Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сайлауға сенім бар ма?

14.01.2021, 11:50 411

«Пандемия жағдайында сайлауды өткізбей қоя тұру керек» деген пікір әуелде қоғамда кең тарады. Десе де, карантин режимінің қашанға дейін созылатыны белгісіз. Бұл күні ел-жұрт та шектеу шараларына бейімделіп-ақ қалды. Сондықта­н, белгілі  бір  күнді «қашан келер екен?» деп күтудің қажеттілігі де жоқ секілді көрінді. Сайлауды  санитарлық  талаптарды сақтай­ отырып­ өткізу әдісі қарсы алдымыздан шықты. Аталған  шешімнің  қаншалықты  дұрыс екенін  біз  білмейміз, білеріміз көптен күткен сайлау­ да өте  шықты.

«Саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген бар. Яғни, елдегі ауыс-түйіс, саяси  жаңалықтардан хабардар  болу – кез келген­ азаматтың міндеті. Баршаға белгілі сай­лау­да 5 партия бақ сынады. «Бұл партиялардың арасында ешқандай оппозициялық партия жоқ» дегендермен қоса, «Билік оппозициялық пар­тияларды  тіркетпейді» деп ойын ашық айтқандар, жазғандар болды. Айтулы аламанға қос партияның атын ауыстырып, жаңаша леппен қосылғанын  да  жақсы  білеміз.

«Halyqline.kz» сайты бұл жолғы сауалнама сұрағын «Сайлауға сенім бар ма?» деп алды. Әдеттегідей жауаптарды 5 нұсқаға орналастырдық. Олар:

Иә, сенемін;

Екі жақты болып тұрмын;

Шынымды айтсам, біл­мей­мін;

Бәйгеден кімнің келетіні белгілі ғой;

Сенімсіздік басым.

«Шынымды айтсам, біл­меймін» деген нұсқа бар бол­ғаны 9% дауыс жинады. Бұл – ең төменгі нәтиже. Аталған жауап­тан немқұрайдылықтың лебі байқалатындай. «Иә, сенемін» деушілердің қатары 12%-ды құрады. Өз-өзіне сенімсіздік танытқандар да аз болмады. «Екі жақты болып тұрмын» (12%) деген нұсқа ортаңғы орынға жайғасты. Көп­шіліктің сайлауға деген сенім­сіздігі (27%) басым екен. Мұны сайлаудан қалыс қал­ғандардың санынан да бай­қау­ға болатындай. Ал «Бәйгеден кімнің келетіні белгілі ғой» деген­ жауап 39%-бен бірінші орынға шықты. Мойындауымыз керек, жетекші партияның жеңісіне көпшіліктің көңілінде күдік те болмаған шығар. Солай болуы да – заңдылық. Әрқашан өзгеріс күте­тін ел-жұрт бұл жолы өзі таңда­ған партия шекті балды жинаса, бірнеше мүшесі мәжіліске өтсе  деп  армандағаны  анық.

Бүгінде сайлаудың қорытындысы шықты. 5 партияның 3-еуі шекті балды жинап, мәжіліске баратын депутаттарының тізімін жариялап жатыр. Әділ сайлау жолында көп­теген азаматтардың басын тәуе­келге тігіп тәуелсіз бақылаушы  болғаны  бар. Иә, «бәрі алдын ала белгіленіп қойған» деп үйде жатқаннан гөрі, азаматтық қоғам үшін кішкене болса да іс-әрекет істеген әлдеқайда  пайдалырақ.

«Халықтың» сауалнамасы – халықтың ойы, пікірі, көз­қа­расы. Бұған ешкімнің күмән-күдігі, талас-тартысы жоқ шығар­. Жариялық пен ашықтық азаматтық қоғамды орнату, азаматтық пікірді дамыту жолында ауадай қажет. «Halyqline.kz» сайты алдағы уақытта да ел ішіндегі өзекті жаңалықтарға, жайттарға байланысты сауалнаманы тұрақты түрде ұйымдастыруды мақсат етіп отыр. Барлық оқырмандарды белсенді болуға, әділетті болуға шақырамыз!

Сондай-ақ, +77001962000 ватсап нөмірі арқылы бізге кез келген мәселеңізді жолдай аласыз­. Біз оған жауапты мекеменің назарын аударамыз, шешілуі­не мұрындық боламыз! Ел сенетін белсенді бар. Ол – сіз! Сын болсын, бірақ шын  болсын!

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: