарық бағана­лары  құрылғанымен, жарық жоқ. Оқушылардың сабаққа қатынауы қиындық туғызуда. Себебі көше­де қаңғыбас иттер жетерлік. Бұны естіген қала әкімі де таңырқап қалып, жауаптыларға бүй деді.

– Бұлай болмайды. Қаншама адам қатынайды. Қанша бала сабаққа барады. Жұмыс істегісі келмейтін болса, шешім қабылдау керек. Өкінішке қарай, бізде осындай жігіттер бар. Конкурсқа қаты­сып, қаражат жеңіп алады. Артынша істегісі келмейді. Бірақ ақша тапқысы келеді. Сосын осыларды итеріп жүргеніміз. Бұны қадағалаңдар, егер болмаса, келісімшартты  бұзыңдар, – деді қала  әкімі.

Кездесуде тұрғындар қоғамдық көлікті де айтып өтті. Қаламен байланыстыратын авто­бустардың жүру интервалын жиілетуді сұрады. Қала әкімі сұранысқа байланысты «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің директорына қоғамдық көліктердің жүру жиілігін ретке келтіріп, сызбаларды  қайта  қарауды  тапсырды.

«МӘСЕЛЕНІ   ШЕШІМІМЕН  ХАЛЫҚ  ӨЗІ  АЙТЫП  БЕРЕДІ»

Мұнан соң, қала әкімі Тасбөгет тұрғындарымен  кездесті. Бұл кентте тұрғындардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Сондықтан әкімдік тарапынан көңіл де жиі бөлінетіні хақ. Мысалы, кентте дене шынықтыру-сауық­тыру кешенінің құрылысы салынбақ. Оған облыс­тық бюджеттен 542,1 миллион теңге бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, биыл кенттегі 41 көше­ні жөндеуге  облыс  және қала бюджеттерінен  833,7 миллион теңге қаржы қаралды. Бұл қара­жаттарға жалпы ұзындығы 28,8 шақырымды құрайтын көшелерге асфальт қабаты мен қиыршық тас төселетін болады. Жергілікті бюджеттен бөлінген 15 миллион теңгеге «Шауқаман бағы» да абаттандырылып, халыққа қолайлы жағдай жасалынады.

Бүкіл өңір, аудандарда өзінің туған өлкесінің дамуына перзенттері елеулі үлес қосып жатқаны белгілі. Соңғы уақытта мұндай азаматтар көбейді. Лайым болашақта да көп болғай. Тасбөгеттік кәсіпкерлер де инвестиция құйып, кенттің кіреберісінен 130 пәтерлі көпқабатты үй салуда екен. Ал, 2021 жылы жалпы құны 1 миллиард теңгеге 5 қабатты 53 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын бастаған «Фирма «МТО-Центр» ЖШС нысанды мамыр айында пайдалануға беруді жоспарлауда. Бұл жұмыстармен бірге орталық саябақ жанынан 200 миллион теңгеге «Құддыс Ишан» мешітінің жаңа ғимараты бой көтеруде. Тағы бір жоба, «AЭS and  Limited» ЖШС-нің демеушілігімен 100 миллион теңгеге «Сабалақ» саяжайына табиғи газ желісін тарту жұмыстарының жоба-смета­лық  құжаттары  әзірленуде.

Тасбөгеттіктерді алаңдатып отырған негізгі мәселе – емханада орынның жетіспеушілігі. Бұған қатысты қала әкімі хабардар екенін жеткізіп, инвесторлармен сөйлескенін айтты. Олардың жобасын алып, концепциясы жасалуда екен. Республикалық бюджетке ұсынуға қарап жатырмыз деп мәлімдеді. Мұнда да жарық, ауызсу, жол мәселесі қозғалды. Тіпті шешімімен қоса да айтқан халық болды. Қала әкімі: «Халықпен жиі кездесіп тұру керек. Мен әр саланың мамандарына айтамын. Барып халықтан мәселені тыңдап, жұмыс істеңдер. Төрт қабырғада ешнәрсе шешілмейді. Халықтың арасында жүріп қана шеше аласыңдар. Өйткені бұқара мәселені шешімімен  өзі айтып береді» деп айтты.

Сондай-ақ, үйсіз-күйсіз жүргендер көп екен. Жиналған халықтың барлығы дерлік, қала әкімінен жер мен үй беруін өтінді. Көпбалалы ана «барар жерім жоқ, уақытша үй тауып берсеңіз» деген өтінішін білдірді. Асылбек Шәменов жауап­тыларға тапсырып, басты назарға алатынын айтты. Соны естіген халық тегін ақша таратылды деп түсінді ме, бір тұрғын былай деді.

– Мен де, келіншегім де жұмыс істейміз, балам да жұмыс істейді. Бірақ баламның өз отбасы бар. Үшеумізде де несие бар. Мен Президентке де хат жазып, қаржылай көмек бер дегенмін. Мен де өзгелер секілді кең үй салып, қысылмай-қымтырылмай қонақ шақырайын дегенмін. Үй салайын деп қаржы сұрағаным заңсыз ба? – деп  мұңын  айтты.

Шыны керек, біреуді сынап-мінеуден аулақпыз. Бірақ қоғамда масылдық көзқарастың болуы елді кері тартатыны даусыз. Қала әкімі үй алудың, несие алудың жолын сілтемекші болғанымен, «қайтарымсыз ақша» сұрап тұрғаны ұят. Абай Құнанбайұлы «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекерден-бекер айтпаған екен. Иә, тасбөгеттіктерді үйдің жайы алаңдатып отыр. Әлеуметтік мәселелерін шешуге билік жұмыс істегені жөн. Алайда көз бен қастың арасында шешілетін мәселе емес екені бесенеден белгілі.

«ОСЫ  АУЫЛҒА  КЕЛІНШЕК  БОЛЫП КЕЛДІМ,  ҚАЗІР  КЕМПІР  БОЛДЫМ»

Шаһар басшысының келесі аялдамасы Қызыл­жарма ауылдық округі болды. Соңғы бес жылда бұл елді мекеннің аумағы бірнеше есеге ұлғайып, тұрғындар саны 15 мыңға жеткен. Халық санының артуына байланысты инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу секілді мәселелер бой көтерді. Бұл округте осы жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында игілікті іс бастау алмақ. Тұрғындар бұл мектепті асыға күтіп отырғандарын жеткізді. Заманауи үлгідегі 900 орындық білім ұясының құрылысы  жақын  арада  жүргізіледі.

– Соңғы жылдары ауылдардың, шет аймақтың жолдарына айрықша мән берілуде. Ұлттық қордан, облыстық және қалалық бюджеттерден қара­жаттар сұралып, берекелі бастамалар жүзеге асуда. Соның дәлелі, өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген 1 миллиард 642 миллион теңгеге ауылдағы 35 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары басталды. Бүгінде оның 15 көшесі жаңаланды, қалған 20-сы жыл соңына дейін жөнделеді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен бөлінген 591,7 миллион теңгеге ұзындығы 17 шақырым болатын 23 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі, – деді Асылбек Өмірбекұлы.

Мұнда да тұрғындар жарық мәселесін айтты. Алайда бұл мәселе қалалық бюджеттен шешімін тауып қойған екен. Бюджеттен бөлінген 5 миллион теңгеге ұзындығы 900 метрді құрайтын екі көшеге түнгі жарық шамдары орнатыла бастапты. Және 11,9 миллион теңгеге Батырбаев және Сексенбаев көшелерінің қиылысына бағдаршам орнатылуда. Игілікті істің жалғасы, ауыл орталығынан өткен жылы іргетасы қаланған заманауи үлгідегі жаңа спорт кешені жақын күндері пайдалануға берілмек. Осылайша, елді мекеннің еңсесі көтеріліп, тұрғындардың талап-тілектері орындалмақ. Дегенмен, халықтың айтары бар.

– Осы ауылға келгеніме 35 жыл болды. Махам­бетов көшесінің басында каналдың іргесінде тұрамыз. Жолдың мәселесі қиын. Батпақтың зардабын көп шектік. Су болса да жоқ. Күн жылы кезде суымыз тоқтап қалады. Біздің маңайға өткен-кеткен көлік қоқыстарын төгіп кетеді. Соның бәрін жинап келеміз. Бұл мәселелерімді 17-нші әкімге айтып отырмын. Еш нәтиже жоқ. Келіншек болып осы ауылға келдім, қазір кемпір болдым. Қиындықтан бетіміз ашылмай келе жатыр, – деп қызыл­жармалық  тұрғын  уәжін  айтты.

Бұған қатысты Асылбек Шәменов ауылдық округтің әкіміне дереу жұмыс істеуге тапсырма берді. Қаржы бөлініп тұрған кезде сапалы жұмыстар істеу керектігін айтты. Қызылжарма ауылдық округіне 3 ұңғыманы қайта бұрғы­лауға жоба-сметалық құжаттар дайындалған екен. Алдағы уақытта қосымша тағы қарастыратынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, екі кент пен Қызылжармада қала әкімі жеке қабылдаулар өткізді. Мұнда көбіне жеке мәселелер айтылды. Мәселен, Айгүл Жарылқасынова есімді тұрғын асырап алған баласы­ның денсаулығына байланысты еліміздің ірі мегаполистеріне емделуге бару керек екенін айтты. Жұбайы Абай Шыманов «Бақ-береке-2030»  ЖШС-де көлік жүргізушісі  болып жұмыс істейді. Баласының емі үшін күйеуінің жұмыс орнынан 300 мың теңге көлемінде қаржы алып беруін өтінді. Әрі қарай  айлықтан 50 па­йыздан ұстап отырса екен деп қала әкіміне өтініш айтты. Асылбек Шәменов серіктестік басшысы Қайрат Ерназаровпен сөйлесіп, мәселені  шешетінін  жеткізді.

ЖАСТАР  ҚАЛА  ӘКІМІН  БІЛЕ  МЕ?

Жалпы, әкіммен кездесуде жастардың аз келе­тіні байқалды. Сол себепті жастарды саясатқа, елдің дамуына алаңдай ма деген ниетпен сауал­нама жүргіздік. Сауалнаманың аудиториясы  18-35  жас  аралығын  қамтыды.  Бар-жоғы  4-5 сағатқа созылған сауалнамаға 100 жас қатыс­ты. Сұрақтардың тізімі мынадай: қала әкімін білесіз бе? Егер «иә» деп жауап берсеңіз, аты-жөнін жазсаңыз. Біз түсінікті болу үшін инфографикамен беруді жөн санадық. Қала әкімі мен облыс әкімін ажырата  алмайтындар да, ол-ол ма, білмейтіндер  де  табылды.

Азамат  АБИМОЛДА

КӨПТІ  КҮТТІРГЕН  «КӨГІЛДІР  ОТЫН»

Қала әкімі Асылбек Шәменовтың 2023 жылдың 1-тоқсанындағы халықпен кездесуі сейсенбі күні Қосшыңырау, Ақжарма, Қарауыл­төбе елді мекендерінде жалғасты. Шаһар басшысы қалаға қарасты ауыл-аймақтарды аралап, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, биыл атқарылып жатқан бірқатар жаңа жобаларды таныстырды. Алдымен қалаға іргелес жатқан Қосшыңырау ауылдық округіне барып, ауыл тұрғындары әкімге көкейде жүрген сауалдарын жеткізді. Ауылдық мәдениет үйінде өткізілген кездесуде халық лық тола болды. Әуелі Асылбек Өмірбекұлы ауылда бұған дейін атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, биыл қалаға қарасты ауыл-аймақтардың игілігіне бюджеттен 53 млрд теңге бөлінсе, осы қаражат ішінен Қосшыңырау ауылына «көгілдір отын» құрылысы жүргізіледі. Оған 663 млн теңге қаржы қаралған. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен бөлінген 56,5 млн теңгеге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Досан ауылындағы 5 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 3,8 млн теңге қаржыға №1 көшеге жарық бағаналары орнатылатын болады. Абай елді мекеніндегі «Сиыр  фермасы» учаскесіндегі 1  көшеге  қиыршық  тас  төселеді.

Кездесуде ауыл тұрғындарының талап-тіле­гін тыңдау барысында елді мекендегі бірқатар мәселенің  басы  ашылып, қала әкіміне айтылды. Бірінші кезекте Қосшыңырау ауылдық округіне екі елді мекен кіретіні белгілі. Осыған байланысты ауылға қатынайтын қоғамдық көліктің санын көбейтуді сұрап, уақытын жиілетуді  талап  етті. Екінші осы екі елді мекен­де балаларға арналған бірде-бір спорттық кешен жоқ екені айтылды. Және осы мәселенің қарастырылуын сұрады. Бұдан кейін ауылдың шет жағында жаңадан қоныстанған үйлерде электр жарығы тым әлсіз және кейде желді күндері жарық өшіп қалатыны айтылып, бұл мәселенің де басын жылдам ашып беруін жеткізді. Тұрғындар қозғаған қайсыбір мәселенің де маңызды екенін тілге тиек еткен қала басшысы оның  кезең-кезеңімен,  жоспар  бойынша жүзеге  асатынын  айтты.

– Айтып, көтеріп жатқан мәселелеріңіз өте орынды. Біз осы сіздердің не тілектеріңіз бар екен, ауылға не жетіспей жатыр екен деп ең алдымен өздеріңізбен ақылдасу үшін осылай ауыл-аймақтарды аралап, кездесу ұйымдас­тырып жатыр­мыз. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, сіздердің сұрауларыңыз бо­йынша әрекет қылып, қажеттіліктеріңізді тізімге жазып алып, жылдам орындауға тырысатын боламыз және сол үшін жұмыс істейміз. Біздің басты мақсатымыз да осы, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, тиісті сала басшыларына арнайы тапсырма беріп, ауыл тұрғындарын толған­дырған басты мәселелерін шешуді талап етті.

ҚАРАУЫЛТӨБЕЛІКТЕРДІҢ  МЕДИЦИНА  САЛАСЫНА  КӨҢІЛІ  ТОЛМАЙДЫ

Әрі қарай халықпен кездесу Қарауылтөбе ауылында жалғасын тапты. Ауылдағы  №179 орта мектепте өткен жиынға аймақ тұрғындары толық қатыспағанымен, басты мәселелері көтеріліп, жауабы алынды. Қарауылтөбе ауылдық округінде атқарылған жұмыстарды баяндаған қала әкімі бұл елді мекен қалаға жақын орналасқаннан кейін оның дамуы аса маңызды екенін жеткізді. Жалпы, 3 мыңнан асатын тұрғыны бар ауыл жыл санап ауқымы кеңейіп келеді. Қалаға жақын, қоғамдық көлік жиі қатынайтын бұл аймаққа жаңадан қоныстанушылардың қарасы көбеюде. Сондықтан, ауылда басты мәселелердің бірі электр жарығы, жөнделе­тін жол, су сынды түйткілдер бірінші кезекте қарас­тырылуы керек.  Биыл осы аймақтың ахуалын жақсарту мақсатында 8 дана КТПН, электр бағаналары жүргізіліп, су тарту ұңғымасы орна­ластырылатын болады. Сондай-ақ, биыл бұл ауылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 150 орындық ауылдық клуб үйінің құрылысы жүргізілуде. Оған республикалық бюджеттен 274,4 млн теңге бөлінді.  Сонымен қатар, ұзындығы 9  шақырымды құрайтын 12 көшеге қиыршық тас төселіп, кіреберіс жолдың бойына R-1 каналына жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы  жүргізіледі.

Кездесуде тұрғындарды толғандырған мәселелер ашық айтылып, жиналған жұртшылық №6 емхана мәселесін қозғады. Тиісінше емхана қызметкерлері ем қабылдайтын адамдарға, мүгедектерге жөнді қызмет көрсетуді білмейді екен. Одан кейін мүгедектік топқа кіру үшін үлкен проблемалар болатынын да жеткізді. Сондай-ақ, облыс бойынша медицина саласында керекті құрылғылар жеткіліксіз, басқа қалаға барып ем қабылдайтынын айтқан ауыл тұрғыны өңіріміздегі медицинаға көңілі толмайтынын жеткізді. Бұған қала әкімі Асылбек Шәменов мәселенің ақ-қарасын анықтауды облыс­тық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарына  жүктеді. Емханаларға  тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп, бақылауды күше­йтуді тапсырды. Сонымен қатар, жиын соңында ауыл ақсақалдары қала әкіміне ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді. Мұнан кейін ауыл әкімі әр ауыл тұрғынына жеке қабыл­дау  жүргізді.

АҚЖАРМАҒА  БАЙЛАНЫС  ЖЕЛІСІ  БАРАДЫ

Шаһар басшысы халықпен кездесуін Ақжарма ауылдық округінде түйіндеді.  Ауылдық мәдениет үйіне жиылған тұрғындар қала әкімін жылы шыраймен қуана қарсы алды. Алды­мен бұл ауылда атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта жасалатын істердің барысына тоқталған әкім ауылдың жайлылығын, өте жақсы дамып келе жатқанын және тазалығын тілге тиек ете кетті. Сонымен қатар, ірі жобалардың бірі Ақжар­ма ауылында жасалып жатқанын айтты. Нақтырақ айтатын болсақ, Ақжарма ауылдық округі бойынша «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Тоғай көшесіне 2,5 шақырымды құрайтын көше жарығын орнату жұмыстары жүргізіледі. Баймұрат батыр мен Талдыарал елді мекендеріне 5 аялдама орнатуға 6,3 млн теңге қаралды. Талдыарал елді мекеніндегі жаңадан салынған аумаққа ұңғыма (скважина) орнату үшін жоба-сметалық құжаттарын дайындауға 15 млн  теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, биыл байланыс желісінің қондыр­ғылары өз жұмысын аяқтап, ауыл-аймақ толықтай әлеуметтік желіге кіруден қиналмайтын болады. Дегенмен, әлі де шешімі табылмаған мәселелерді ауыл тұрғындары әкімнің алдына тізіп  берді.

Кездесуге келген Ақжарма, Талдыарал ауылының халқы мұнан өзге кейбір көшелерге толығымен жарықтандыру жұмыстары жасалмағанын және мал шаруашылығына арналған жайылымдық жердің жоқтығын, сондай-ақ, ауылға қатынайтын №32 бағытқа екі ауыл тұрғындары сыймай қалатынын жеткізді. Бұдан бөлек жұртшылық ауыл емханасының талапқа сай келмейтінін айтты. Бір ғана анализ тап­сыру үшін Тасбөгет кентіндегі №4 емханаға барып қаралып жүргендерін, бұл арақашықтықтың қиынға соқтыратынын, әсіресе мүгедектігі бар адамдарға үлкен жүк екенін баяндады. Бұл күрмеуі қиын мәселенің шешімі әлі күнге дейін табылмай келеді. Қашан жақсы емхана болатыны сұралды. Шаһар басшысы өз кезегінде бұл мәселенің оңды шешілуін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарына тапсырып, биыл ауылға заман талабына сай жаңа амбулаторлық емхана құрылысы басталатынын айтты. Сондай-ақ, құрылыс аяқталғанша қалалық емхана дәрігерлері айына екі рет ауылға келіп, «ашық есік» күнін өткізетінін хабарлады. Әкім осы мәселені басты орынға қо­йып, бірінші кезекте атқарылатын жұмыстардың тізіміне алды. Сонымен қоса, ауыл жастарының арасынан спорттық кешен керек екені де айтыл­ды. Ауылда спортқа бейім, алдыңғы қатар­да жүрген балалар барын айтып, солардың болашағы үшін осы мәселенің басын ашып беру­ді  сұрады.

Кездесу соңында шаһар басшысы ауыл тұрғындарын жеке қабылдап, онда жеке кәсібі бар тұрғындар  жер алу мәселесін және кәсіпкерлерге қолдау керек екенін қозғады. Қала әкімі кездесулерде көтерілген сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңі­мен шешімін табатынын және әр сауал жеке  бақылауында  болатынын  жеткізді.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: