Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәжілістен Халық Кеңесіне келген Ерлан Қошанов кім?

24.09.2026, 9:50 156

Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің тұңғыш төрағасы болып сайланды. Оның кандидатурасын Кеңестің алғашқы сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Дауыс беруге 121 мүше қатысып, 120 адам Қошановты қолдаған, бір адам қалыс қалған. Қарсы дауыс болмаған. 

Мемлекет басшысы Халық Кеңесін басқару елге танымал, халық пен биліктің арасын жалғай алатын тәжірибелі азаматқа жүктелуі қажет екенін айтты. Тоқаев Ерлан Қошановты «жауапкершілігі жоғары, білікті, тәжірибесі мол тұлға» деп сипаттады. Президент оның мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек еткеніне, Мәжіліс төрағасы кезінде реформаларды заңнамалық тұрғыдан іске асыруға қатысқанына тоқталды. Тоқаев Қошановтың жаңа қызметінде қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосатынына сенім білдірді. 

Ерлан Қошанов 1962 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 1984 жылы Қарағанды политехникалық институтын, кейін Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын Жезқазған кен-металлургия комбинатының байыту фабрикасында слесарь болып бастап, кейін шебер қызметіне көтерілген. 

1988 жылдан бастап қоғамдық және мемлекеттік қызметке ауысты. Алдымен Жезқазған облыстық жастар ұйымында еңбек етті. 1990–1995 жылдары облыстық сыртқы экономикалық байланыстар комитетінде жетекші маманнан комитет төрағасына дейінгі қызмет жолынан өтті. 

1995 жылы Қошанов республикалық саясатқа келіп, Парламент Сенатының депутаты болды. 1999–2001 жылдары Үкіметтің Парламенттегі өкілі қызметін атқарды. Кейін Премьер-министр Кеңсесі басшысының орынбасары әрі Үкіметтің Парламенттегі өкілі болды. 2003–2006 жылдары Көлік және коммуникация вице-министрі, одан кейін Азаматтық авиация комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 

2007 жылы ол қайтадан Үкімет аппаратына оралды. Бес жыл бойы Премьер-министр Кеңсесі басшысының орынбасары болды. 2012 жылы Премьер-министр Кеңсесінің басшысы қызметіне тағайындалып, бұл лауазымда 2017 жылға дейін отырды. 

2017–2019 жылдары Ерлан Қошанов Қарағанды облысының әкімі болды. Одан кейін Астанаға ауысып, Президент Әкімшілігін басқарды. Бұл қызметті 2019 жылдан 2022 жылдың басына дейін атқарды. 

2022 жылғы 1 ақпанда Қошанов Мәжіліс төрағасы болып сайланды. Сол жылдың сәуірінде «AMANAT» партиясының төрағасы болды. Мәжілісті басқарған жылдары ол Парламенттегі заң шығару жұмысына және саяси реформаларды заңнамалық тұрғыдан рәсімдеуге жетекшілік етті. 

Қошановтың мемлекеттік қызметтегі жолына қарасақ, ол өндірістегі қарапайым жұмысшыдан Сенат депутатына, Үкімет аппаратының басшысына, облыс әкіміне, Президент Әкімшілігінің басшысына және Мәжіліс төрағасына дейін көтерілген. Енді оның қызмет жолындағы келесі кезең Қазақстан Халық Кеңесімен байланысты болмақ. Кеңес Конституция бойынша халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган саналады. Оның заң жобаларын Құрылтайға енгізуге және жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқығы бар. 

Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында Қошанов жаңа органның алдында оның мазмұнын нақты істермен толықтыру міндеті тұрғанын айтты. Кеңес мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам, мәслихаттар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы тұрақты диалог алаңына айналуы тиіс. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: