Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қош бол, Нұр-Сұлтан!

22.09.2022, 11:40 669

Жақында Астана қалалық мәслихатында өткен қоғамдық тыңдауға қатыстым. Күн тәртібіне Нұр-Сұлтан қаласының атауын «Астанаға» ауыстыру шығарылды. Басқосуда ел ағалары мен зиялылар сөз алып, өз ойын ортаға  салды.

Сонда белгілі ғалым Кәрімбек Құрманәлиев: «Ел ішінде елорданың атауын өзгерту мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Алыс-жақын шет елдерге жиі барып, ғылыми конференцияларға қатысамыз. Жалпы елдің азамат­тарынан бөлек шетелдіктер де Қазақстан дегенде «Астана» атауын жақын қабылдайды. «Астана – әлемдік бренд!» деуге толық негіз бар», – деген  уәжін  білдірді.

Одан бөлек қаншама азамат Астана туралы па­йым-пікірлерін білдіріп, жаңалықты  жақтап, қолдайтынын  білдірді.

Жаңа бағытқа бет алған елде халықтың үніне құлақ асып, талап-тілегін ескеру тиіс. Астананың қайта келуін сондай жақсылыққа бала­дық.

Ұлттық ұғымда астана деген – елдің негізгі ордасы орналасқан жер, елдің саяси-мәдени орталығы дегенді білдіреді. «Астана» – елдік мұратты шындыққа айналдыру жолында тірек болатын  орталық.

Әйгілі ақын Қалқаман Сарин:

«Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,

Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған» дегенінің мәні  осында.

Жалпы, әлем елдерінде астананы бір жерден екінші жерге, бір атауды екіншіге ауыстыру тәжірибесі бар. Атап айтсақ, Ресей, Түркия, Аустралия, Үндістан, Пәкістан, Бразилия, Германия, Малайзия ел орталығын саяси, экономикалық мәселеге байланысты өзгерткенін жақсы білеміз. Мәселен, Ресей 1712-1918 жылдары орталық еткен Санкт-Петербургтің атын қаншама рет өзгертіп, біресе Петроград, біресе Ленинград деп атаған. Ал, 1918 жылдан бері Мәскеу­ді саяси орталығы етті. Пәкістан үкіметі астанасын оңтүстіктегі Карачи қаласынан елдің солтүстігінде Исламабадқа көшіру  тура­лы  шешім қабыл­дады. Бұған басты себеп қала халқының тығыздығы, теңіз жаға­лауы мен әскери қаланың қасында орнала­суы болды. Ал, Бразилияның астанасы Рио-де-Жанейродан Бразилиаға 1961 жылы ауыс­тырылды. Бұл маңызды оқиға қала халқының ты­ғыздығы және астананың елдің басқа бөліктерінен алыс болғанымен байланыстырылды. Әрине бұдан бөлек  те  дерек-дәйек  көп.

Біздің айтпағымыз бұл емес, әр ел өзінің саяси ұс­танымы, әлеуметтік бағытына қарай ел орталығын ауыстырып, тіпті атауын өзгер­тіп отыруы – жиі кездесетін  құбылыс.

Нұр-Сұлтанның  Астана­ға ауысуын  сондай  жағдай ретінде қабылдаймыз.  О баста халық арасында ел­орданың  атауы өзгергенін қолдамайтын, тіпті қарсы азаматтар көп болды. Ел­ордада митингке шыққаны белгілі.

Президент Қасым-Жома­рт Тоқаев саяси реформалардың бастауын халықтың үніне құлақ асудан бастап, келесі қадам – кезектен тыс президенттік сайлау өткізіп, одан кейін парламент және мәслихат депутаттарының сайлауын өткізіп, жаңа үкімет жасақтап, бір-екі жылда Жаңа Қазақстанның жаңа келбетін қалыптастыруды мұрат етіп  отырғандай.

Ендеше, Астана – Жаңа Қазақстанға бетбұрысының бастамасы  деп  қабыл­дайық!

Қош  бол,  Нұр-Сұлтан!

Қайырлы  бол,  Астана!

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: