(Мәжілістің Қоғамдық Палатасымен қоштасу)
(Бұл жерде хэмингуейлік «қару» деген сөзді мен милитаристік емес, демократиялық мағынада қолданып отырмын: халық пен билік бір-біріне қарсы қару қолданбауы үшін не істеу керек және қоғам мен өкімет арасындағы ашық та бүкпесіз диалогты ең мықты демократиялық «қару» ретінде неге қабылдамаймыз деген сауалдар тұрғысында).
Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен өтетін Мәжіліс Қоғамдық Палатасының соңғы отырысында сөйлеуім керек болған сөзімнің тезистері
(Астанада өтетін жиынға шақырылдым, бірақ белгілі бір себептермен оған қатыса алмайтын болғасын, сөзімді жазбаша түрде ұсынып отырмын):
Күн тәртібіне қарасам, бүгін біз Мәжіліс Қоғамдық Палатасымен қоштасқалы отыр екенбіз. Иә, елдегі күрделі саяси өзгерістер соған әкеліп соқты.
Қоштасудың екі түрі болады. Бірінде адам біреумен, не бір орта не құрылыммен өз еркімен, ешкімнің зорлауынсыз қош айтысады. Ол – сол адамның таңдауы.
Екіншісінде – адам осының бәрімен басқа біреудің пәрменін орындап қоштасады. Пәрменнің не өмір қажеттіліктерінің мықтылығы сондай, кейде адам өзгенің айтқанынан шыға алмай, өмірлік ұстанымдары мен принциптерінен де бас тартып жатады. Бүгінгі алмағайып кезеңде оған көз бен құлақ үйренді. Ол болса, сол адамның емес, өзгенің немесе жүйенің таңдауы.
Бүгін Мәжіліс Қоғамдық Палатасымен (МҚП) біз өз еркімізбен емес, бүгінгі биліктің қалауымен қош айтысқалы жатырмыз. Соны алдымен ашық айтып қойғым келеді.
Бүгінгі Парламенттің қос палатасында балама пікір иелері жоқтың қасы боп тұрған шақта МҚП өзінің позитивті әрі прогрессивті ролін толыққанды әрі толықмәнді атқара алды деп санаймын.
Өйткені оның құрамында аты елге танымал қайраткерлер, қарапайым адам үшін қызықты болса да, қоғам үшін қауіпті хайп қумайтын, популизмнен мүлдем ада, терең ойлы сарапшылар мен майталман мамандар жиналды. Басқасын айтпағанда, МҚП мүшелері – БАҚ пен әлеуметтік желілерде ең танымал әрі сұрақ қоюшылар тарапынан сойқан сұранысқа ие тұлғалар. Дәйексөз келтіру жағынан олар жоғары жаққа жалтақтаған Сенаттың да, Мәжілістің де көптеген мүшелерінен асып түскенін мойындау керек.
Құрылғалы бері МҚП қаншама маңызды заң жобаларын қарастырды, қаншама құнды ұсыныстар мен түзетулер енгізді десеңізші (ол туралы МҚП басшылығының бүгінгі есебінде айтылатын болар)?!
Шын мәнінде МҚП Мәжілістің сапалы да сарабдал, саяси жағынан сыпайы болса да, өз мінезі мен ұстанымы бар, салиқалы сараптама тобының ролін атқарып келді. Соны мойындау керек.
Орайы келген соң айтарым сол: мені МҚП қатарына сырттай танысам да, бұрын-соңды өзім кездесіп көрмеген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов шақырған болатын. Сол үшін ол азаматқа алғысымды білдіргім келеді.
МҚП мүшесі ретінде түсінгенім сол: заң шығару ісі екінің бірінің қолынан келмейтін, терең білім мен біліктілікті, жүздеген беттен тұратын заң жобалары мен тиісті мемлекеттік органдардың сол құжатқа берген негіздемелері мен түсініктімелерін ұғыну үшін қажет аса зор ыждағатттылық пен шыдамдылықты, халықаралық тәжірибеден хабардар болуды талап ететін өте-мөте қиын шаруа екен.
Сол себепті Парламент кәсіби болуы керек деген ойды мен де қолдаймын. «Шымшықты сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз осы жерде әбден орынды!
МҚП мүшесі ретінде азаматтардан, соның ішінде, әділетсіздіктен зардап шеккендердің (арасында түрмеде отырғандар да бар) арыз-шағымдарымен де жұмыс істеп, ресми мәртебемді пайдаланып, тиісті мемлекеттік органдарға хат жолдап, сол адамдарға қол ұшын бере алғаным – өмір бойы әділетсіздікпен күресіп келе жатқан мен үшін ерекше мақтаныш пен абырой!
Міне, елдегі саяси өзгерістерге сай МҚП бүгін өз жұмысын доғарады. Конституцияны, соған негізделген заңдарды сыйлайтын азамат ретінде біздің бұл шындықпен келіспеске амалымыз жоқ.
Ендігі әңгіме мынада: қоғам мен билік арасында болуға тиіс өркениетті диалог қалайша жүзеге асуы тиіс?
Иә, жаңа Парламент – Құрылтай сайлауы өтеді.
Жаңа талаптар бойынша мажоритарлық жүйе жойылды. Сол себепті болашақ Құрылтайда аймақтардың мүддесі қалайша жүйелі және табанды түрде қорғалады? Меніңше, соның құқықтық негіздерін осы бастан ойластыру қажет, мәселен, партиялық тізімдерде аймақ өкілдеріне белгілі бір квота беру арқылы дегендей…
Иә, Халық кеңесі секілді жаңа орган құрылады. Бірақ та оның құрамына енетін адамдар қоғамның әртүрлі топтарының өкілдері бола ма, әлде биліктің кез келген бастамасын қолдауға қашанда әзір адамдар бола ма? Бұл да үлкен сұрақ.
Меніңше, Жаңа Қазақстан құруда бір олқылық бар.
Қоғам шынымен қақ жарылған: бір топ билікке шаң жуытпайды, яғни, өкіметтің «жақсылығын асырып, жамандығын жасыруға» бейім. Немесе бас биліктен дәмелі белгілі бір топтың сойылын соғады,
Екінші топ биліктің кез келген қадамын жаратпай, тек қана сынауға бейім.
Алайда қоғамдық-саяси шындық сол: осы екеуімен бірге, осы жылдары қоғамда үшінші топ қалыптасып қалды. Мен ол топты «центристер» деп атар едім. Олардың ұстанымы – «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын». Өкініштісі сол, осы топ құқықтық, саяси тұрғыдан легитимді бола алмай келеді. Қарап отырсам, болашақ Халық кеңесінде де оларға лайықты орын жоқ сияқты: бәрі билікшіл, өкіметті сынай қалса, тек қана президент әкімшілігінің рұқсатымен ғана тіл қата алатын күштер ғана бүгінгі билікке жағып отырған сықылды.
Мәселен, МҚП мүшесі ретінде Конституция жобасы және одан туындайтын заңдардың МҚП-ны аттап өткенін дұрыс деп санамаймын. Мұндай аса маңызды құжаттар қоғамның барлық сегменттерінің жан-жақты талқылауынан өтуі керек еді. Бұл да болса, МҚП-ның кемшілігі деп ойлаймын.
Күні кеше БАҚ ендігі жерде елімізде аудан, қала әкімдері сайланбайтын болды деп жатыр. Сол құжаттың жобасын неге МҚП талқыламады?
Жаңа Қазақстанға, сөзсіз, жаңа идеялар мен өзгерістер керек-ақ. Алайда, бір сұрақ дүйім жұртты мазалауда: неге бізде басты саяси бастамалар тек қана жоғарыда туындайды? Неліктен олар плюралистік қоғамның өне бойынан бастау алмайды?
Ерлан Жақанұлы! Өзіңізбен алғаш кездескенде, мен: «Бізде саясат… саяси технологияға айналып кетті. Билік осы екеуін шатастырып жүр», — деп едім. Ол сөзімді Сіз президентке жеткіздіңіз бе, жоқ па, айтпадыңыз. Өкініштісі сол, осы уақыт ішінде көп нәрсе өзгере қоймады…
Сөз жоқ, билік орнықтырып жатқан «Тәртіп пен Заң» қағидаты өзекті. Тәуелсіздігімізге іштен де, сырттан да қауіп төніп тұрғаны рас. Бірақ мәселенің екінші жағы бар: артық қыламыз деп, тыртық қылмайық, яғни тәртіп пен заңды орнатамыз деп, ежелден келе жатқан Дала Демократиясына, Сөз бостандығына, биліктің барлық органдарына (ауыл әкімінен бастап президентке дейін!) сындарлы да орынды сын, балама пікір мен ұсыныс айта алу қақымызға обал жасап алмайық!
Мәселен, мен де ескі Қазақстан тарапынан саяси реванш қаупі бар деп ойлаймын. Алайда, ол кертартпа, регрессивті күштер мен ел ішіндегі мемлекет пен ұлттың мүддесін жоғары қойып, билікке сын, балама пікір айтып жүрген адал күштер мен азаматтарды шатастыруға болмайды. Ол екеуі – екі бөлек нәрсе!
Бір нәрсе анық: Жаңа, Әділетті Қазақстан ескі Қазақстанның кемшіліктерін қайталамауы керек.
Өкініштісі сол, көп жағдай өзіміз бастан өткерген сол келеңсіз кезеңді еске салады. Мәселен, биліктің кез келген бастамасын қоғам тайлы тұяғымен, бөркін аспанға лақтырып, қолдап жатыр деген идеологема. Президент Тоқаевтың өзі «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт», «еститін мемлекет» деген өте-мөте орынды әрі өзекті қағидаттарды ұсынды емес пе? Алайда ол құндылықтар толықтай өмір заңына айналды деп сенімді түрде айта аламыз ба? Қайдам…
Міне, осы және басқа да кемшіліктер қайталанбау үшін Жаңа Қазақстан құрылысшылары үш жылдай қызмет атқарып, құрамы біршама плюралистік болған, қоғам мен билік арасында алтын көпір болуға талпыныс жасаған Мәжілістің Қоғамдық Палатасының тәжірибесінен тағылым алса, артық болмас еді.
Әміржан ҚОСАН,
Kүні бүгінге дейін Мәжіліс Қоғамдық Палатасының мүшесі
abai.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!