Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда қаласының бұрынғы әкімі алғыс айтты

10.01.2024, 18:20 533

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қызылорда қаласын 2 жылдай басқарған Асылбек Өмірбекұлы Шәменов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы лауазымына тағайындалуына байланысты қызметінен босатылды. Ал, қаланың әкімі болып бұған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Серік Қожаниязов тағайындалды.

Ал кешкілік қаланың бұрынғы әкімі Асылбек Шәменов әлеуметтік желідегі өз парақшасында барша жерлестеріне алғыс айтып, жазба қалдырды.

«Қадірлі жерлестер!

Бүгін баршаңызға алғыс айтып, қала әкімі ретіндегі қызметімнің өз межесіне жеткенінен хабардар еткім келіп отыр.

Шаһар тізгінін ұстаған 2 жылға жуық уақыт ішінде Өздеріңізбен бірге қаншама асуларды бағындырып, көптеген ізгіліктердің куәсі болдық.

Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр еліне деген оң пейілі, аймақ басшысының байырқалы бастамалары мен Сіздердің тұрақты қолдауларыңыздың арқасында облыс орталығы – Қызылорда қаласында бұрын-соңды болмаған үлкен жобалар жүзеге асырылды. Бүгінде жасалып жатқан, алдағы уақытта ел игілігіне берілетін шаруалар да жетерлік. Әрине, оның барлығы өз деңгейінде атқарыла беретініне сенімім мол.

Тарихы сан тараулы, Алаштың астанасы болған бұл ғажап шаһардың әкімі болу кез келгенге бұйырмас бақыт екені рас болса, ол абыройлы міндетті көтеріп жүру де соншалықты қиын болатыны ақиқат.

Ел сенім артып, осы қызметке кіріскен сәттен менің сәл де болса босаңсуыма, атқарылған жұмыс үшін тоқмейілсуіме хақым жоқ болатын. Мүмкіндігінше халыққа жақын болып, қордаланған мәселемен бетпе-бет келе жүріп, бойдағы күш-жігерім мен білім-тәжірибемді қаланың өркендеуі жолына арнауға тырыстым.

Сіздердің тараптарыңыздан айтылған әділ сынға нәтижелі жұмысыммен жауап беріп, алғыс-баталарыңызды алдым. Бұның барлығы алдағы қызметіме көп септігін тигізері анық.

Баршаңызға мың мәрте алғыс айта отырып, шаңырақтарыңыздан шаттық, босағаларыңыздан бақ-құт арылмауын тілеймін.

Сүйікті шаһарымыз – Қызылорда өсіп-өркендеп, жайнай берсін!» делінген онда.

 

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: