Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қызыл фурия» құдіреті

18.07.2024, 10:40 917

Осыдан бірер апта бұрын 3 жыл сарылып күткен футболдан кәрі құрлық додасы – EURO-2024 басталған еді. Еуропаның жан-жағынан жиылған   24 ұлттық құрама кубокқа таласып, бір-бірімен бақ сынасты. Көп күткен дода үмітті ақтамады дей алмаймыз. Қаншама эмоция сыйлады, күтпеген нәтижелер тіркелді, рекордтар жаңартылды, біршама жаңа есімнің аты аталды. Кеше ғана Германия құрамасы Шотландияны қабылдап, аяқдоп аламанының шымылдығын түрген-тұғын. Енді міне, арада бір ай өтіп, 14 шілде күні Испания мен Англия құрамалары EURO кубогін сарапқа салды. Нәтижесінде турнир бойы ғаламат ойын өрнегін көрсете білген испандық жігіттер бірінші орынды иеленсе, қатырып ойнамаса да жұлдызды құраммен плей-оффтың әр кезеңінде камбэкпен есте қалған ағылшындар 2-орынды місе тұтты. Сонымен, аталған дода қалай қорытындыланды, бір айлықта нені біле алдық және несімен есте қалды? Сараптап  көрдік.

РОНАЛДУДЫҢ  КӨЗ  ЖАСЫ  немесе  ПОРТУГАЛИЯ  ТАҒЫ  СҮРІНДІ

Расын айту керек, көпшілік Португалия құрамасынан үлкен үміт күтті. Турнир басталмас бұрын сарапшы-талдаушылардың көбі тіпті Роналду бастаған жігіттерді Франция, Германия сынды мысы басым командалармен бір қатарға қойған. Жанкүйерлер Бруну Фернандештің шеберлігіне, Бернарду Силваның дриблингіне, Рафаэль Леаудың креативіне сенім артты. Оның үстіне жасы 40-қа жақындаса да, гол соғудан рекорд қоюдан жалықпаған Криштиану Роналду да бұл тұжырымға түрткі болды. Десе де, Португалия топтық кезеңде де, плей-офф кезеңінде де жөнді ойын көрсете алмады. Криштиану Роналду еншісінде – тек 1 ғана ассист, голсыз қайтты. Басқа құрама ойыншылары да жеке-дара ойынымен ерекшелене қойған жоқ. Топтық кезеңдегі алғашқы Түркия, Чехия құрамаларына қарсы сенімді жеңіске жеткенімен, үшінші турда бұл додаға тәуелсіздік алғалы алғаш рет қатысып жатқан Грузиядан сенсациялық жеңіліс тапты. Әрине, көбі екінші құраммен ойнады ғой, маңыздылығы жоқ ойын ғой деуі мүмкін Алайда, тек азын-аулақ ойыншысы ғана үздік лигаларда доп тебетін, оның үстіне әрі кетсе қосалқы құрамды тоздырып, резервке әрең ілініп жүрген ойыншылардан тұратын команданы бәсі жоғары Португалия бесінші құраммен шықса да жеңу керек пе еді? Оны қоя берші, 1/8 финалдағы ойын тіпті масқара. Оларға топтық кезеңнен шығуы күтілмеген, турнир бойы жеңістің дәмін татпаған Словения біршама сес көрсетті. Қажет тұста Португалияның үстемдігін көре алмадық. Экстра-тайм кезінде Криштиануға 11 метрлік айып добын тебуге мүмкіндік келді, одан да мүлт кетті. Көзіне жас алған аңыз ойыншыны Руи Патрисиудың ізбасары, қақпашы Диогу Кошта жұбатты. Ойынның соңғы минуттарындағы адам сенгісіз сейв жасап, пенальти сериясында қатарынан үш мәрте қайтарып, бұрын-соңды болмаған EURO рекордын жаңартты. Португалдықтар  ¼ плей-офф кезеңіне шықтық деп қуанғанымен, оларды 2022 жылғы мундиалдың финалисі, соңғы бес жылдықтың үздік құрамасы Франция күтіп алды. Қос команда ары-бері тартысып, болмағасын ақыр соңында ойын пенальти сериясына дейін созылды. Матч бойы не Мбаппенің, не Криштианудың жолы болмай-ақ қойды. Сүреңсіз ойнаған қос команда ішінен Франция жартылай финалға жолдама алды. Осылайша миллиондаған футбол жанкүйерінің үмітін арқалаған португалдық жігіттер Лиссобонға қайтты. Пенальти межесінде сүрінген «Барселона» ойыншысы Жоау Феликстің адресіне айтылған ауыр әңгіме, былапыт пен негатив көп. Бірақ мойындау қажет, биылғы додада тек Феликс емес, күллі Португалия сүрінді. Кінәні бір ойыншыға артудың қажеті шамалы. Ал Роналдудың енді халықаралық турнирге қатысуға қауқарсыздығын, денсаулық пен жас өзінікін алатынына көзіміз жетті. Шамасы, бұл Криштианудың халықаралық дәрежедегі соңғы биі  секілді…

КӨПТІҢ  СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ  БӨЛЕНГЕН  «ҚАРА  ЖЫЛҚЫЛАР»

Бәріміз білетіндей, әр дода сайын кем дегенде бір-екі аутсайдер топ жарып, ауқымды құрамаларға бірқатар қиындық туғызады. Оларды футбол терминінде ағылшынша «Dark horse», өзімізше «Қара жылқы» атап кеткен. Биылғы турнирдің «Қара жылқыларын» сөз етсек. Әрине, бірінші болып Швейцарияны айтамыз. Өйткені, Швейцария құрамасы турнир иесі Германиямен тең тарқасып, топтық кезеңнен суырылып шыққанымен қоймай, плей-офф кезеңінде 2021 жылы өткен EURO-ның жеңімпазы Италияны жарыстан шығарды. Сондай-ақ биылғы турнирдің финалисі Англиямен  120 минутқа дейін тең ойнап,  пенальти сериясына келгенде ғана сүрінді. Былайынша, құрамы миллиард еуро тұратын командамен бір деңгейде ойын көрсетті. Тіпті, голды бірінші болып соқты. Сәл сәттілік жетіспеді демесеңіз, үздік төрттіктің қатарынан көрінуге шақ қалды. Одан кейін міндетті түрде Түркия және Грузия құрамаларының ерлігін де ауыз толтырып айтуға толық негіз бар. Түрік бауырларымыз топтық кезеңде Роналду бастаған жігіттермен қатар ұпай жинап, плей-офф кезеңінде Австрияны қапы қалдырды. Осы тұста бағы жақында жанған, «Реал Мадрид» футбол клубының 19 жастағы ойыншысы Арда Гүлердің ойынын ерекше атап өткен абзал. Топтық ойында Грузияға қарсы керемет голмен көзге түсті. Австрияны артқа тастаған Түркия дәл швейцариялықтар секілді ширек финалда жеңіліс тапты. Қарсыласы – атышулы Нидерланды ұлттық құрамасы. Ойын сценариі де қатты ұқсас. Бірінші болып түріктер есеп ашты, дегенмен, ойын соңына қарай нидерландықтар күш жинап, есепті 1:2-ге жеткізді. Грузия жайында әңгіме тым бөлек. Бұл команда жоғарыда айтып өткендей, ірі додаға алғаш мәрте жолдама алып отыр. Әдетте бірінші рет үлкен турнирде ойнаған құрамалар ұзаққа бармайды. Бірақ, Кварацхелия және Микаутадзе бастаған грузин аяқдопшылары топтық кезеңде Португалияны шағып тастады. Онымен қоса, Микаутадзе 3 голмен турнирдің үздік сұрмергендері қатарынан көрінді. Тек 1/8 ойындарында Испаниядан жеңілгені өкінішті болды. Болашақ турнир жеңімпаздарынан, яғни кәрі құрлықтың үздік ұлттық құрамасынан жеңілу ұят емес деп есептесек болады. Сондықтан, Грузия есте қаларлықтай ойын көрсетіп, миллиондаған фанаттың құрмет-қошеметіне бөленді.

МЕССИДІҢ  ІЗБАСАРЫ  –  ЯМАЛ  және  12  ЖЫЛДАН  КЕЙІНГІ  ЖЕҢІС

Дода басталмас бұрын Испания ұлттық құрамасын ешкім жарытып мақтаған жоқ. 17 жастағы Кубарси мен күні кеше 16-дан асқан Ламин Ямалды құрамға қосқан Испания бас жаттықтырушысы Де ла Фуентені келеке етіп, Испанияның барар жері 1/8 финал деп ерте топшылағандар көп болды. Тіпті, оның арасында өз ойыншыларын шақыртпағаны үшін ренжіген испандық «Реалдың» жанкүйерлері де бар. Қысқасы, Франция, Германия, Англия сынды алыптардың қасында кезінде атағы дүркірегенмен, соңғы 12 жылда болған бес доданың бесеуінде де жер болған Испанияға ешкім пысқырып та қараған жоқ. Десе де, испандықтардың көптің сөзіне еңсесін түсіретін ойы жоқ екенін турнир бастала салысымен аңғардық. Испания құрамасы өзі ойнаған алғашқы ойында, бұрындары жеңгеннің өзінде аса қиындықпен жеңетін Хорватияны оп-оңай тізе бүктірді. Есеп – 0:3. Небәрі 16 жастағы Ламин Ямалдың әуелете берген добы Карвахальға тік жетіп, сәйкесінше Ламин EURO тарихындағы голдық пас берген ең жас ойыншы атанды. Бұл әлі соңы емес. Испандықтар қалған екі ойында да Италия, Албания сынды қарсыластарын шақ келтірмей, 1/8-де грузиндерді қапы қалдырып, еш қиындықсыз 1/4-ге табан тіреді. Қызық сол кезде басталды. Олай дейтін  себебіміз, плей-оффта  топтық  ойындарда жоғары  ойын  өрнегін  көрсете  білген қос команданың  басы  түйісті.  1/4 финал – Германия-Испания. Бұл екі құрама кездессе, финалда кездесу керек еді деп топшылады жұрт. Кездесу екі команданың да қарқынымен бастау алды. Тең дәрежеде басталған бұл матчтың есебін Дани Ольмо ашты. Айта кету керек, Ольмо бірінші таймда Крооспен текетірес барысында жарақат алған Педридің орнына алаңға шыққан-тұғын. Ойынның бітуіне 2 минутқа таяу уақыт қалды. Испанияның 99%  ¼-ке шығайын деп тұрған тұсы. Германияның кезекті шабуылында байерлік Флориан Виртц есепті теңестірді. Артынша ойын экстра-таймға ұласты. Енді пенальти сериясы басталады-ау дегенде 119-минутта Микель Мерино Дани Ольмоның асырған пасына басын бірінші болып тосып, Испания ұлттық құрамасын келесі кезеңге алып шықты. Немістердің шеберлігін де айрықша атап өткен жөн. Егер Испания емес, басқа кез келген құрама кезіккенде тіпті финалға барар ма еді? Бертін келе жартылай финал, яғни финалға іріктеу кезеңінде испандықтар Португалияны үйіне қайтарған Франциямен жүздесті. Франция жартылай финалға жетсе де, сұрықсыз ойын көрсетіп жатқаннан кейін көпшілік әуелгіден Испанияның жеңісін жобалады. Жобалау жемісін берді десек те болады. Ойын есебін Франция ашқанымен, кейін толассыз екі гол жіберіп, ойын тағдыры бірінші таймда-ақ шешілді. Ямалдың салған голы сұмдық. Қақпадан 25 метр алыстан допты шірене теуіп, есепті теңестірген. Франция құрамасы ойынына сәйкес нәтижесіне де қанағаттануы тиіс секілді. Тіпті мына ойынмен жартылай финалға шығудың өзі абсурд. Испания финалға жолдама алды, қарсылас – Англия. Англия да Францияның кері, құрамына сәйкес ойын көрсете алмады. Финалға дейінгі жолы да испандықтарға қарағанда әлдеқайда оңай. Екеуара ойын бастала салысымен Испания ұлттық құрамасы әдеттегідей допты өз бақылауына алып, әлсін-әлсін шабуыл жасауды місе тұтты. Англия финалға келгенде есін жия қоятын шығар деген едік, олай бола қойған жоқ. Англия басынан екінші нөмірмен ойнады. Қорғаныс пен қарымта шабуылды байланыстыруды ұйғарды. Пикфорд торуылдаған қақпа кілтін 22 жастағы Нико Уильямс ашты. Оң қапталдан берген Ямалдың пасын Нико оңды пайдалана білді. Екінші таймның ортасында алаңға Коул Палмер шықты. Көп жанкүйер «Челсиді» жалғыз сүйреген Палмерді неліктен Саутгейт алаңға шығармайды деп қынжылған. Палмер 73-минутта есепті теңестіріп, фанаттар назының бекер емес екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ағылшындардың қуанышы көпке созылған жоқ. Ойынның 86-минутында сол жақ қорғаушы Кукурельяның жерлете берген пасын Оярсабаль сәтті пайдалана алды. Соңғы минутта Англия керемет мүмкіндікке ие болған. Алайда, Ольмо Райстың баспен ұрған добын сәтті қайтарып, құрамасын голдан аман алып қалды. Осылайша Испания ұлттық құрамасы Берлинде өткен финалда жеңімпаз атанып, EURO-2024 дүбірлі додасының чемпионы болды. Бұл жеңіс Испания құрамасының аталған турнирдегі төртінші рет чемпион атанып, рекорд жаңартуына себеп болды. Матч соңында арнайы номинациялар табысталып, Испанияның оң жақ шабуылшысы Ламин Ямал «Турнирдің ең үздік жас ойыншысы», ал орталық жартылай қорғаушы Родри «Турнирдің үздік ойыншысы» номинациясымен марапатталды. Екі ойыншының да команда жеңісіне тигізген еңбегі ерен. Ямал небәрі 16 жасында 1 гол,  4 ассист авторы атанып, бұрын болмаған нәтиже тіркеді. Шамасы сәби күнінде Лео Мессидің өзі жуындырып кеткені жолын ашқан болу керек. Родрисіз Испанияның ойынын елестету – қиынның  қиыны. Ортаңғы шептің қай жағынан болмасын табылып, допқа таласта да, пас беруде де ешкімге дес бермеді бұл ойыншы. Аздаған уақытта биылғы алтын допқа үміткерлер қатарына қосыла кетті. 12 жыл бойғы сәтсіздік осылай тамамдалды. Испания тізгініндегі бапкердің де үлесін елеп-ескерген жөн. «Қызыл фурия» осы қарқынынан таймаса, 2026 жылы өтетін әлем чемпионатында да атой салатын шамасы бар.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: