Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қыс мезгіліндегі қауіпсіздік шаралары пысықталды

31.10.2022, 9:45 398

HALYQLINE.KZ Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында бірқатар мәселелер қаралды.

Жиында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Жандос Еркінбек ықтимал су тасқынының алдын алу мәселелері бойынша атқарылуға тиіс жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, жыл сайын өңірде мол суды қауіпсіз өткізу мақсатында қорғаныс бөгеттері мен су шаруашылығы нысандарының ахуалын зерттеп, анықтау жүргізу арқылы жөндеу, күшейту және қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда.

Аймақ басшысы су деңгейі толысып, мұз қату кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, ең қауіпті деген тұстарды алдын ала анықтау жұмыстарын уақыты жасауды тапсырды. Бұл ретте қажетті техника мен құрал-жабдықтарды әзірлеу жұмыстарын тиянақты түрде орындау керек екенін алға тартты. Отырыста қысқы мұз ұстасу кезеңінде су деңгейі көтеріліп, елді мекендерге, инфрақұрылымға су басу қаупі туындауы ықтимал Арал, Қазалы, Қармақшы ауданының әкімдері баяндама жасады.

Сондай-ақ, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы мен «Қазсушар» РМК басшылығы қазіргі су тоғандарында қалыптасқан жағдайды, ал «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры алдағы қыс мезгіліндегі ауа райы болжамын сипаттады.Комиссия отырысында қыс мезгіліндегі жол қауіпсіздігі мәселесі де қаралды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев пен «ҚазАвтожол» мекемесінің басшысы Ерұлан Жүнісов баяндама жасады.

Аймақ басшысы қысқы уақыттағы төтенше жағдайлардың басым бөлігі автожол бойларында орын алатынын қаперге салып, алдағы уақытта ескерілуі тиіс мәселелерді тізбектеді. Оның ішінде, «Қызылорда-Жезқазған» трассасы бойындағы ұялы байланыстың болмауы, автожол бойындағы қар басу қауіпі бар учаскелерді қардан тазалау үшін арнайы техникалар және жылыту бекеттері дайындығы және аймақтағы қалқымалы көпірлердің жағдайы бақылауды қажет етеді.

Осыған орай, алдын-ала арнайы техника мен жылыту бекеттерінің дайындығын пысықтап, төтенше жағдайдан зардап шегушілерге көмек көрсету үшін қажетті бұйымдарды әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ, жауапты мекемелерге халықты қауіпсіздік шаралары туралы кеңінен ақпараттандыру бойынша міндет жүктелді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: