Тақырыптың жалғасын іштей жатқа айтқаныңызды білеміз. Дәл қазір, газет қолыңызға тиер сәттің өзінде, елде жаңа саяси институт жасақталу үстінде. Партиялар өз тізімдерін ұсынып, 23 тамызда алғаш рет партиялық тізіммен ғана сайланатын 145 депутаттан тұратын Құрылтай өз құрамын анықтамақ. Бірмандатты округ енді жоқ, сайлаушының алдында тек партия таңбалары тұр. Мұны тек атаудың өзгеруі деп айтып жүргендер бар. Ал Құрылтай құрамы сол бұрынғы депутаттар болып қалады деген әңгіме бар. Дегенмен, заң шығарушы биліктің құрылымындағы бұл секем қазақ халқының ежелгі есеп қисынын еске түсіреді.Сонымен, қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгере ме? Құрылтай нақты немен ерекшеленеді? Осы сұрақтардың жауабын іздеп көрелік.
БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?
Жаңа Конституцияның 1 шілдеде күшіне енуін билік тарапы бірауыздан тарихи оқиға деп бағалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев реформаны елді «суперпрезиденттік» басқару моделінен алшақтатып, «күшті президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін үкімет» формуласына көшу деп сипаттады. Ол Құрылтайдың құрамына қатысты да қатаң талап қойды, «Құрылтай – жаңа тұрпатты Қазақстанның маңызды символы. Сондықтан оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек», — деді Президент.
Ал Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жаңа Конституцияны бағалай келе, оны бас құжат ретінде таныстырды, «Бұл – еліміздің алдағы онжылдықтардағы даму бағдарын айқындайтын негізгі құжат» деп атап өтті ол.
Мәжілістің соңғы шақырылымындағы депутаттар да реформаны қуана қарсы алды. Депутат Асхат Аймағамбетов адами капиталға баса назар аударып: «Қазақстанның басты байлығы – Адам» деп жазды әлеуметтік желіде. Ал VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов Парламенттің отыз жылдық жолын қорытындылап, «Тәуелсіз Қазақстанның жаңа саяси кезеңі ел бірлігін нығайтып, мемлекетіміздің өркендеуіне жаңа серпін берсін» деген тілек білдірді.
Партиялық өрістен де қолдау көп естілді. Respublica партиясының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде: «2026 жылдың 1 шілдесі – Қазақстан үшін тағылымы терең, тарихи күн» делінген. Ал Астана қоғамдық кеңесінің төрағасы, саяси ғылымдарының докторы Зулфухар Ғайыпов бұл күнді ел тарихындағы бетбұрыс ретінде бағалады: «Бүгінгі күн, яғни 1 шілде – қазіргі отандық жаңа тарихтың соны парағы ашылған сәт», — деді ол.
СЫНШЫЛАР СӨЗІНЕН
Ал тәуелсіз саясаттанушылар мен сарапшылар басқа пікірде. Саясаттанушы Димаш Әлжанов жаңа Конституцияның негізгі мәнін билік транзитінен гөрі, керісінше, өкілеттіктің шоғырлануынан көреді. Оның пікірінше, референдум да, жаңа құжат та бір адамның еркінен туындаған: «Бұл референдум және жалпы жаңа Конституция жобасы – президент қалауының жүзеге асуы», — дейді ол Азаттыққа берген сұхбатында. Д.Әлжановтың айтуынша, тағайындау рәсімдері мен заң шығару процестеріне президенттің тікелей бақылауы бұрынғыдан да күшейе түседі, ал билікті легитимді әрі тиімді түрде тапсыру тетіктері әлі де жетілмеген күйінде қалып отыр.
Бірмандатты жүйенің өзі де ұзақ өмір сүрмегенін ескерген жөн. 2023 жылы, Қаңтар оқиғасынан кейінгі реформа аясында, ел мажоритарлы сайлауға қайта оралған болатын, сол кезде бұл қадамды билік маңындағылардың өзі үлкен демократиялық жетістік деп таныстырған еді. Саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың бағалауынша, арада үш жыл өтпей билік мажоритарлы жүйе арқылы сайланған, өз округінің алдында есеп беруге мәжбүр депутаттардың белсенділігінен сескеніп қалды деседі. Егер бұл байқау расқа жанасса, толықтай партиялық тізімге көшу – демократияландырудан гөрі, керісінше бақылауды күшейту қадамы болып шығады.
Партияға мүше емес азаматтардың жағдайын атап өткен сарапшылар да бар. «Жас Алаш» басылымына пікірін білдірген саяси сарапшы Дос Көшім биліктің бірмандатты сайлауға деген көзқарасының өзгеруін ашық сынға алды. «Парламентте бұл жүйемен сайланған депутаттар көбейсе, олардың үні алысқа жетіп, билікке қиындық туғызуы мүмкін», — дейді Д.Көшім. Оның пайымдауынша, ел әлі классикалық көппартиялы жүйе қалыптастырмаған, сондықтан толықтай партиялық тізімге көшу – асығыстау қадам.
Халықаралық қатынастар сарапшысы Таир Нигманов болса, мәселені сайлаушы тарапынан қарайды. «Халық тек жалынды сөзді ғана емес, нақты жұмыс істегенін, сапалы заңдар қабылдағанын талап етеді», — дейді ол. Оның пікірінше, сайлаушылардың талғамы бұрынғыдан әлдеқайда жоғары, ал партиялық брендтің артында жасырынған депутаттың нақты еңбегін көру қиындай түспек.
ҒЫЛЫМИ КӨЗҚАРАС
Салыстырмалы саясаттану тұрғысынан да қызық сәттер бар. Публицист Думан Аманжолдың жазуынша, әлемдік тәжірибеде бірпалаталы парламентке көшкен Швеция, Дания, Жаңа Зеландия сияқты елдердің тәжірибесі көрсеткендей, институттың нәтижелілігі палаталар санына емес, сапасына байланысты. «Парламенттің тиімділігі палаталар санына емес, институттардың сапасына тәуелді» деп жазады ол, саясаттанушылар Аренд Лейпхарт пен Джордж Цебелис еңбектеріне сүйене отырып.
Дегенмен, маңызды бір айырма бар, аталған елдердің көбінде партиялық тізім жалпыұлттық емес, өңірлік немесе аймақтық негізде құрылады, яғни сайлаушы мен өз аймағының өкілі арасындағы байланыс толықтай үзілмейді. Қазақстандағы жаңа модельде мұндай өңірлік кепілдік әзірге заң деңгейінде тұжырымдалмаған. KZnews басылымының талдауында да дәл осы мәселе көтеріледі, сайлау ережелері жаңарса да, «саяси бәсекенің сапасы – тек механизмге емес, сол механизмді толтыратын нақты саяси мазмұнға тәуелді» болып қала бермек.
Өңір тұрғыны үшін бұл реформаның бір қыры айрықша сезіледі. Бұрын нақты бір округтің депутаты болды – тұрғын үй, су, жол мәселесімен сол адамға тікелей барудың жолы бар еді. Енді депутат партиялық тізіммен, көбіне Астанада құрастырылған тізіммен келеді. Партия тізімінде облыс өкілінің қаншалық орын алатыны – сол партияның ішкі саясатына байланысты болмақ. Осы тұрғыда жауапкершілік жеке адамнан партия брендіне ауысады – ал бренд, белгілі болғандай, нақты бір ауылдың су құбырына жауап бермейді.
САНДАР СӨЙЛЕСІН
Партиялардың тізімдерін ұсыну науқаны қызу жүріп жатыр, бұл кезең 2 шілдеде басталып, 13 шілдеде сағат 18:00-де аяқталады. Одан кейін тіркеу процесі басталып, 23 шілдеде сағат 18:00-де түйінделеді, содан соң сайлауалды үгіт-насихат кезеңіне жол ашылады. Дауыс беру – 23 тамызда, ал қорытынды бір қыркүйекке дейін жарияланады.
Орталық сайлау комиссиясы жеті партияны сайлауға жіберді, олардың қатарында: «Ақ жол», «Ауыл», «Әділет», «Байтақ», Қазақстан халық партиясы, Respublica және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия бар. Айта кетерлігі, «Amanat» партиясы – отыз жылдан астам билік партиясы саналған саяси күш – Құрылтай сайлауына қатыспайтынын өзі мәлімдеді. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров бұл туралы: «Орталық сайлау комиссиясына «Amanat» партиясынан Құрылтай сайлауына қатыспайтыны туралы хат келіп түсті» деп хабарлады. Оның орнына жаңа құрылған «Әділет» партиясы негізгі фаворит саналады, дегенмен ол «Аманаттың» бұрынғы мүшелерін автоматты түрде қатарына қоспайды, әркім жеке өтініш беруі тиіс. Осы аптаның ішінде қай партия тізімге кімдерді енгізетіні – жаңа жүйенің нағыз сынағы дәл осы жерден басталмақ.
Институт атауы өзгерді, сайлау тәртібі өзгерді, тіпті кейбір өкілеттік бөлінісі де қағаз жүзінде жаңарды. Бірақ жоғарыда келтірілген пікірлердің әрқилылығының өзі бір нәрсені анық көрсетеді, реформаның мәні әлі толық орнықпаған, әр тарап оны өз мүддесі тұрғысынан түсіндіруде. Билік үшін бұл – теңгерімнің нығаюы, ал сыншылар үшін – бақылаудың шоғырлануы. Осы өзгерістердің қаншалық терең екенін көрсететін нағыз сынақ – 23 тамыздағы сайлаудың өзінде емес, содан кейінгі күнделікті жұмыста жатыр. Жаңа Құрылтай депутаттары нақты кімнің мүддесін білдіреді, олардың дауысы үкіметтің шешіміне қаншалық әсер етеді, ал сайлаушы өз тұрмысындағы өзгерісті қашан және қалай сезінеді? Сол уақытқа дейін қосылғыштардың орны ауысқаны рас, ал қосынды өзгере ме, жоқ па – оны уақыт пен нақты іс қана көрсетпек.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ
Коллаж жасаған автор
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!