Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құмалақ қалай түседі?

24.12.2020, 13:00 583

Қазақта, «құмалақ салмай-ақ білеміз»,- дейтін түсінік бар. Ақиқатты анықтау мақсатында айтылса керек. Тоғызыншы қаңтарға дейін тобықтан қар кешіп, үгіт-насихат ісіне жегілетіндер сайлауалды жұмыстарына әлі қарқын бере қоймаған секілді. Кем дегенде олардың үгітке бел шеше кіріскені Арқада әзірше сезіліп тұрған жоқ. Өзгені қайдам, біз тұратын үйге пенде баласы бас сұқпады, әлі. Бас сұғу қайда, аулада әртүрлі жапсырмалар таратып жатушы еді, оның да үнемді кезі келсе керек. Бұрын дейміз де, әлгі бір мандатты сайлау кезінде. Шаруа шаш-етектен еді ғой. Кандидат біткен қаздай тізіліп, алдыңыздан он өтетін. Шалғайдағы ауылдарда өздері көрінбесе де шашбауын көтерушілер, сайлау штабының өкілдері кісіге өткел бермейтін. Не түрлі фольклорға тақырып табылып, үгіт-насихаттың да креативі қылаң беруші еді ғой. Партия, партия болып «соғысқалы» сайлауалды насихаттың да базары тарқай бастады. Себебі, дөкей біреу. Өзгелері өлместің күніне риза.

Базар демекші, кей партия өкілдері базар кезіп кетті. Қайнаған өмірдің ішінде жүрміз дегенді медеу тұтатын секілді. Базарда тұрғандардың несі кетіп барады. Оның үстіне кейбір өлкеде аздап аяз бар. Тоңғандары әлгі үгітшілердің айтқанына мән беріп, тым болмаса құлақтарын қыздырып алуға дағдыланыпты. Қай партия өкілі келсе де, қызу қарсы алып, бағдарлама біткенді жадында тоқып алуға тырысып, шеттерінен шаттанып жүр. Қызық қой енді. Бағдарлама дегенде, бірін-бірі қайталайды. Оны жаттау саудагерге қиын болып па? «Базарда жаннан басқаның бәрі сатылады», – демекші бал ашып, пікір айтуға да құлшынғандар бар. Кейбіреуінің сөзіне біз де құлақ түрдік.

«Құмалақ шашыраңқы түсті, үгіт жұмыстарына мән бермей жатыр ма, әлде сайлау сықпыты солай көріне ме, берекелі істің басын шалмаса да мерекелі істің ауаны айқындалды», – деп түсініксіз тілде ой өрбітті бір сәуегей.

«Апырмай, сіздің сөз де құмалақтың өзіндей көп ешкімге ұғынықты болмай қалады екен, ә», – дедік біз де кінәні айташыға аударып.

«Тыңдаушыда түсінік таяз болса, сондай жағдай қалыптасады», – деді ел шенеуніктерінің тәмсіліне салып, әлгі апамыз.

Қайта сол кісілердікі жалпақ тіл секілді ғой.

«Еш ондайы жоқ. Мен тек құмалақ тәржімәлаушымын. Ойымнан ештеңе айтпаймын. Бықпырт тигендей болса маған неғыл дейсіз?».

«Ашып айтсаңызшы енді, палшы деген дардай атыңыз бар…».

«Нені?»

«Бәйгеден қай партия келеді?»

«Бәлі, баламасың деген. Қай партияның жеңіске жететінін құмалақ түгілі өзім де біліп тұрмын ғой».

«Қалай келеді, сонда әлгі партия?».

«Қалай келуші еді?».

«Ой, енді үзеңгі қағыстыра ма, құйысқан тістесе ме, қамшы салдырымнан көріне ме, арқан бойы ұзай ма? Қара көрсетпей кететіні бар шығар?».

«Ә, ия қара көрсетпейтіні бар ғой. Қалғандарын қайдам…».

Базар құмалақшысының қасында одан әрі аялдауға зауқымыз соқпады. «Ақындар бықып жатқанда, екінші болсам жаман ба?», – деп жырлайтын Ұлаш ағамның сөзіне жазылған хит әнді ыңылдадық та, ықылық атып келе жатқан қоғамдық көлікке отыра салдық. Ондағымыз, Қайнар ағаны қайталау. Қайнар Олжай да жас кезінде­ Қарағанды –Теміртау бағытындағы автобусқа міне салып, ойына ерік береді екен. Қиялы қиядағыны шалатын секілді. Шырайтамыз. Автобусқа мінген бетте біздің де ойымызға небір таңғажайыптар қона бастады. Әуелі «Ауылдан» бастадық. «Бұл жолы бәйгеден келеді ау», – деп күбірлеппіз. Оны қасымдағы ақсақалдан білдім.

«Қарағым, қай бәйгені айтсың?», – деді ата.

«Жәй әншейін ғой».

«Қандай әншейін болады? Бұл жолы бәйгеден келеді-ау», – дедің ғой.

«Е, «Ауылды» айтамыз да».

«Ауыл қай кезде бәйгеден келіп еді? Қала тұрғанда. Қамқорлықтарың қаладан артылмайды. Ауыл таза су ішсе мәз болады. Қатарынан үш күн жарық болса қуанады. Оқушыларға обал. Талға шығып кетті, бәрі. Тауға да барады. Сол жақтан ұстайды дей ме. Нені ұстай алмай жүргенін қайдам­.  Өткенде, алдымнан кесіп  өтпей­тін келін де безіп барады. Талға ма, тауға ма, түсінбедім. Түсінгенім, ол да бірдеңені ұстай алмай шабады. Аспанға бір қарайды, жерге бір қарайды. Ауыл халқын түгел шапқыз­ып  қойған  не  бәйге, ол?».

Абырой болғанда атам келесі аял­да­мадан түсіп қалды. Түсерінде, «Жайылым жоқ, өріс тар. Бүйте берсе қызыл сиырды қаланың балконында ұстаймын», – деп өкпесін айтып үлгерді. «Ауыл» партиясы десем әлгі қарт түтіп жер ме еді. Насихатшы болмағандықтан да олай сөйлеудің қисынын қарастырмадық. «Шіркін-ай, – дедік бұл жолы іштей, – «Ауыл» жыл басынан бері тарылған өріс туралы дабыл қағып, дала біткеннен ауыл халқына жайылы­м іздегенде, жаздан бері ауылда интернет жоқ деп аттан салғанда әлгі ақсақал­ осы партияны қолдап дауыс берер еді-ау», – деп өкіндік. Біздің өкінгеннен не пайда. Өкінген былай тұрсын, бұл тақы­рып­қа бас қатырған «ауылдықтарды» және көрмедік. Егер бар ғой, олар дауыс жинаса да, Жабайыл Бейсеновтің арқа­сында жинайды. «Кіндігімнің жас қаны тамға­н  жерім,  ауылым», – деп ән шырқаған композитор ағам ше? Немесе әнші Жұбаныш Жексенұлына қарыз болып жүреді. «Ауылым аңсадым, әппақ шаңымды», – деп келетін әнді естіп-естіп Уәкең, «Шаншардағы» Уәлихан көкем осы пар­тияға мүше болған көрінеді. Бауыр бауыр­ға көмектесетіні секілді, «Ауыл» ауылға тартады деп  ойлайды  ғой. Есен-аман жетіп  алсын. Олар ауылдың мүддесін ойлай­ ма, әлде  «Үлкен  ауылдың» мұңын мұңдай ма, кезінде көрерміз. Біздің түсінікте әлгі бірнеше ән бұл партияға талайлар­дың  бүйрегін  бұрып береді. Оның үстіне, «Ауылдан адам көшкенмен, Адамнан  ауыл  көшпейді…», – деп айғайлап ән салып жүрген жастар да бар. Яғни, сайлауға  түскен «Ауылдың» бар сенгені өзінің атауы  ғана.

«Ауылдың» алдына түсетін партия «Ақ жол» болуы мүмкін. Себебі, олардың маңын­да кәсіпкерлер топтасқан. Кәсіп­кердің көйлегі көк заман, қалтасы да тоқ дегендей. Бірінің зауыты, екіншісінің шаруашы­лығы бар. Демек, қолдаушы табылады­. Салықта да, нарықта да олардың мүддесін қорғайтын біреулердің болған­ы дұрыс қой. Мәжілісте! «Ұраны дөп болса да, күмәні көп», – деушілердің өзі де ойланып қалады, негізі. Дегенмен кей кезде жариялылықтың шырағы боп та шыға келетін партия, бейне бір «Атлетико». «Кемінде үштіктен табыламыз ғой», – деп, арқаны кеңге салып жүр. Ұпай алуын алады. Бірақ, тұрағы қай жерде болады? Әкімге сенбесе де, әнге сенгендерден озып кете ала ма? Әңгіме  сонда!

Алты-жеті болса да адал коммунист шал-кемпірге ермек боп жүрген ҚКХП жоқ жерден жүрісінен жаңылды. «Косырев кешір­мегірлер», – дейді өткенде бір қарт коммунист. «Қамыт бауын үзген ат секілді дәртенің быт-шытын шығарды», – деп қамығады, партбиле­тін әлі де сандықта ұстайтын сол кісі. Бұрын ғой қызық көріп те дауыс беретін, бұзық көріп те дауыс беретін­, орақ пен балғаны түсінде көретін­дер мен соларды қандай да бір оппози­циялық пішінде көретін электорат енді олар туралы айтсаңыз екпетінен түседі. Беттері бері қарамайды. Қырсығы ұстаса қабағын ашпайтын коммунист шалдар емес пе, енді райынан қайтарып көр. Дауыс­ санаушылар шатасып кетпесе К-сыз ХП Парламентте кісісіз қалу қаупіне  ілінді.

Олардың орнын кім басуы мүмкін? Ат талғайтын атбегі секілді ат таппай жүргендер ме? Қазіргі атауын әрең еске түсірдік. Оның өзінде де дастарқан басында. Сүт фабрикасы аттастар ше? Қайран Чехов! Қазіргі заманда бірдеңе жазу керек болсаңыз, осы партияны да қамтушы едіңіз ау. Анау «Лошадиная фамилиядағыдай». Приказч­ик Булдеев кім болар екен? «Әділетінде» бір, «Бірлігінде» екі есте сақтағаннан кейін біздің жады да толып қалған­ ғой. Шайға сүт қосар кезде күліп жібердік. Сырттағы жазуына көз жүгірт­кенде. Ия, «Адал». Біз ғой езу тартамыз. Қаңтардың оны күні ол көкемдердің күні қалай болар екен? «Төбедегі төртеу» ұстаным­ы сақталса, бағының жанғаны. Әйтпесе тағы да сол көш соңында қалғаны. Жаңғалақ партияға жұрт жабылып дауыс бере ме? Жағынып қалатын да ешкім жоқ, құрамында.

Болжам бәйге жарияланып, бәйгеге не тігілсе де біздің елде екінші орын алатын партияның кім екенін ерте бастан тап басып­ ешкім айта алмайды. Чемпион анық. Қара үзіп кеткелі қашан! Мәре тұсында тоқтап тұрса да оларға ешкім маңайлап келе алмайды. Қайта, бірі жетектегісі келіп, екінші партия сауырына еппен қамшы ұшын тигізіп, қашан бәйге төбеден өтіп кеткенше демеуге дайын тұрар. Пайым­  қылар тұсы да сол. Уайым тұнар шақ емес  екенін білеміз…

Амангелді  СЕЙТҚАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: