Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қыс шанаңды жаз сайла…

21.07.2022, 9:00 621

«Қыстың қамын жаз ойла». Бұл сөз әкімдердің ұранына айналған. Өйткені мезетінде халқы қиналып, «ас – ішерде керектің» керіне қалмау үшін барлық жағдайдың алдын алып, мәселені шешуді жолға қояды. Қазір жаз маусымы болса да қыстың қытымыр мінезін қазірден болжап, тұрғындардың жай-күйіне баса назар аудару керек. Осы мақсатпен Қызылорда қаласының әкімі, дербес бөлім, мекеме, кәсіпорын басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдері және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің қатысуымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілісте қала әкімі А.Шаменов төрағалық етіп, 2022-2023 жылдарға жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жайлы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғ.Қайназаровтың және қатты отынның жеткізілу барысы туралы қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Б.Аманкелдиевтің  баяндамасы  тыңдалды.

Қазір  қала  бойынша  барлығы 815  көпқабатты  тұрғын үй бар. Оның ішінде 711-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Ал қалған 104 үй автономдық блоктымодульдік қазандықтар (АБМҚ) арқылы (қатты, сұйық және  газ  отынымен)  жылытылады.

2021-2022 жылыту маусымы аяқ­талғаннан кейін ҚР-ның Энергетика министрінің 2015 жылғы 30 наурыз­дағы №247 бұйрығымен бекітілген «Электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану қағидалары­на» сәйкес, жыл сайын жылу желі­лері құбырларының техникалық жай-күйін тексеру, сондай-ақ алда­ғы 2022-23 жылдары жылу маусымына дайындық  мақсатында  2022 жылғы 8 сәуірде оңтүстік бөлігіндегі салқындату сұйықтығының максималды температурасына гидравликалық сынақтар жүргізілген. Бұл туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  бөлімінің басшысы  Ғ.Қайназаров  айтты.

– Жалпы Қызылорда қаласы бо­йынша 190  шақырым  жылу  желісі  бар. Оның  46 пайызының  тозығы  жеткен. Бұл көрсеткішті азайту мақсатында  «ҚЖЭО»  МКК инвес­ти­циялық бағдарламасы  аясында 2022 жылы  41,2 млн теңге қаржы қара­лып, 5,1 шақырым жылу құбырын (диа­метрі 57 мм-325мм) жаңғыр­ту жос­пар­лануда.  Қазіргі  таңда, жөндеу жұмыс­тарының бекітілген кестесіне сәйкес 0,9 шақырым жылу құбыры ауыстырылды (18 пайыз). Тозығы жеткен  жылу  құбырларын  заманауи пенополиуретанмен  қапталған 3,1 шақырым жылу құбыр­ларын жаңғыр­ту бо­йынша  облыс­тық бюджеттен 149,9 млн теңге қарастырылуда. Айта кетейік, жылу құбырларын жаңғыртуға қажетті 149,9 млн теңгені ағымдағы жылдың шілде айында облыстық мәслихаттың  сессиясында бөліну жоспарлануда, – деді  Ғ.Әлекбарұлы.

Мәжіліс төрағасы баяндама­шыға «күрмеуі қиын мәселе бар ма, алдағы уақытта жылу қазандықтарын іске қосып, үйлерді жылытатын кезде ешқандай жағдай туындамайтынына сенімдісіз бе?» деген сұра­ғына «иә, әзірге ешқандай мәселе жоқ» деген жауап алды. Десе де бұл – жылда айтылатын сөз. Себебі уақыты келгенде қаланың кейбір бөліктеріне жылу уақытынан кеш қосылып, тұрғындар әбігерге салынады. Бар кінәні техника ақаулығынан көрейік десек, оған дейін дайындық шараларының дұрыс жүргізілмегені айтпаса да білініп тұрады. Қазіргі жұмыстың нәтижесін білуді уақыт еншісіне қалдырай­ық.

Аппарат мәжілісінде баяндама­шылардың мәліметінен бөлек бір­неше бөлім басшысына қала әкімі сауал қойып, жауаптылардың жауабын  естідік.

Бес ай бұрын қаладағы 28 көп­қабатты тұрғын үйдің жертөлесінде су бар екені анықталған болатын. Осы мәселе төңірегінде атқарылған жұмыстар қалалық тұрғын үй инс­пекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбектен  сұралды.

– Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің ішінен қазіргі таңда 28 көп­қабатты тұрғын үйде су анықталып отыр. Энергетика басқармасы мен бөлім мамандары зерттеп, арнайы іс-шара жасалып, қала әкімінің орынбасары Руслан Аймырзаұлымен бекітіп, ПИК  пен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге ұсындық. Бұған байланысты қазір арнайы пәтер иелерінің кооперативі төрайымдарын шақырып отырмыз. Қазір өздерінің қолында бар арнайы сутартқыштармен судан тазарту жұмыстары кестеге сай жүргізілуде, – деді  А.Рысбекұлы.

Қала әкімі: «Мұндай жұмыстарға кесте емес, оперативтілік қажет. Бұл мамыр айында шешімін табуы тиіс болатын. Сізге бір апта уақыт бере­мін, жағдайды шешіп, нәтижесін алып  келіңіз», – деп  қатаң  тапсыр­ма  берді.

Сонымен қатар сала мамандарынан тұрғын үйлердегі жылыту қазандықтары мен кезектен тыс шұғыл шешілуі қажет жұмыстар туралы сұралып, қауіптің алдын алу туралы шаралар  енгізулерін  тапсырды.

Алғашқы тыңдалымнан кейін бірнеше мәселе қаралып, қала әкімі А.Шаменов бірнеше бөлім басшысына  мынадай тапсырмалар жүктеді: 

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғ.Қайназаров, қалалық тұрғын үй инспециясы бөлімінің басшысы  Абзал  Рысбекұлына:

– 2022-23 жылдағы жылу беру маусы­мының тұрақты және қалыпты өтуі бойынша нақты жұмыстарды жүргізу;

– қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлесін лас сулардан және қоқыс қалдықтарынан тазалау жұмыстарын ұйымдастыру;

– қала аумағындағы барлық нысандардың жылу маусымына дайындығы бойынша тиісті жұмыстарды үйлес­тіріп, дайындық пасторттары 15  қыр­күйекке  дейін  толық дайын болуын  қамтамасыз  ету;

– үйді басқару саласында жұмыс атқарып жатқан барлық пәтер иелері кооперативінің  жұмысын  күшейту,

– қаладағы барлық көппәтерлі тұрғын үйдің ауласындағы және қала көшелеріндегі тазалық жұмыстарын ұйымдастыру.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Айтбайұлы, қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Айбек Ерғалиұлы, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдар­ламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбайқызы, қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан  Теңізбайұлына:

– Барлық  әлеуметтік  нысандардың алдағы жылу беру маусымына толық дайындығын қамтамасыз етіп, отын қорының жеткілікті болуына  аса  мән  беру.

Бұл жұмыстар қала әкімінің орынбасары Руслан Аймырзаұлының  басты  назарында  болады.

Жылу маусымына байланысты басқа да дайындықтар жөнінде білу үшін қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Аманкелдиевтің баян­дамасы  тыңдалды.

Оның айтуынша, бүгінде қаланы қатты отын қорымен қамтамасыз ету үшін 1 маусымда көмір тасымалдау­шы жеке кәсіпкерлер «KHAS COM» және «Қарымсақов» мекемелерімен  меморандум  жасалыныпты.

– Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің 2022-23 жылдарға арналған жылу беру маусымы кезеңінде Қызыл­орда қала­сына қажетті қатты отын көлемі шамамен 38 мың тоннаны құрайды. Жылу беру маусымы кезеңінде қала аума­ғындағы көмір тасымалдаушы жеке кәсіпкерлер тарапынан барлығы 66 мың тонна көмір әкелу жоспарлануда. Қазіргі уақытта, «KHAS COM» жеке кәсіпкерлігінде 120 вагон (8280 тонна) «Шұбаркөл» көмірі келіп, 14 400  теңгеден сатылуда. «Қарымсақов» жеке кәсіпкерлігінде қазіргі таңда қатты отын қоры  жоқ. Негізінен қалаға «Тас көмір» қорын жеткізуші кәсіпкермен сатылу бағасы тоннасына 13 000  теңгеден болып меморандум  жасалды, – дейді  Б.Аманкелдиев.

Амангелдиевтің сөзіне сенсек, қыс­қы маусымда қала аумағындағы кент және ауыл тұрғындары қатты отыннан қиындық көрмейді. Алдағы уақытта да бұл цифр едәуір артып, көмір қоры молая­ды  деген  үміт  жоқ  емес.

Екінші баяндама бойынша атқарылып жатқан жұмыстар айтылған соң қала әкімі бөлім басшыларына мынадай  тапсырмалар  жүктеді:

Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы  Айдын  Серікұлына:

– құрылыс саласына бөлінген қаржының  есебін  жүргізіп, мақсатты  жұмсалуын  қамтамасыз  ету;

– алдағы  бір  апта  көлемінде  жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандарға сараптама жасап, нәтижесін  баяндау;

– үш күн ішінде қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімімен бірлесіп, құрылыс сала­сына  қажетті  қаржының есептеме­сін әзірлеп, ұсыныс  беру;

– салынып жатқан объектілерге техникалық бақылау жүргізуге арнайы мамандарды тартып және құрылыстың бітуіне байланысты эксплантациялық жұмыстарды тұ­рақты  түрде  ұйымдастыру;

– мемлекеттік сатып алу конкурсында тұрған жобалар бойынша заң аясында тиісті шешімдер қабылдап, жүзеге  асырылуын  бақылау.

Айтылған тапсырмалардың толық және жүйелі орындалуы қала әкімінің орынбасары Р.Аймырза­ұлына  тапсырылды.

Аппарат мәжілісі соңында қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы: «Біздің басты жұмысымыз – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, қолайлы жағдай жасау», – деді. Атқарылатын жұмыс­тардың уақытылы орындалуына жауапты мамандардың жұмысы БАҚ-тың назарынан тыс қалмайды. Іс-шаралар тек қағаз жүзінде ғана орындалмай, сапалы нәтиже беруін күтеміз. Уақыт кетті, іске көшу керек!

Ердәулет ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: