Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сан қырлы саботаж

08.12.2022, 11:20 210

Әміржан  ҚОСАН, арнайы   «Халық»  газеті  үшін

Сонымен, Жаңа Қазақстан идеясы жарияланды. Жарияланып қана қойған жоқ, сана мен болмысқа біртіндеп орныға бастаған  сияқты.

Рас, пікірі мен пайымы плюралистік, көзқарасы қарама-қайшы әрі қым-қиғаш қазіргі қоғамда бұл бастамаға біршама күдік пен күмән бар екенін де мойын­дайық.

Оның себептері баршылық, негізгісі мынау: аузы күйіп, үріп ішуге үйренген жұрт 30 жыл ішінде билік тарапынан ұсынылған алуан түрлі бастамалар мен бағдарламалардан әбден шаршады, оларға сенбейді. Өйткені, жап-жақсы құжаттар қабылданады, бірақ, өкінішке қарай, бәрінің арты сиырқұйымшақтанып кетіп, баянсыз боп қалады. Әйтпесе, елбасы тұсын­да да талай-талай тамаша бастамалар көтерілген-ді. Соның бәрі жүзеге асқанда, қазіргі бейшара жағдайға душар болмай, «ескі  Қазақстаннан»  жиренбес  едік.

Сонымен бірге, Жаңа Қазақстан идея­сына іштей қарсы күштер бар екені де жасырын емес. Көнені көксеген, жаңаша талаптарға жаны қас оларды мен шартты түрде  алтыға  бөлемін.

Біріншісі – ескі Қазақстанның ескі ереже­лері мен дүдәмал дәстүрлеріне бойы мен санасы үйреніп қалған бюрократтар, яғни шенділер. Олар сол баяғыша – тамыр-таныстық, құда-жекжаттық, жершілдік пен рушылдық, топшылдық пен кландық кодекстері, заңды белден басу әдеттері бойынша  өмір  сүргісі  келеді.

Олар Жаңа Қазақстан билігінде әлі де жүр. Кеше Назарбаевты жер-көкке сыйғыз­баған олар бүгінде оны даттап шыға келді. Қой терісін жамылған қасқырлар секілді олар өздерінің түпкі пиғылы мен ниеттерін сездірмейді. Керісінше, «Жаңа Қазақстан!» деп елден ерен ұрандатып, көзге түскісі келетіндер – нақ солар!

Сөйтіп жүріп, өздерінің саботаждық шаруасын тап-тұйнақтай атқарып жүр. Содан болар, үш жарым жылдан бері билік басында  отырған президент тәп-тәуір жарлықтарға  қол қояды, алайда баяғы жартас – сол жартас: әртүрлі себеп-сыл­таулар желеу болып, ол шешімдер орындалмай келеді.

Бұл топтың саботажы – нақты шешімдерді дер кезінде жүзеге асырмау, жақсы бастамаларға қағазбастылық кедергі жасау, президентке өтірік ақпарат пен жалтарма жауап беру. Жалпы алғанда, билік жүйесіне, оның басшысына теріс көзқарас қалыптастыру.

Екіншісі – Нұрсұлтан Назарбаев құрған жеке-дара  биліктің  бар рақатын көріп келген, сол кісіге жақындығы арқылы байлыққа кенелген, нарықтық экономиканың заңдарын жеке бастарына ыңғайлап, осы күнге дейін шалқып келген олигархтар мен байшыкештер. Президенттің кабинетіне күліп кіріп, күңіреніп шығатындар – солар. Және де олар дегенде тек қана мұнай мен газ, алюминий мен хром, не басқа да жер асты қазынасына ие болғандарды ғана емес, ауыл-аймақта да жоғарғы жақтағы байланыстары арқылы меншік пен мүлікке, қаржы мен пайдаға қол жеткізгендерді де атауымыз керек: олар да 30 жылдық әділетсіздіктің  жемісін  жеп  келгендер.

Бұл топтың саботажы – өздеріне қатысты салалар, кәсіпорындар мен компанияларды тұралату, әртүрлі уәждермен олардан бюджетке түсетін дивидендтерді мейлінше азайту, компаниялардың қаржысын шетел, соның ішінде, оффшор шоттарда сақтап, елге қайтармау, сөйтіп, жалпы экономикалық ахуалды нашарлату.

Саботаж бейбіт формадан адам өмірі мен денсаулығына, тұтас инфрақұрылым­дарға залал келтіріп, ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылықты шайқалта алатын дивер­сияға да ұласуы әбден мүмкін! Шешінген судан тайынбас: саяси реванш алу жолында  қарсы күштер кез келген амалға барады! Өмір немесе өлім, бостандық немесе түрме, байлық және билік немесе олардан айырылу  мәселелері  күн  тәртібінде тұр!

Үшінші топқа мен биліктің о жақ, бұ жағында күн көріп жүрген қоғамдық-саяси күштерді қосар едім. Олардың да шыққан жері сол – 30 жылдық жүйе, олар соның жемісі, төл баласы. Олар да шынайы бәсеке атымен жоқ кезде биліктің рұқсатымен өздерін заңдастырып алған қозғалыстар, партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ. Жаңа Қазақстан тұсында көппартиялыққа даңғыл жол ашылады деп жатыр. Олай болса, ашық пікірсайыс пен саяси бәсе­кеге үйренбеген олардың күні қараң болары  хақ.

Төртінші топқа мен билікке кім келсе де, соған атойлап қарсы шығуға дағдыланып алған «инерциялы оппозицияны» жатқызар едім. Олар қоғамда не билікте боп жатқан оң өзгерістерді көргісі келмейді. Олар үшін бәрі не ақ, не қара. Тіпті ертең билік басына пайғамбар не оппозицияның басқа бір өкілі келсе де, оларға да үйреншікті түрде атойлап қарсы шығудан тайынбайды. Олардың кредосы – кім болса, соған қарсылық. «Мына билік тұсында белгілі бір ілгерілеушілік бар» деп мойындау олар үшін саяси сатқындық, оппозициялық оппортунизммен пара-пар! Сол қасаң қалыптан шыға алмай жүруі де олар үшін  үлкен  трагедия  деп  білемін.

Бесінші топтағылар – саяси күресті, соның ішінде оппозициялық ұстанымды жеке басының мүддесі, белгілі бір тұлғадан (кеше Назарбаевқа, бүгін Тоқаевқа, ертең тағы біреуге) кек алу (оны мен «саяси вендетта» деп атаймын) үшін пайдаланатын тұлғалар. Көбінесе олар биліктің өзі ішінен шығады: кланаралық күрестің құрбаны боп, биліктен шеттетіледі, содан барып, билікке қарсы шығады. Өз күресінде олар халықтық, демократиялық ұрандарды қолданады. Бірақ та ертеңгі күні билікке кеп қалса, олардан асқан авторитарлы басшы бола қоймас және де олар барлық әлеуетін өзін ренжіткен тұлғалардан өш алуға жұмсайтыны  да  анық.

Төртінші және бесінші топ көбінесе ымырасыз, радикалды, ешбір компромисті мойындамайтын қатып-семіп қалған ұстанымда  болады.

«Қоғамдық, ұлттық, мемлекеттік мүдде үшін қоғам мен билік өзара диалог құрып, ең басты мәселелер бойынша келісімге келуі мүмкін» деген биліктің басқа қарсыластарын олар мүлдем қабылдамайды. Сондықтан да ылғи да тұйыққа тіреле береді.

Алтыншы топқа мен іштей жаңаруды, реформаларды қолдаса да, оның түпкі мән-мағынасы мен маңызын әлі ұға алмай келе жатқан тұтас бір қауымды жатқызар едім. Олар өзгерістерді қалайды, бірақ Жаңа Қазақстан идеясы өзінің жеке басына не беретінін білмейді. Оның үстіне, ақпараттық соғыс стратегиясы мен тактикасынан бейхабар ол ағайын Жаңа Қазақстан және президент туралы әртүрлі алыпқашпа әңгімелерге (оны қазір «хайп» пен «хейт» деп жүрміз) сенгіш, әлеуметтік желідегі не мессенджердегі сенсация мен скандалды тура қабылдап, имандай сенеді: аңқау  елге – арамза  ақпарат!

Халықаралық факторды да естен шығармау керек. Ешкім ешқашан да әлем­дік, соның ішінде, аймақтық деңгейдегі мемлекетаралық бәсекені жоққа шығара алмайды. Қазақстанның да сыртқы әлемде өз қарсыластары бар. Оларға біздің елдің тым өркендеп, тым дамып, тым көр­кейіп кеткені әсте де керек емес. Ғасырлар бойы қалыптасып, өз шешімін таба алмай келе жатқан геосаяси түйткілдер мен түйін­дердің де бір орныққан жері – біздің аймақ. Солтүстікте – қорбаңдаған аю, шығыста – аузынан от шашқан айдаһар, оңтүстікте – бәсекелес көршілер мен бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған Ауғанстан айналасындағы  апиынды  аумақ.

Мұндай айнала бір жағынан – бағымыз, өйткені транзиттік мүмкіндіктер шаш етектен, екінші жағынан – сорымыз, өйткені әлемдік саясат орталықтарының әртүрлі (соның ішінде ұлттық мүдделерімізге қарама-қайшы келетін) шешімдеріне  төтеп  беру  керек.

Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіз Қазақ­станның тұғырлы да тегеурінді болуына қазақтың өзінен басқа ешкім де мүдделі емес!

Саясат заңы сол: билік болған соң, оған қарсы күштер болады. Олардың біразын жоғарыда суреттеп беруге тырыстық.

Бірақ та қазіргі кезеңнің бір ерекшелігі сол: өркениетті заңдар аясында қимыл-әрекет ететін, идеялық жағынан табанды да дәйекті әрі ашық күрес жүргізіп келе жатқан саяси қарсыластар да бар! Ондай оппозиция қоғамға ауадай қажет екенін ұлықтау сөзінде президенттің өзі де мойындады: «Мен сайлау нәтижесінде еліміздің заң шығарушы органында… оппозициялық  көзқарастағы адамдар пайда болады деп  күтемін».

Саботаж ұйымдастырып, саяси реванш алғысы келетіндер саясатқа ашықтан-ашық немесе біреулер арқылы араласуы да ғажап емес.

Солардан  келер  қауіптердің алдын алудың бір ғана жолы бар: ол Жаңа Қазақстанды құруда бюрократтар мен олигархтарға емес, демократтар мен отандық кәсіпкерлерге, яғни өзгерістерді шын ниетімен қалаған қалың жұртшылыққа сүйену. Одан басқа оңтайлы жолды мен көріп отырған  жоқпын!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: