Мемлекеттік қызмет – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін және қоғамның күнделікті өмірімен тығыз байланысты маңызды сала. Мемлекеттік қызметшінің әрбір шешімі, азаматпен қарым-қатынасы және қызметтік міндетін орындауы қоғамның мемлекеттік органдарға деген көзқарасына әсер етеді. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің кәсіби білімі мен тәжірибесімен қатар, оның қызметтік әдебі мен адамгершілік қасиеттерінің маңызы зор.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді. Кодекстің негізгі мақсаты – қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту, мемлекеттік қызметтегі қарым-қатынас мәдениетін арттыру, парасаттылық атмосферасын қалыптастыру және әдепсіз мінез-құлықтың алдын алу. Оның талаптары барлық мемлекеттік қызметші үшін міндетті.
Мемлекеттік қызметші ең алдымен халықтың және мемлекеттің мүддесіне қызмет етуі тиіс. Адал ниеттілік пен адалдық қызметтік міндеттерді сапалы әрі жауапкершілікпен орындаудан көрінеді.
Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделетіні көрсетілген. Бұл қағидаттар мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысында нақты әрекеттер арқылы жүзеге асуы қажет.
Мысалы, азаматтың өтінішін қарау кезінде мемлекеттік қызметші мәселені формалды түрде ғана орындамай, оның мәніне назар аударып, заң аясында түсінікті әрі нақты жауап беруге ұмтылғаны жөн. Бұл – халыққа қызмет көрсету мәдениетінің маңызды көрсеткіші.
Мемлекеттік қызметшінің шешімі жеке таныстыққа, әлеуметтік жағдайға немесе қандай да бір сыртқы ықпалға тәуелді болмауы керек. Әділдік – әрбір азаматқа заң талаптары шеңберінде тең қарауды білдіреді.
Мемлекеттік қызметшінің сөйлеу мәдениеті, өзін-өзі ұстауы, азаматты тыңдай білуі және мәселені түсіндіруі ерекше маңызды.
Сыпайылық – тек әдепті сөз қолдану емес. Ол азаматтың пікіріне құрметпен қараудан, сабырлы болудан және күрделі жағдайларда да кәсіби мәдениетті сақтаудан көрінеді.
Мемлекеттік қызметшінің қарапайым ғана жылы сөзі немесе мәселені мұқият тыңдауы азаматтың мемлекеттік органға деген оң көзқарасын қалыптастыруы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, қызметтік әдеп – халықпен тиімді қарым-қатынастың маңызды құралы.
Қазіргі қоғам мемлекеттік органдардың жұмысына ашықтық пен жауапкершілікті талап етеді. Мемлекеттік қызметші өз қызметінің заңдылығы мен негізділігіне жауап бере отырып, азаматтарға қажетті ақпаратты заңда белгіленген тәртіппен түсінікті түрде жеткізе білуі керек.
Ашықтық мемлекеттік органның қоғаммен өзара байланысын нығайтады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметші қызметтік ақпаратты қорғау талаптарын да сақтауы тиіс. Яғни ашықтық пен құпиялылық талаптарының ара-жігін дұрыс ажырату – кәсіби мәдениеттің маңызды бөлігі.
Мемлекеттік қызметшінің әдебі тек азаматтармен қарым-қатынаста ғана емес, әріптестерімен өзара байланыста да байқалады. Ұжым мүшелері бір-бірін құрметтеп, кәсіби пікір алмасу кезінде әдеп нормаларын сақтауы қажет.
Жұмыс орнында дөрекілікке, кемсітуге, орынсыз дау-жанжалға және әріптестің абыройына нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеу маңызды. Өзара сыйластық қалыптасқан ұжымда еңбек өнімділігі де артып, қызметтік міндеттерді орындауға қолайлы жағдай жасалады.
Әрбір мемлекеттік қызметші өз міндетін адал атқарып, азаматтарға құрметпен қарап, әділ әрі объективті шешім қабылдауға ұмтылғаны жөн. Кәсібилік пен әдептілік қатар жүрген жағдайда ғана мемлекеттік қызмет халықтың сеніміне ие болып, қоғам игілігіне тиімді қызмет ете алады.
Сондықтан мемлекеттік қызметтегі әдептің басты мәні – «халыққа қызмет ету» қағидатын күнделікті жұмыста нақты іс-әрекетпен көрсету. Әдепті мемлекеттік қызметші – өз міндетін заң талаптарына сай орындап қана қоймай, әрбір азаматқа құрметпен қарайтын, жауапкершілікті сезінетін және мемлекеттік қызметтің абыройын жоғары қоятын тұлға.
Б.Сарсенбаева,
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!