Жақында Қазақстан астанасында Орталық Азия елдері мен Қытай басшыларының басын қосқан маңызды саммит өткен-ді. Бұл аймақтағы геосаяси жағдайды айтарлықтай өзгертетін кездесудің бірі болды. Өйткені, Астанадағы бұл саммит Орталық Азия елдерінің келесі онжылдықтағы тағдырын айқындайтын шешуші кезеңнің басталғанын меңзейді.
МҮМКІНДІК пен ТӘУЕКЕЛ ТАРАЗЫСЫ
Соңғы 15 жылда Қытай Орталық Азияға 70 миллиард доллардан астам инвестиция құйған. Оның ішінде Қазақстан (23 млрд доллар), Өзбекстан (9 млрд доллар), Қырғызстан (4,5 млрд доллар), Тәжікстан (3,5 млрд доллар), Түрікменстан (6,5 млрд доллар) жобасы бар. Қарыз тәуелділігі бойынша Қырғызстан (42 пайыз), Тәжікстан (35 пайыз), Қазақстан (6,5 пайыз) алдыңғы орында тұр.
Бұл қаражат негізінен энергетика, көлік инфрақұрылымы және шикізат секторына бағытталған-ды. Халықаралық валюта қоры (IMF), Дүниежүзілік банк (WB) және Eurasianet мәліметі бойынша Қазақстан – Пекиннің басты серіктесі. Соңғы инвестиция көлемі – 23 миллиард доллар. Қытаймен жасалған «Нұрлы жол – Жібек жолы» бастамасы, Ляньюнган порты секілді ірі жобалар Қазақстан экономикасының маңызды бөлшегіне айналды.
Өзбекстан да Қытай қаржысына сүйеніп отыр. 9 миллиард доллар инвестиция мен «Ангрен-Пап» теміржолы сияқты жобалар іске асты. Қырғызстан – қарызға тәуелді елдің қатарында. Оның сыртқы қарызының 42 пайызы (1,8 миллиард доллар) Қытайға тиесілі. Ал Тәжікстанда бұл көрсеткіш – 35 пайыз (1,2 миллиард доллар). Түрікменстанмен жасалған келісімдер ашық емес, бірақ Қытай аймақтағы ең ірі газ импорттаушы ел болып отыр.
Кездесуде көтерілген мәселенің бірі – «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржолы. Бұл жоба аяқталса, жылына 15 миллион тонна жүк тасымалданады деп күтілуде. Сарапшылардың айтуынша, Қырғызстанның ЖІӨ-сі 3 пайызға артуы ықтимал.
Қазақстан да өзінің транзиттік әлеуетін кеңейтуді ойлайды. 2023 жылы Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы транзит көлемі 1 миллион TEU (20 футтық контейнерлік бірлік) жетті. Бұл – 2018 жылмен салыстырғанда үш есе көп көрсеткіш.
2023 жылы Қытай мен Орталық Азия елдерінің сауда айналымы 70 миллиард доллар болса, Ресеймен 35 миллиард долларды құрайды. Бұл көрсеткіштің өзі Пекиннің аймақтық ықпалының күшейгенін дәлелдейді.
Қазақстан транзиттен түсетін табыс, энергетика жобаларды іске асыруға мүдделі. Өзбекстан мен Қырғызстан теміржол құрылысымен жаңа нарыққа шығуға талпынады. Тәжікстан тау-кен секторының дамуын, Түрікменстан газ экспортын арттыруды көздейді. Алайда мұның бәрі Қытай инвестициясына шамадан тыс тәуелділікке әкелуі әбден мүмкін.
Ресейлік Қоғамдық саясат институтының директоры Дмитрий Журавлев «Орталық Азия Қытайға толығымен тәуелді болмауы керек. Әйтпесе, бұл саяси тәуелділікке әкелуі мүмкін» деп тұжырым жасайды.

АЙМАҚТЫҢ ТАРТЫМДЫЛЫҒЫ НЕДЕ?
Орталық Азия – әлемнің ірі мемлекеттерін ежелден қызықтырып келген өңір. Себебі бұл аймақ Еуразия құрлығының дәл жүрегінде орналасқан. Қазіргі заманғы халықаралық қатынастарда да Орталық Азия – Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын стратегиялық дәліз.
Мұндағы «Шығыс – Батыс» бағыты – Қытайдан Қазақстан арқылы Каспийге, одан әрі Кавказ – Түркия арқылы Еуропаға шығуға болады. «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты – Ресейден Қазақстан арқылы Түрікменстан мен Иранға, содан Үнді мұхитына шығатын дәліз. «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржолы – Қытайдың Парсы шығанағына дейінгі ең қысқа жолы.
Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» (BRI) мегажобасындағы алты құрлық дәлізінің үшеуі дәл осы Орталық Азия аумағынан өтеді. Демек, аймақ – Пекин үшін де, Мәскеу үшін де, Брюссель мен Вашингтон үшін де стратегиялық маңызы бар өткел.
Орталық Азия тек өткел ғана емес, табиғи қазба байлықтарға да аса бай. Қазақстан әлемдік уран қорының 12 пайызына ие және оның өндірісі бойынша көш бастайды. Мұнай қоры 30 млрд баррельге жуық. Бұған мыс, алтын, боксит, хром, фосфорит секілді стратегиялық металдарды қосыңыз. Түрікменстанда 19,5 триллион текше метр газ бар, бұл – әлемдегі ең ірі газ қорларының бірі. Өзбекстан алтын, мыс, уран, газ өндірісінен де кенде емес.
Дәл осы ресурстар үшін әлемнің алпауыт компаниялары аймаққа инвестиция құйып отыр. Мәселен, Chevron, ExxonMobil (АҚШ), Lukoil, Gazprom (Ресей), CNPC (Қытай), Eni, TotalEnergies, Shell (Еуропа), Dragon Oil (БАӘ), Petronas Carigali (Малайзия), Gold Fields Limited (Оңтүстік Африка Республикасы), Cameco Corporation (Канада) аймақта өндіріс орындарын игеруде. Бүгінде Орталық Азиядағы қазба байлықтарын игеретін 50-ден астам трансұлттық компания тіркелген.
Жалпы, аймақтағы ойыншылардың әрқайсысының өз жоспары бар. Қытай аймақтың ресурстары мен транзиттік әлеуетін пайдалана отырып, Еуропамен құрлықтағы сауданы күшейтуді көздейді. CNPC, Chinalco секілді компаниялары арқылы энергетика саласына тереңдеп енді. Ресей Орталық Азияны өзінің ықпал аймағы ретінде сақтағысы келеді. Бұл мақсатта әскери базалар, ЕАЭО, ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықты пайдаланады. Газ, мұнай салаларындағы «Газпром», «Лукойл» жобалары – соның дәлелі. АҚШ аймақтағы Қытай мен Ресей ықпалын шектеуді мақсат етеді. Chevron, ExxonMobil жобалары, USAID секілді даму бағдарламалары – Вашингтон стратегиясының бөлігі. Еуропалық Одақ Қазақстан мен Түрікменстанның энергетикалық қоры арқылы өзінің энергетикалық тәуелділігін азайтуды көздейді. ЕО аймаққа 10 миллиард еуроға жуық инвестиция салды. Түркия тарихи, тілдік, мәдени жақындықты пайдаланып, түркі интеграциясын дамытуды қалайды. Түркі мемлекеттері ұйымы – Анкара үшін басты платформа. Иран және Үндістан Солтүстік – Оңтүстік дәлізі арқылы Ресей мен Еуропа нарығына шығуды мақсат етеді.
Бүгінгі Орталық Азия – жай ғана көрші бес ел емес, бұл – XXI ғасырдың жаңа «үлкен ойыны» жүріп жатқан кеңістік. Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан мен Тәжікстан әлемдік державалардың саяси және экономикалық жоспарларының тоғысында тұр. Бұл жағдай аймақ елдеріне жаңа мүмкіндіктермен қатар, күрделі таңдау мен тәуекелдер жүктейді. Ал кешегі Астана саммиті осы үлкен ойынның жаңа бағытын айқындайтын маңызды белес болғаны анық.
ҚЫТАЙДЫҢ САММИТТІК ЭКСПАНСИЯСЫ
2023 жылы мамыр айында Сиань қаласында «Орталық Азия – Қытай» саммитінің алғашқы отырысы өткені белгілі. Дегенмен, ресми Пекин мұндай бастамаларды әлдеқашан өзге аймақтармен іске асырып үлгерген-ді.
2000 жылы Қытай – Африка ынтымақтастығы форумы (FOCAC) өтіп, бұл континентпен байланыс жүйелі сипат алды. 2000-2019 жылдары Қытайдың Африка бизнесіне берген несиесі 153 млрд долларды құрады. REGNUM агенттігінің мәліметінше, 2003 жылы Африкадағы қытайлық инвестиция 74,8 млн доллар болса, 2020 жылы 4,2 млрд долларға жеткен. Қазір 3,5 мыңнан астам қытай компаниясы жұмыс істейді. Қытайдың қатысуымен мыңдаған шақырым жол, порттар, көпірлер және әлеуметтік нысандар салынды. Бұл аймақта миллионнан астам қытай азаматы еңбек етуде.
2021 жылы Дакар қаласында өткен саммитте Қытай Африка елдеріне 60 млрд доллар инвестиция бөлуге уәде етті. Сонымен бірге 1 миллиард вакцинаны тегін жеткізуді, африкалық студенттерге 50 мың грант бөлуді, сондай-ақ, 10 ірі инфрақұрылым жобасын қаржыландыруды, табиғи апаттар кезіндегі гуманитарлық көмекті ұлғайтуды мойнына алды.
2015 және 2018 жылы Тынық мұхитының арғы жағына ұмтылыс жасап, Қытай – Латын Америка және Кариб (CELAC) саммиті ұйымдастырылды. Нәтижесінде Пекин бұл өңірдегі инвестиция көлемін 250 млрд долларға арттыруға уәде берді. Азия алпауытының белсенділігі АҚШ-тың геосаяси мүддесіне тікелей әсер етті. Бұған дәлел, Панама каналына қатысты Дональд Трамптың мәлімдемесі растады.
Бұдан кейін АСЕАН саммиті аясында Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен сауда-экономикалық ықпалдастықты нығайтты. 2020 жылы әлемдегі ең ірі еркін сауда аймағы – RCEP келісіміне қол қойылды. 2023 жылы Қытай – АСЕАН сауда айналымы 975 млрд долларға жетті. Бұл Қытайды АСЕАН-ның басты сауда серіктесіне айналдырды.
2022, 2023 жылы Қытай – Еуропалық Одақ саммиті өтті. Екі жыл бұрын Қытай – ЕО сауда айналымы 900 млрд долларға жеткен-ді. Қытай Еуропаға жасыл энергетика, көлік және технологиялық жобаларға инвестиция салды. Дегенмен, 2023 жылдан бастап сенім дағдарысы тереңдей түсті. Украина қақтығысы, тарифтік текетірес жағдайды күрделендірді.
«Бір белдеу – бір жол» бастамасының өзегі 2023 жылғы «Орталық Азия – Қытай» саммитінен кейін, аймақтағы бес мемлекет Қытаймен инфрақұрылымдық және энергетикалық келісімдерге келді.
Қытайдың әлемдік аймақтардағы саммиттік дипломатиясы оның жаһандық ықпалын арттыруға бағытталған стратегиялық жоспар екенін көрсетеді. Орталық Азия үшін бұл жаңа мүмкіндіктермен қатар, қаржылық, экологиялық және саяси тәуекелге де жол ашуы мүмкін.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
журналист.
Астана қаласы
P.S. Орта Азия, Африка, Латын Америкасы, АСЕАН және ЕО көпжақты саммит өткізу арқылы Қытай тек инвестициялық және сауда ықпалын ғана емес, сонымен бірге саяси, технологиялық және инфрақұрылымдық байланысын нығайтуда. Бұл үдеріс жаңа экономикалық мүмкіндік әкелгенімен, сын-қатерлері жоқ емес. Демек, Қытайдың саммиттік бастамасы әлемдік тепе-теңдікке әсер ететін маңызды факторға айналды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!