Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Республика күні: Сыр елінде әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді

25.10.2022, 21:25 358

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында облыс бойынша әлеуметтік нысандар ашылып, Сыр халқы қуанышқа бөленді.

Атап айтқанда, Арал ауданында жаңа сауда үйі бой көтеріп, спорттық ойын алаңдарының саны 7-ге жетті. Бөген ауылдық округінде жаңа балабақша жұмысын бастады. Сондай-ақ, аудан орталығынан кәсіпкерлерге арналған «Кәсіпкерлік үйі» ашылды. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге қаржылай көмек, консалтингтік және бизнес кеңес беру секілді қызмет түрлерін бір орталықтан көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазалы тұрғындары да мереке қарсаңында жаңа әлеуметтік нысандардың игілігін көруде. Аудан орталығында «Pony» балалар ойын-сауық орталығы ашылды. Ал, Сарбұлақ ауылында саябақ ашылып, Әйтеке би кенті мен Байқожа елді мекенінде спорт алаңдары пайдалануға берілді.

Қармақшы ауданында Ұлттық мерекеге сый ретінде Жосалы кенті, Ыбрагим Қасымов көшесі мен Тайшық би көшелерінде жаңадан бой көтерген спорт ойын алаңдарының ашылу салтанаты өтті.

Ұлттық мереке – Республика күні Жалағаш ауданында да ерекше тойланды. Аудан тұрғындарына сый ретінде 5 спорт ойын алаңы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі, жаңа дәрігерлік амбулатория өз жұмысын бастады.

Мұнымен қоса, Сырдария аудан орталығы Тереңөзек кентінде спорт алаңы пайдалануға берілді.

Шиелі ауданында Республика күніне орай «Тең қоғам» орталығы ашылып, 3 спорттық ойын алаңы ел игілігіне берілді. «Тең қоғам» орталығы мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалардың қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасау мақсатында жұмыс істейді.

Жаңақорған ауданында кент орталығынан жаңа демалыс саябағы, Жастар аллеясы ашылып, пайдалануға берілді. Кішкентай тұрғындарға сый ретінде ойын алаңдары салынуда.

Облыс орталығында да ойын алаңдары мен 300 орындық балабақшы ашылып, 40 автобус тұрғындарға табысталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: