Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сен кіммен біргесің?»

20.09.2023, 15:30 197

HALYQLINE.KZ

C5+1 деген платформа бар. Дипломатиялық платформа. Бүгін соның аясында тарихи кездесу өтті. Неге тарихи және бұл платформа біз үшін неге маңызды? Қысқа-нұсқа.

2015 жылы АҚШ посткеңестік елдермен қатынасты күшейту керек деп шешті. Оның ішінде Орталық Азия елдерімен байланысты арттыру қажеттігі басты міндеттің бірі ретінде айтылды. Неге 2015 жылы десеңіз, 2014 жылы Ресей Украинаға қарсы агрессиясын танытып, Қырымды тартып алды. Бұл АҚШ-тың көзқарасында «Ресей посткеңестік елдерде жаңа отарлау саясатын бастады» деп танылды. Сәйкесінше ОА елдерімен байланысты арттыруға қатысты түрлі шешімдер ұсынылды, соның бірі – осы С5+1.

Бүгінгі жиын тарихи. Себебі осыған дейінгі С5+1 аясындағы кездесулердің барлығы Орталық Азиядағы бес елдің сыртқы істер министрлігі және АҚШ МемХатшысы қатысуының деңгейінде өтіп келді. Биыл алғаш рет бұл жиын мемлекет басшыларының деңгейінде өтіп отыр. АҚШ-тан Байден, бізден Тоқаев, өзбектен Мирзиеев, қырғыздан Жапаров, тәжіктен Рахмон, ал түркіменнен Сердар қатысты.

Кездесу форматына назар аударсақ, сол батыстық типте өтті. Үлкен залдың орнына кішігірім залда сөйлесуді жөн көріпті. G7 кездесулері де сондай бір кішігірім залда өте беретіні бар. Яғни мәселе – залда емес, айтылатын ойда, жасалатын ұсыныста.

АҚШ-пен (жалпылай Батыспен) байланысты арттыра беру біз үшін маңызды. Жанымызда екі ірі ел тұр. Көршілес елдердің ықпалы көршілес емес елдерге қарағанда едәуір көбірек болатыны түсінікті. Сондықтан да әскери, экономикалық және саяси тұрғыдан баланс ұстау маңызды. Ал ол дәл осындай келіссөздер, кездесулер және сол кездесудегі келісімдер арқылы іске асады.

Ресей Орталық Азия елдерімен тығыз байланыста. Экономикалық, әскери ұйымдар арқылы да әріптестік жасауда. Қытай да бұл аймақтағы өз байланысын, ықпалын арттыруға мүдделі. Осы жылдың мамыр айында Қытай басшысы Си төраға Сиань қаласына Орталық Азияның басшыларын шақырып, екі күндік саммит жасады. Экономикалық бағдарламаларын ұсынды. Сәйкесінше бұл аймақпен байланысты күшейту керек деген ой Вашингтонда да туындады. Нәтижесі бүгінгі бірінші президенттер деңгейіндегі басқосу.

Талқы болар тақырып көп. Ең біріншісі ол – экономика. АҚШ-тың біздің елде мұнай саласында инвестициясы бар. Тәуелсіздікті алған сәтте алғашқылардың бірі болып азаттығымызды мойындаған да, бізге алғаш инвестиция салғандардың бірі де осы АҚШ болатын. Бүгінде Chevron, ExxonMobile, General Electric сынды компаниялар көпшілігімізге таныс. Осы жолы президент Wabtec, Mastercard, Amazon және басқа компания басшыларымен кездесті. Бұл – қаржылық сектор, логистиканы дамыту мүмкіндіктері, теміржол саласын дамыту, жасанды интеллектіні дамыту, мұнай-газ саласындағы барлау жұмыстарын күшейту және басқа бойынша келіссөздер өтті деген сөз.

Қорғанысты күшейту жағы да бүгінгі С5+1 аясында айтылса керек. Бірақ ол көпке жария болмасы анық. Қару саласын әртараптандыру маңызды екенін көріп отырмыз. Армения оның жарқын мысалы. Естеріңізде болса, бізде АҚШ-пен бірлесіп «Дала қыраны» деген жаттығу өтіп тұратын. Соны алдағы уақытта қайта өткізу жағы талқыланса дұрыс болар еді.

Біз өзімізді көпвекторлы елміз деп жарияладық. Қытаймен де, Ресеймен де, Еуропамен де, АҚШ-пен де және басқаларымен де қатынас ұстаймыз дедік. Алайда соңғы уақыттағы державалар арасындағы қақтығыстар «сен кіммен біргесің?» деген сұрақты қоюды жақындатуы мүмкін. Бізге геосаяси қақтығыстардың құрбаны болмау үшін және біржақты саясатқа ілініп кетпеу үшін, дәл осындай көпбағытты кездесулер және оның аясындағы жұмыстар жалғасын тапқаны қажет.

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: