Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сайлаудың да сұрауы бар

16.11.2022, 10:30 193

HALYQLINE.KZ

20 қараша күні президент сайлауы өтеді. Кандидаттардың үгіт-насихат жұмысы өзінің шарықтау шегіне жеткен сияқты. Халық та өз таңдауын жасауға дайын.

Президент сайлауынан кейін елді қандай жаңалықтар күтіп тұр? Сайланған президент нендей мәселелерге басты назар аударуы тиіс? Жаңа Қазақстан құру ісіне не кедергі, не қолдау болмақ? Ескі Қазақстанның «мұрасынан» қалай құтыламыз?

Қоғамды толғандырған осы және өзге де өзекті мәселелер төңірегінде жазушы Мереке Құлкенов пен саясаткер Әміржан Қосанов ой бөлісіп, диалог құрып еді. Abai.kz сайтында жарияланған жазушы мен саясаткердің сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Бағдарламалар  не  береді?

М.Құлкенов: Қазақстанның жаңа президентін сайлау сәтіне санаулы күндер қалды. Қазіргі таңда осынау аса жоғарғы лауазымға үміткерлер өздерінің сайлау алдындағы бағдарламаларын жариялап үлгеріп, үгіт-насихат жұмысына кірісіп кетті. Әртүрлі деңгейдегі осы бағдарламаларды зерделей зерттеген халық, меніңше, кімге дауыс беретінін алдын ала біліп отырған сияқты. Өйткені Қазақстанның жарқын болашағы туралы тап басып айтып, мақсатын айқындау кез келген үміткердің шамасы келетін дүние емес. Олай дейтініміз – елдің дәл бүгінгі экономикалық-әлеуметтік жағдайын терең біліп, оны айықтырудың жолдарын жан-жақты іздестіре алатын білікті адам ғана алда тұрған ауыр да күрделі іске жанкештілікпен тәуекел ете алады.

Менің жеке пікірім – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын таяу арада жақсарту үшін барлық салаға халық бірден сезінетін күшті де шешімді реформа керек. Сонымен қатар, барлық деңгейдегі билік саласына жаңа кадрларды іріктеу дәл бүгіннен бастап қолға алынбаса іс оңға баспайды. Біз отыз жыл бойына коррупция мен мен көзбояушылықтың, яғни алдау-арбаудың құрбаны болып келдік. Сол алдап-арбаушылардың ондаған өкілдері әлі күнге билік басында отыр. Осындай қарақан басын ғана ойлайтын жалған отаншылдардан шұғыл түрде құтылмайынша ешбір реформа жүзеге аспайды.

Меніңше, біздің саяси партиялардың негізгі мақсаты – президенттік лауазымға өз өкілдерін сайлау емес, қалайда парламенттегі өз орындарын сақтап қалу.

Сондықтан да президент сайлауынан кейін отыз жыл бойына қуыршақ саяси партия ретінде тек қана биліктің сойылын соғып келе жатқан жасанды тобырдан құтылудың шарасын ойластырған жөн. Оның бір тура жолы – бағдарламасы айқын, экстремистік құлқы жоқ жаңа партиялардың тіркелуіне жол ашу. Осылайша еліміздегі дәрменсіз демократияның аяғындағы шідерді алып тастау.

Ә.Қосанов: Мәке, бағдарламалар туралы айттыңыз. Кандидат қандай болса, халыққа ұсынар бағдарламасы сондай болатын шығар. Қазір байқасаңыз, ел сол кандидаттардың тұғырнамасынан гөрі, қалай жілік сындырып, сиыр сауғанынан көбірек хабардар боп, соны талқылап әлек болып жатыр емес пе?

Өзімді екі мәселе қызықтырған еді.

Біріншіден, қазіргі әлемдік дағдарыс, КОВИД-тік шектеулер салдары, Ресейге қарсы Батыс санкцияларының салқыны секілді объективтік кедергілер тұсында экономикамызды қалайша сақтап қаламыз деген сауал баршамызды мазалайтыны рас.

Екінші, саяси реформалар қарқыны қандай болмақ? Сөз жоқ, депутаттарды сайлауда мажоритарлық, яғни бірмандаттық жүйені қайтадан қалпына келтіру дұрыс шешім болды. Ол қадам партия мүшесі емес азаматтардың саяси белсенділік танытуына мүмкіндік береді.

Бірақ әлі де болса, оппозициялық партияларды тіркеу және барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын атқарушы биліктен тәуелсіз ету секілді маңызды шаруалар жүзеге аспай жатыр. Меніңше, ол алдағы 7 жылдың еншісінде болуы тиіс.

20  қарашадан  кейінгі  билік

М.Құлкенов: Ал енді 20 қарашада халық өзі қалаған президентін сайлады делік. Әрі қарай не істемек керек? Бұл сұраққа өз тарапымнан жауап берсем – халық өзі сайлаған президентіне көмектесе отырып, оның өзіне дейінгі билік иесінің жолымен жүріп, жеке-дара билік құруына мүмкіндік бермеу. Ол үшін, әрине, көп кешікпей өтетін биліктің екінші тармағы – парламент сайлауын шын мәнінде халықтық сайлау дәрежесінде өткізу. Яғни партиялардан немесе жеке мандатпен сайланатын депутаттардың шын мәнінде халық қалаулылары болуын бақылау – сіз бен біздің абыройлы борышымыз. Ал жаңа депутаттар бұрынғыдай президенттің ауызынан шыққан әрбір сөзге шыбындаған жылқыдай бас шұлғи бермей, үкіметке мүше болатын әрбір жаңа министрді парламент талқысына салуды талап етсе дейміз.

Сонымен қатар, жаңа Парламент мүшелері мейілінше ешкімге тәуелсіз болмаса ғой деп армандаймыз. Ол үшін, әрине, президент ұстанған бағытты сауаттылықпен түсінетін, оның реформаларын қолдайтын, сонымен қатар, болашақ жаңа Қазақстанды дамыту жолындағы кедергілерге тосқауыл бола алатын көкірегі ояу, көңілі кемел тұлғаларды таңдап. соларға дауыс беру – біздің азаматтық борышымыз.

Ә.Қосанов: 20 қарашадан кейін біз мүлдем басқа Тоқаевты көретін сияқтымыз. Яғни, ол 2019 жылы Назарбаевпен бірге жасалған екеуара келісімнен құтылуы тиіс. Әйтпесе, осы күнге дейін Назарбаевтың елесі Гамлеттің әкесінің елесіндей елді кезіп, Тоқаевтың басты бастамаларына кедергі боп келе жатқанын сеземіз ғой. Ескі Қазақстан елесінен біржолата ат құйрығын кесісу қажет! Ертеңгі сайлау Тоқаевқа дәл сондай карт-бланш бергелі отыр.

Сондықтан бас биліктегі мәртебесін ресми түрде бекітіп алып, өзіне берілгелі тұрған тарихи мүмкіндікті президент барша қоғам мүддесінде пайдаланып, шынайы әрі қарқынды саяси реформаларға жол ашуы тиіс. Шынын айту керек, халық одан дәл осындай батыл да шешуші қадамдарды күтіп отыр! Және де, кейбір шешімдер қиын, бірақ ауадай қажет болуы мүмкін. Экономикалық, әлеуметтік, қаржылық және сыртқы алаңдағы жағдай соған мәжбүр етуі мүмкін. Популизм, көңілжықпастық, жалпақшешейлік саясатта береке бермейді. Өзім 90-жылдардың ортасында үкіметте жұмыс істегенде, сондай тағдыршешті таңдау болатынын өз көзіммен көргенмін.

Жаңа  мен  ескінің  жанталасы

М.Құлкенов: Біз жаңа президент пен парламентті сайлап алып, жаңа үкіметті тағайындаған соң істі неден бастауымыз керек деген бәрімізге ортақ сұрақ туады.

Әрине, ең алдымен және шұғыл түрде халықтың байлығын өзіне қайтару. Демек, отыз жыл бойы ат төбеліндей ұры-қарылардың уысында кеткен мұнай және басқа жер байлықтарымызды, халықтың маңдай тері мен табан ақысына салған нысандарды мемлекет қарамағына қайтып алу. Өзімізге қатысты бір ғана мысал айтсам: Қазақстан баспасөзінің кеңес үкімет тұсында екі кешенді ғимараты болды: біріншісі – Қазақстан Компартиясының баспасы, екіншісі – «Кітап» баспалар үйі. Егер осы екі тарихи ғимарат Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құзырына қайта алып берілсе, барлық газет-журналдардың арманы орындалар еді. Әйтпесе қазір қазақ баспасөзінде істейтін журналистердің жағдайы мәз емес.

Бұны мен неге айтып отырмын? Егер жоғарыда айтылған екі ғимаратты министрліктің құзырына берсе, онда Қазақстандағы барлық баспасөз өкілдерінің проблемасы бірден шешілер еді. Ұзақ жылдан бері бас ауыртып келе жатқан күрмеулі мәселенің бірден-бір шешімі – министрлік құзырына өткен осы алып ғимараттардың артық алаңдарын жалға беру арқылы шешілер еді. Ал тоқсаныншы жылдардың аяғында кейбір белсенді шенеуніктердің біліксіздігінің салдарынан далада қалған қазақ баспасөзіне мемлекеттік қамқорлық ауадай қажет. Мемлекет бұндай аса қажет қамқорлықты қазақ басылымдарын стратегиялық әріптес ретінде бауырына тартса ғана шешімін табады.

Ә.Қосанов: Мәке, 30 жыл ішінде талан-таражға түскен халық байлығын, оның ішінде Сіз айтып отырған ғимараттар да бар, өз иесі – халыққа қайтару ісі, әрине, өзекті мәселе. Көпшілік ол бастаманы қолдап отыр. Бірақ, мәселенің екі жағы бар сияқты. Біріншіден, нарық заңдарына сай жекеменшікке өтіп кеткен кәсіпорын не нысанның заңсыз жекелендірілгенін сотта дәлелдеу керек. Екіншіден, ескі Қазақстанның бар қызығын көрген байшыкештер оп-оңай өз меншігін бере сала ма екен?

Осынау кедергілерді еңсеру үшін, ең алдымен, мықты заңгерлер мен президенттің саяси ерік-жігері қажет.

Тіл  мәселесінде  тегеурінділік  керек

М.Құлкенов: Жаңа сайланған президенттің бұдан былай ресми, ресми емес жиындарда тек қана мемлекеттік тілде сөйлеуін талап ету – халықтың қасиетті борышы. Ал алқалы жиналыстарда ілеспе аударма жүйесі іске асырылуы қажет.

Латын әліпбиіне көшу де кезек күттірмейтін мәселе. Бұған халық әбден дайын деп есептеймін. Өйткені сонау 1939 жылдан 1949 жылға дейін латын әліпбиін пайдаланған халқымыздың санасында латын әліпбиі әлі көмескіленген жоқ. Бұл тұрғыдан қазақстандықтарды алаңдататын нәрсе – латын әліпбиіне тек қана қазақ мектептерінің көшуі. Бұл мүлдем дұрыс емес. Қазақстандағы мемлекеттің қарамағындағы барлық мектеп, барлық жоғарғы оқу орындары бірден әрі бір мезгілде латын әліпбиіне өткенде ғана іс оңға басады.

Сонау XVIII ғасырдан бері, Ресейге бодан болған күннен бастап ана тіліміз орыс тілінің көлеңкесінде келеді. Әлі күнге дейін мемлекеттік тілді менсінбей, елемей, қасақана орыс тілін пайдаланып отырған мекемелер мен көпшілік орындарды қатаң тәртіпке шақыратын уақыт жетті. Яғни, бұдан жиырма жылдай бұрын қабылданған тіл туралы заңды қайта жазбаса болмайды. Сонымен бірге, мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдайтын уақыт әлдеқашан жетті.

Біздің Мемлекеттік орындарда, министрліктерде, құқық қорғау орындарында Мемлекеттік тілде мәу дей алмайтын шалақазақ бауырларымызды тезге салатын бір кезең болу керек қой. Оны біз қолға алмасақ, кім қолға алады?

Ә.Қосанов: Меніңше, тіл мәселесінің көп айтыла бермейтін екі астары бар. Біріншісі – сыртқы қауіп. Ол – «орыс әлемін» сақтап қалу мен постсоветтік кеңістікте одан сайын дамытуды ресми түрде жариялаған Кремльдің саясаты. Оны біз ашық айтуымыз керек. Өкінішке қарай, сыртымызда да, өз ішімізде де сол сұрқия саясатты қолдаушылар бар. Украина жерін аннексиялауды да Кремль «орыстілділердің құқын қорғау қажеттілігімен» негіздеді емес пе? Күні кеше «денацификация» деп тағы шықты. «Солтүстік облыстар» факторы мен іштен тынған сепаратизмді Кремль өз мүддесінде пайдаланып кетпесіне кім кепіл? Сондықтан да мемлекеттік тілімізді қорғаумен қатар мемлекетіміздің жер тұтастығын, отаншылдығымызды қолдау, сыртқы қауіптерге лайықты тойтарыс беру қажеттігін баршаның санасына сіңдіру секілді жұмысты дереу қолға алу керек. Әзірше, әр қазақтың төрінде Ресей «телепропагандистері» күнделікті сайрап, өзінің неоимпериялық уын шашып жатқанда, ондай жұмыс атқарылып жатыр деудің өзі әбестік болар.

Екінші астардың ішкі сипаты бар: бар бәле өзіміздің ішімізде! Бір ғана сұрақ: біздің басшылардың балалары қай мектептерде, қай тілде оқып жатыр екен? Осы сұрақты барша шенеуніктер мен депутаттарға қойып, жауабын жарияласа ғой…

Жаңа  Қазақстанның  жаңа  жағымпаздары

М.Құлкенов: Жаңа Қазақстанның жаңа президентін соңғы кездерде біздің санамызға вирус болып кіріп кеткен жағымпаздықтан қорғау жолын іздестіру – халықтың ісі. Бұған дейінгі елбасымызды Құдайға, пайғамбарға, әулиеге теңеген, тіпті теңеу таба алмай қиналған, аға-апаларымыз, замандастарымыз әлі ортамызда беттері бүлк етпей аман-есен жүріп жатыр. Тіпті кейбіреулері енді жаңа президентке қалай жағынудың арнайы бағдарламасын жасап жатқан сияқты. Біздің ежелден қанымызда бар, сонау жыраулардан, бертіндегі Махамбет, Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шәймерденов, Салық Зиманов, Шерхан Мұртаза мен Мұхтар Шахановтан қалған шындықтың қаймықпай бетке айту дәстүрін қайта тірілтуіміз абзал. Әділдік пен шындық біздің күнделікті тірлігіміздің ұранына айналуға тиіс. Бұған президент те, қарапайым халық та бойсұнуы керек.

Ә.Қосанов: Сіз келтірген абыройлы тізімге мен 2011 жылғы Жаңаөзен трагедиясы кезінде зиялы қауым атынан дауыс көтерген Сіздің өзіңізді, Қабдеш Жұмәділов, Софы Сматаев сияқты ағаларымызды, ұлттық қасіретке арналған өлеңдер жинағын сол кездің өзінде дереу қолға алған Есенғали Раушанов пен арнайы өлеңдер циклын арнаған ақын Ұлықбек Есдәулет ағамызды қосар едім.

Бір қызығы, біздегі жағымпаздық… уақыт пен нысан таңдамайды екен: кеше ғана Назарбаевқа табынып, оны пір тұтқандар, бір күннің ішінде одан айнып, «тоқаевшыл» боп шыға келді! Меніңше, олардың осындай құбылмалы екенін президенттің өзі сезіп-біліп отыр. Миығынан бір күліп қоятын шығар…

Өкінішке қарай, жағымпаздық дегеніңіз ешбір вакцинаны мойындаймайтын дертке айналып кетті ғой! Ең сорақылығы сол: жағымпаздану арқылы қызметке не атақ-дәрежеге қол жеткізу өмір салтына айланып бара жатқанын өскелең ұрпақ өз көзімен көріп, сол вирус соларға да жұққан сияқты. Бұл болса, ұлттық апаттың алды!

Ауылдағы  ахуал  алаңдатады

М.Қүлкенов: Ойлы қазаққа ұйқы бермейтін тағы бір ауқымды мәселе – қазақ ауылының тағдыры. Бұл біздің билік қатты толғанатын кешенді мәселе деп ойлаймын. Сонау тоқсаныншы жылдары басшыларымыз бізге мал өсіріп қажеті жоқ, етті шетелден сатып аламыз деген көрсоқыр түсінігінен басталған ауылға деген немқұрайды көзқарас әлі түзелмей келеді. Сөйтіп, билік ауылды назардан тыс қалдырды. Есесіне Қазақстандағы ең шұрайлы жерлерді өздері немесе ағайын-туыстары бөліп алды. Міне, осы заңсыз ханталапайға түскен жерлерді қайта қарап, халық игілігіне жұмсасақ, кәне!

Әділін айту керек, Тәуелсіздік жылдарында қазақ ауылдарының инфрақұрылымдық ахуалы біраз түзелді. Батыс Қазақстан облыстарының ең шалғай түкпіріне дейін газ тартылды. Оңтүстік өңірлер де осындай игілікке кенелді. Елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету де ойдағыдай іске асуда. Үкіметтің ауыл шаруашылығын субсидиялауында да біраз алға жылжу бар. Бір сөзбен айтқанда ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайы едәуір жақсарды. Қазір ауылдың әйелдері көмір жағып, күл шығармайды, қоларбамен су тасымайды. Барлық жағдай үйдің ішінде. Міне, осы тұрмыстың жақсаруы ауыл тұрғындарының рухани өміріне айтарлықтай нұқсан келтіруде.

Өйткені, ауылдың тұрмыстық жағдайы жақсарғанымен тұрғындарының істейтін жұмысы жоқ. Ер адамдар вахталық жұмыстарға немесе басқа өңірлерге жалдамалы жұмыстарға баруға мәжбүр. Ал ауылда қалған бала-шағаның тірлігі қандай? Балалардың тірлігі белгілі, асыр-салып ойнайды, шуылдап мектепке барады. Уайым-қайғысыз, бақытты балалық шақ. Үйде отырған жас келіншектің тірлігі қандай? От жағулы, су келулі, жағдай жақсы, құдайға шүкір. Теледидар күндіз-түні бір тынбай, ұзақ сонар махаббат сериалдарын көрсетеді. Одан қалса, өсек-аяңды қардай боратқан әлеуметтік желі бар. Қолыңдағы қалақтай смартфонның түймесін басып қалсаң, қым-қуыт, ала-сапыран оқиғалар көз алдыңа келе қалады. Адам баласы бұл тіршіліктен де жалыға бастайды, сөйтіп, өзі сияқты үйінде екі қолын қайда қоярға білмей отырған құрбысына телефон шалып, үйіне шақырады. Ол тағы бір-екі келіншекті ала келеді. Бастаңғы осылай басталып, шай ішуден, шарап ішуге ұласады. Содан ауылда бос жүрген жігіт-желеңдер әңгіменің арқауына айналады… Қысқасы, Абай бабамыз айтып кеткен: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген мағынасыз, мәнсіз тірлік басталады. Бұл қазіргі ауыл өміріндегі қауіпті тендецияға айналып барады. Меніңше, ауыл өміріне арналған кешенді мемлекеттік бағдарлама жасау – кезек күттірмейтін мәселе. Әсіресе, ауыл тіршілігіндегі жас отбасының қазіргі тағдыры бәрімізді ойландыруы тиіс.

Ә.Қосанов: Айтып отырғаныңыз – ащы шындық! Бірақ, мәселе тек қана мемлекеттік бағдарлама қабылдаумен шешіле қоймас. Сөз жоқ, ауылды дамыту үшін қаржы керек. Оны бөлу үшін Сіз айтып отырған мемлекеттік бағдарлама бекітілуі шарт. Бірақ, 30 жылдың ішінде ауылды көркейтуге арналған қаншама құжат қабылданды десеңізші?! Солардың белгілі бір нәтижесі болғанмен, бар қызығын ортадағы делдал-шенділер, ықпалды топтар көріп жатқан жоқ па?! Ауылға арналған қыруар қаржы, негізінен, Астана мен облыс орталықтарында отырғандардың қалтасында қалды емес пе?

Меніңше, біздің кейбір министрлер ауылда әжетхана қай жерде екенін білмейтін сияқты! Көбісі Астанадағы креслосына аспаннан салбырап келіп, қонжия қалғандай. Бәлкім, баяғы кадр іріктеу саясатына қайта оралу керек шығар: шенеунік алдымен ауыл-аймақта тиісті тәжірибе жинақтап, сосын ғана қалалық, облыстық, қолынан келіп жатса, республикалық мекемеге барсын. Сол кезде ауылдың қадірін, мұң-мұқтажын түсіне алар. Бір мықты француздың сөзіне салсақ, болашақ министр ауылда туып, Астанада өлуі керек!

Жемқорлықты  жеңе  аламыз  ба?

М.Құлкенов: Жаңа сайланған президентіміздің ең алдымен қолға алатын шаруасы – билікті меңдеп алған бюрократия мен сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу. Тек күресіп қана қоймай тез арада бәрін қалпына келтірудің тетіктерін ұйымдастыру. Елімізді әбден жайлап алған осы екі індеттен қалай құтыламыз деп толғанғанымда ана бір жылдары Грузия еліне президент болған М.Саакашвилидің өзге жұртты елең еткізген іс-қимылы есіме түсе береді. Сол азамат азғантай уақыттың ішінде елдегі жемқорлық пен бюрократияның түп-тамырына балта шауып, бәрін қалпына келтірді. Ал біз күні бүгінге дейін «сынық арбаның» үстінде келеміз. Әкімқаралардың көпшілігі қарапайым халықты естуден қалған. Бір ғана мысал: егер бір адам аудан әкімінің үстінен облыс әкіміне арыз жазса, жаңағы хат қайтып айналып аудан әкімінің қолына тиеді. Бұл не деген сөз? Жаңағы арыздың көтерген мәселесі облыс әкімінің басын қатырмайды деген сөз. Ал сыбайлас жемқорлық деген мәселе – бүкіл халқымыздың санасын улаған қауіпті індет. Қазір халық үлкенді-кішілі қандай мәселе болса да тек пара арқылы жүзеге асады деп ойлайды. Бұл дегеніңіз құқық қорғау органдар мен сот жүйесіне түбегейлі реформа керек дегенге саяды. Шынын айту керек, үкімет сыбайлас жемқорлықпен күресудей-ақ күресіп жатыр. Бірақ, бір жақты. Айталық, сыбайлас жемқорлықпен күрес Агенттігі әзірге тек қылмыскерлерді топырлатып ұстаумен ғана айналысып жүр. Тіпті олар айына осынша қылмыскерді ұстауымыз керек деп арнайы жоспар құратын көрінеді. Жарайды оған да мойынсұнайық, бірақ сол қылмысты болдырмаумен, алдын алумен, яғни халықпен жұмыс істеумен кім айналысады? Міне, бір жақты күрестің осындай аса зиянды жағы бар. Қарапайым жұрт сыбайлас жемқорлық жасаудан қорқудың орнына, дәл бүгін құқық қорғау орындарының қақпанына түсіп қалмаудың қулығына кіріседі. Өйткені, сыбайлас жемқорлықтың бастау бұлағы сол жаңағы құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде жатқанын мойындайтын уақыт жетті.

Ал әртүрлі деңгейдегі шенеуніктерді меңдеп алған бюрократияны жоюдың анық жолы – олардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейту. Билік жүйесінде қызмет істейтіндердің басты міндеті – халыққа қызмет ету екенін ұқтыруды дереу қолға алған абзал. Демек, мемлекет қызметкері туралы арнайы заң шығару – кезек күттірмейтін шаруа.

Ә.Қосанов: Жемқорлықпен күрестегі қоғамдық бақылаудың орны туралы орынды айттыңыз. Өз басым бір шенеунік екінші шенеунікке қызметіне әділ баға бере алады дегенге сенбеймін. Не дегенмен, «қарға қарғаның көзін шұқымайды». Және де біздегі жемқорлық жең ұшынан жалғасқан, онда корпоративтік ынтымақтастық, мүдделердің қарама-қайшылығы, одан сайын тереңдесек, парақорлық, туыстық, тамыр-таныстық, құда-жекжаттық, кландық пен топшылдық секілді кеселдер бар емес? Осының бәрі жемқорлықты түбірімен жоюға кедергі боп жатады.

Меніңше, төрт мықты механизм іске қосылмай отыр. Билік тармақтарының дербестігі мен тепе-теңдігі, яғни биліктің үш тармағы – заң шығарушы, атқарушы және сот – бір-бірінен тәуелсіз боп, бір-бірінің қызметін жіті бақылап отыруы шарт. Екінші механизмнің төркіні азаматтық қоғамда жатыр. Үшінші шарт сөз бостандығына қатысты, яғни БАҚ жүйесі мейлінше еркін болуы тиіс. Төртіншіден, биліктегі партия өкілдерінің мәселесін май шаммен қарай алатын саяси оппозицияны да ұмытпайық!

Саяси  реванш  бола  ма?

М.Құлкенов: Жиырмасыншы қарашада кім Президент болып сайланса да оған «Ескі Қазақстан» билігі өкілдерінің қырын қарайтынына менің күмәнім жоқ. Өйткені бұрынғылардың қолында еліміздің заңсыз иеленген қисапсыз байлығы бар. Бұлар тіпті жаңа президентке үзілді-кесілді талап қойып, «бізбен келісімге кел» деуі әбден мүмкін. Жаңа ел басшысы бұндай талаптарға ештеңеден қаймықпай үзілді-кесілді келіспеуі керек. Ал жаңа Президенттің ескі билік өкілдерімен батыл күресін қолдап, әртүрлі қауіпті шабуылдан қорғайтын Сіз бен біз – халық. Алда-жалда босаңдық танытып, халықтың жарқын болашағы жолында солқылдақтық көрсетсе, жаңа президенттің жалтақтығын айтып, тезге шақыратын да Сіз бен біз – халық. Осы тұжырымды жұртпен бірдей түйсініп, халқын жаңа жолға алаңсыз бастайтын адал да парасатты президентін халық қашанда қолдап, соңынан ереді.

Ә.Қосанов: Тоқаевты атарға оқ таба алмай отырған «Ескі Қазақстан» өкілдерінің саяси реванш алу мүмкіндігі туралы ойыңызбен келіспеске лаж жоқ. Біреулер оған сенеді, екіншілері сенбейді.

Өз ойым мынадай: билік пен байлық – есірткі секілді, олар адамды өзіне тартады да тұрады. Сондықтан ондай қауіп бар екені рас.

Сыртқы қауіпті де естен шығармайық. Байқаймын, кейбір көршілерге Қазақстанның Украинадағы соғысқа қатысты дербес позициясы ұнамайды. Өркениетті әлемнен аласталып, санкциялардың астында тұншығып жатқан Ресей ендігі өшін кімнен аларын білмей отырғаны тағы да белгілі.

Сол себепті елде бүлік болғанын қаламаймын.

Бірақ, бүлік болмасын деген оймен адам құқын, сөз бен жиналыс бостандығын, демократиялық процестерді тежеуге тағы болмайды. Әйтпесе, авторитарлық жүйеге қайта ораламыз.

Керісінше, билік жүйесі неғұрлым ашық та әділетті түрде қалыптасса, соғұрлым мемлекетіміздің іргесі берік болмақ.

Тағы  бір  мүмкіндігінен  айырылған  оппозиция

М.Құлкенов: Оппозиция болып, кешенді ой айтып, халықтың мақсат-мүддесін қорғайтын қоғамдық ұйым бізде әзірге жоқ. Оппозициялық көзқарастағы адамдар ғана бар. Ал олардың көпшілігінің саяси ұстанымына көңілім толмайды. Бізде оппозиция шапанын жамылып жүргендер билік басына кім келсе де, қарсы шығып, өре түрегеледі. Жаңа басшылық ісінен тек жамандық іздеп, оның жаңа бағдарламалары мен халыққа жасап жатқан жақсылықтарын көргісі келмейді немесе көре алмайды. Олар билікке халықты отқа салу арқылы келгісі келеді. Бұл дегеніңіз – қарапайым халыққа жасалған қастандық. Өсіп келе жатқан жастарымыздың болашағын ойламау. Менің түсінігімде оппозиция өзінің нақты бағдарламасы бар, салиқалы саяси партиясын құрып, оны жалпыға ортақ заңға сәйкес тіркеуге қызмет істеуі керек. Сосын барып, өз партиясының мақсат-мүддесі үшін күреске шықса, міне, сонда демократиялы ел болар едік. Ал бізде бәрі керісінше: ойы бұзық оншақты адам бірігіп алады да, бірден билікке тиісуге кіріседі. Бір өкініштісі, солардың барлығы дерлік не үшін күресіп жатқанын дәлелдей алмай, саяси дәрменсіздікке ұшырауда. Ал көпшілік жағдайда олар бастаған байбаламның зардабын қарапайым халық тартып, нақақ жапа шегуде.

Ә.Қосанов: Қазір кейбір адам Тоқаевқа қарсы тұра алатын лайықты кандидат болмағанына өкініп жатыр. Иә, президенттікке үміткер боп тіркелудің өз шарттары бар. Оларды өзгерту керек. Сонымен бірге, меніңше, кінәнің бір ұшы қоғамның өзінде. Бізде « осы оппозиция не істейді?» деп, өзін оппозиция деп санап жүрген бірнеше адамға ғана сенім арту үйреншікті әдетке айналған. Олар болса, өзара ырду-дырду, әрқайсысы өзін ғана көсем санап, басқаларын «биліктің не пәленшенің адамы, сатқын» деп, кінәлап, бос әурешілікпен уақытын өткізуде. Осы жолы да өзін «демократиялық коалиция» деп атаған ұйымның өз ішінен бірегей кандидат ұсына алмауы да соның салдары. Әйтпесе, елде «мен тұр, мен атайын» дейтін лайықты тұлғалар жеткілікті еді ғой.

Оппозицияның да оппозициясы бар. Идеялық, яғни нақты саяси ұстанымдарына адалдар бар. Сонымен бірге, бір тұлғаны пір етіп, немесе соның қаржысына күн көріп жүргендер бар. Соңғы кезде бір байқағаным, өмір бойы оппозицияда болуды ұнататындар да пайда болыпты. Кеше бәріміз Назарбаевты сынап, оппозиция болып келдік. Формальды түрде ол кетті, Тоқаев келді. Көп адам инерциямен («әйтеуір, билікке қарсы боп жүре беремін!» деген қатып-семіп қалған пайыммен) оппозицияда жүрген сияқты.

Қоғамдық санада бір «қызық» феномен пайда болды: әгәрәки билік туралы бір жақсы пікір айта қалсаң (мәселен, оның игі қадамдарын құптап немесе бір шенеуніктің жақсылығын атап), өзіңді «билікке сатылып кетті» деп айыптай салады. Мұндай, бәрін жоққа шығаратын біржақты нигилизм алысқа апармайды.

Өз басым президенттің елбасизмді конституциялық деңгейде тарих архивіне аттандырғанына ризамын. 30 жыл бойына соны аңсап, сол үшін тер төгіп келдік емес пе? Оның олигополиямен күресін де көпшілік қолдауы тиіс деп санаймын.

Сөз жоқ, президенттің риторикасы дұрыс. Қоғамның көкейінде жүрген көптеген мәселелер ашық та бүкпесіз айтыла бастады. Әрине, қоғамдық талап-тілекте шек жоқ. «Одан да қатты айту керек еді», – деп жататынымыз да рас. «Көш жүре түзелсе» деген тілекті содан айтамыз.

Реформалардың  қозғаушы  күші  кім?

М.Құлкенов: Жаңа президентін абыроймен сайлап алған халқымыз алдағы жеті жылда жоспарланған жаңа бағдарламаларды жүзеге асыру жолында өздері сенім білдірген азаматына жан-жақты қолдау көрсеткенде ғана біз гүлденген Жаңа Қазақстанды жасай аламыз. Бұл – Сіз бен біздің абыройлы да қасиетті борышымыз.

Ә.Қосанов: Әр саясаткердің өзінің электораттық базасы болады. Қоғамда саяси ұстаным көп, сондықтан бір идеологияны жұрт жүз процент қолдайды деу – ағаттық әрі қателік.

«Әділетті Қазақстан» идеясын жаңғыртқан Тоқаевтың қолдаушылары кім?

Меніңше, президентте әлі де кеше де, бүгін де билікте отырғандарға сенім басымырақ болып тұр. Сондықтан болар, бағдарламада мемлекеттік аппаратты реформалау туралы көп айтылған. Яғни, әзірше президент билікті ішінен өзгерткісі келетіні сезіледі. Меніңше, ол жеткіліксіз. Бірақ, ешбір бюрократтық аппарат өзін-өзі жаңарта алмайды. Бюрократтарды бюрократтық жолмен өзгерте алмайсың. Бюрократтарды түзу жолға салудың бір ғана жолы бар, оның аты – антибюрократия, яғни демократия!

Бізде билікке бағытталған сынға да көзқарас өзгеру қажет. Мемлекетшілдік дегеніміз билікшілдік деген емес. Сонымен бірге, биліктің оң бастамаларын қолдау – жағымпаздық емес. Президент не жалпы билік жайында сөз қозғап, оның пікіріне не балама, не толықтыру айту – оған идеялық қарсылық деген емес.

Өз басым кезінде Назарбаевтан пұт жасап, соны мақтап-мадақтаған ескі күштерге аса сенбеймін. Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болуды дәстүрге айналдырған олар ертеңгі күні Тоқаев туралы не айтатынын бір Құдайдың өзі біледі.

Жеті жылда өзінің бағдарламасын жүзеге асыру үшін президентке мықты әрі ауқымды әлеуметтік база қажет.

Өз басым ондай негізді елде өзгерістер болуын қалайтын, бірақ бүлік пен төңкерісті қабылдай алмайтын центристік күштерді көріп отырмын. Олар елдің тұрақтылығына, мемлекеттің қауіпсіздігіне, жер тұтастығына өз кесірін тигізуі мүмкін революцияға қарсы. Олар эволюциялық реформаларды қалайды. Және де олар қоғамның басым көпшілігін құрайды. Нағыз электораттық әлеует сол жақта!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: